$ 456.56  530.52  5.28

«Вице-президент үшінші президент болуы мүмкін»: Асхат Асылбеков Ерлан Қарин туралы айтты (ВИДЕО)

Асхат Асылбековтің айтуынша, вице-президент лауазымының қайта енгізілуі – Қазақстандағы жаңа саяси оқиға.

Қоғамдық-саяси қайраткер, журналист Асхат Асылбеков журналист Жамбыл Зейноллаға сұхбат беріп, елдегі саяси және экономикалық жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Сұхбат барысында ол Ерлан Қариннің вице-президент болып тағайындалуы оның келешекте Мемлекет басшысы болуы мүмкін екенін білдіре ме, сондай-ақ Қазақстанда 9-10 миллион адамның банкке тәуелді болуының себебі неде деген секілді бірқатар саяси және әлеуметтік мәселеге жауап берді.

Асхат Асылбековтің айтуынша, вице-президент лауазымының қайта енгізілуі – Қазақстандағы жаңа саяси оқиға.

«Қазақстанда 95-ші жылдан бастап екі палаталы парламент болды. Енді 30 жылдан кейін қайтадан вице-президент лауазымы қайтарылып жатыр. Ол өте үлкен әрі дұрыс қадам деп ойлаймын. Себебі, Президентке көмекші керек. Екінші адам керек. Вице-президент үшінші президент болуы мүмкін, ол рас. Бірақ автоматты түрде болады деп айтуға болмайды. Өйткені, вице-президент сайланбайтын адам. Оны Тоқаев тағайындайды. Бірнеше жылдан кейін Тоқаев сайлана ма, ешкім білмейді. Жаңа Конституциялық сот сондай мүмкіндік беріп отыр. Екіншіден, ол уақытқа дейін Қаринді алып, басқа адамды тағайындау мүмкін. Барлығы сынақ қой», – деді ол.

Сонымен қатар қоғам қайраткері Ерлан Қариннің қазіргі қызметіндегі нәтижесі оның болашақтағы рөліне әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.

«Осы уақытқа дейін жақсы жұмыс жасады. Президентке ұнаған соң тағайындап отыр», – деді Асхат Асылбеков.

Журналистің айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстандағы экономикалық және саяси жағдай да өзгерген. Осыған байланысты ол билік өкілдері сыртқы сауда мәселесінде өз талаптарын күшейтуі керек деп есептейді.

«Менің ойымша Тоқаевта, үкімет адамдары да барлығы Путинге талап қоюы қажет. Біздің экономикалық пайызымыз 4 емес, 15-20-ға дейін көтеріңдер. Қырғызстанда талап ету қажет. Қазіргі уақытта көп тауар өтіп жатыр. Бірақ пайыздары сол бұрынғы қалпында өте төмен. Тауарлар саны өте қатты өсті», – деді ол.

Асхат Асылбеков сондай-ақ Қазақстанның қазіргі экономикалық жағдайына тоқталып, халықтың шетелден тауар сатып алуы сол мемлекеттердің экономикасын дамытуға әсер етіп отырғанын айтты.

«Барлығы импорт. Микрофон, стол барлығын неге өзіміз шығармаймыз? Мұның барлығы мұнай ақшасы. Егер мұнайымыз бітсе кедейленеміз», – деді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0