$ 444.58  510.29  5.27

Арман Қырықбаев қазақстандықтарды кітап оқу марафонына қатысуға шақырды

Министрдің айтуынша, бұл бастама бірнеше жылдан бері жүзеге асып келеді. 

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «зерделі ұлт» қалыптастыру бастамасы аясында кітап оқу марафоны жарияланғанын айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Министрдің айтуынша, бұл бастама бірнеше жылдан бері жүзеге асып келеді. Бұған дейін Астана, Қарағанды және Шымкент қалаларында ұйымдастырылған марафондарға 180 мыңнан астам адам қатысқан.

Биыл кітап оқу марафоны алғаш рет еліміздің барлық өңірін қамтиды. Оған студенттер, оқушылар, педагогтер, мемлекеттік қызметкерлер, зиялы қауым өкілдері және отбасыларымен бірге кез келген оқырман қатыса алады.

Арман Қырықбаев қоғамның кітап оқуға деген қызығушылығы жоғары екенін атап өтті. Оның сөзінше, кітап оқу платформасына бүгінде 1 миллионнан астам оқырман тіркелген.

«Құрметті қауым! Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың зерделі ұлт қалыптастыру бастамасына баршамыз атсалысайық!» – деп жазды министр.

Марафон 2026 жылғы қыркүйек пен 2027 жылғы сәуір аралығында қазақ және орыс тілдеріндегі екі лигада ұйымдастырылады.

Жоба 7 бағытты қамтиды:

  • «Кітап оқитын мектеп» — 6–10 сынып оқушылары;
  • «Кітап оқитын колледж» — колледж студенттері;
  • «Кітап оқитын университет» — жоғары оқу орындарының студенттері;
  • «Кітап оқитын педагог» — мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары;
  • «Кітап оқитын әулет» — отбасылық командалар;
  • «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» — мемлекеттік қызметшілер;
  • «Кітап оқитын зияткер» — жасына және қызмет саласына шектеу қойылмайтын барлық азаматтар.

Қатысушылар 15 кітап оқуы керек

Марафонға қатысушылар арнайы іріктелген 330 кітаптан тұратын қордан 15 кітап оқуы қажет. Кітаптар қазақ және орыс тілдерінде ұсынылған. Тізімге отандық авторлардың шығармалары, әлем классикасы және заманауи әдеби туындылар енгізілген.

Негізгі оқу кезеңі 2026 жылғы қыркүйектен 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады. Осы уақытта қатысушылар кітаптарды оқып, жеке кабинеттерінде өз пікірлерін жариялайды.

Ал 2027 жылғы наурыз–сәуір айларында қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер өткізіледі.

Жеңімпаздарға 600 мың теңгеге дейін сыйлық беріледі

Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар қарастырылған:

  • 1-орын — 600 000 теңге;
  • 2-орын — 450 000 теңге;
  • 3-орын — 300 000 теңге.

Барлық финалист дипломдармен және электронды сертификаттармен марапатталады.

Марафонға қатысу ережелері, бағыттар бойынша регламенттер және кітаптар тізімі «Кітап оқитын ұлт» жобасының ресми сайтында жарияланған: www.reading-nation.kz.

Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Тегтер:

#министр