$ 462.3  538.07  5.41

Тоқаев Құрылтай депуттарына маңызды міндеттер жүктеді

Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Құрылтай жұмысының басталуы мемлекеттік басқару жүйесіндегі іргелі институционалдық өзгерістерге жол ашады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы Ақорда хабарлады. 
Президенттің айтуынша, Құрылтай билік жүйесін қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады.

— Атап айтқанда, Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері Құрылтайдың келісімімен тағайындалады. Депутаттар Президенттің ұсынуы бойынша Жоғарғы сот судьяларын сайлайды және қызметінен босата алады. Құрылтайға Конституциялық сот пен Жоғарғы сот судьяларын, сондай-ақ, депутаттарды құқықтық иммунитеттен айыру құзыреті берілген, — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев Бұл туралы бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясында.

Құрылтай Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджет туралы есептерін бекітеді, Конституциялық соттың жыл сайынғы жолдауын тыңдайды.

Бұдан бөлек, депутаттар Үкіметке сенімсіздік білдіруге, Президентке Үкіметтің жекелеген мүшелерін қызметтен босату туралы ұсыныс білдіруге құқылы.

— Бір сөзбен, Құрылтайға атқарушы және сот билігін қалыптастыруға, ел тағдырын айқындайтын стратегиялық маңызы бар мәселерді шешуге қатысты аса ауқымды құзырет берілді. Біз, осылайша, заң шығарушы органның ықпалын едәуір күшейттік. Бұл — билік тармақтары арасындағы өзара теңгерім жүйесі нығая түседі деген сөз, — деді Мемлекет басшысы.

Жалпы, мемлекеттік және қоғамдық институттарды жүйелі түрде жаңғырту жұмысы жыл соңына дейін жалғасатын болады.

Мемлекет басшысы Құрылтайдың алдында тұрған бірқатар маңызды міндеттерге тоқталып өтті. 

«БІРІНШІ. Жаңа Конституция нормаларын ескере отырып, еліміздің заңнамасына түзетулер енгізу қажет.   Жаңа конституциялық жүйеге өту барысында бұрынғы Парламент негізгі билік институттарының қызметін қамтамасыз ететін бірқатар маңызды заңдарды қабылдады.   Енді Құрылтай әр салаға қатысты заңнаманы мұқият саралап, олардың Конституция қағидаттарына сай болуын қарауы керек.

ЕКІНШІ. Құрылтай заң шығару үдерісінің тұрақтылығы мен сапасын қамтамасыз етуі керек.   Бұған дейін Сенат Мәжіліс қабылдаған заңдардың Конституцияға сәйкестігін, құқықтық тұрғыдан дұрыстығын, нормалардың өзара үйлесімділігін тексеріп отырды.   Бұл жұмысты жандандыру қажет»-деді, Тоқаев. 

Мемлекет басшысы заң шығару ісі аса жауапты жұмыс екенін атап өтті. Оның айтуынша, заңдар әділетті, халыққа түсінікті әрі заман талабына сай болуы керек. Әр заң нормасы мұқият қаралып, жан-жақты талқылануы қажет.

Президент заң шығару сапасын арттыру үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануды ұсынды. Сонымен қатар озық технология кәсіби құқықтық сараптаманы алмастыра алмайтынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Е-Parliament» ақпараттық жүйесі әзірленіп жатқанын жеткізді. Жүйенің негізгі мақсаты – цифрлық қызметтерді бір платформаға біріктіру және өзекті мәселелерді заң арқылы алдын ала реттеуге мүмкіндік беру.

Мемлекет басшысы Құрылтайдың қоғамдағы маңызды мәселелерге дер кезінде үн қататын жалпыұлттық диалог алаңына айналуы керектігін атап өтті. Депутаттар өз жұмысында заңдылық, ашықтық, өзара сыйластық және пікір алуандығы қағидаттарын басшылыққа алуы тиіс. 

«ҮШІНШІ. Депутаттар бірінші сессияда бірқатар маңызды заңдарды қабылдауы қажет.   Мен осы жылы жасанды интеллектіні орта білім беру саласына енгізу, цифрлық активтер индустриясын дамыту, Digital Qazaqstan стратегиясы туралы бірқатар Жарлық шығардым. Үкімет осы бағыттар бойынша қажетті заң жобаларын әзірлеп, Парламентке ұсынады.   Тағы бір мәселе. Біз елімізге кәсіби тұрғыдан жоғары білікті мамандарды, заманауи технологияларды және шетел капиталын көптеп тарту үшін жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз. Бұл іске тың серпін беру үшін «Алтын визаны» енгізудің маңызы зор.   Сонымен қатар еліміздің көші-қон саясатын жетілдіру қажет. Үкімет тиісті заң жобасын Құрылтайға жолдауы керек. Депутаттарымыз оны тезірек қарағаны жөн болар.   Биыл Үкімет «Кітапхана және баспа ісі туралы» заң жобасын да әзірлеп, Құрылтайға енгізуі қажет. Бұл – ұлтымыздың зияткерлік әлеуетін нығайту үшін қажетті құжат.   Бұдан бөлек, мен таяуда «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу жөнінде тапсырма бердім.   Бұл мәртебелі марапаттар ұлт мәдениетіне қалтқысыз қызмет етіп, соның ішінде музыка және бейнелеу өнерін дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарға беріледі. Енді осы бастаманың заңнамалық негізін қалыптастыру қажет»-деді, Президент. 

 

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0