16.09.2026, 21:20

Арман Қырықбаев Оңтүстік Кореяда мемориалдық кешенге барды

Фото: Ақорда

Сапар соңында Арман Қырықбаев құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды. 

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Арман Қырықбаев Тэджондағы генерал Хон Бом До жерленген мемориалдық кешенге барды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Тэджон қаласындағы мемориалдық кешенге барды. Қырықбаев ел тәуелсіздігі жолында күресіп, Отанын қорғауға ғұмырын арнаған жандарға құрмет білдіріп, мемориалға гүл шоғын қойды. Бұл мемориалдық кешенде 150 мыңға жуық адам мәңгілік тыныс тапқан. Генерал Хон Бом Доның есімі Қазақстан мен Кореяны байланыстыратын ортақ тарихта айрықша орын алады. Ол өмірінің соңғы жылдарын Қазақстанда өткізіп, Қызылордада жерленген еді. 2021 жылы Қазақстанның қолдауымен оның сүйегі атамекеніне жеткізіліп, Тэджонда қайта жерленді. Сапар соңында Арман Қырықбаев құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды. Мемориалдық кешендегі бұл рәсім екі елдің тарихи мұрасына деген құрметті айғақтап, Қазақстан мен Корея арасындағы байланысты одан әрі нығайтудың маңызын көрсетті.