Президенттің айтуынша, инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту аясында ондаған мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі кадр тапшылығы және жұмысшы мамандықтарға сұраныс мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Президенттің айтуынша, инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту аясында ондаған мың жаңа жұмыс орны ашылады. Ал 2035 жылға дейін Қазақстанға 2,9 миллион маман қажет болады. Оның ішінде 1,8 миллионы – жұмысшы мамандар.
«Болжам бойынша 2035 жылға дейін елімізге 2,9 миллион маман, соның ішінде 1,8 миллион жұмысшы маман қажет. Кадр тапшылығы, әсіресе, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және ІТ саласында байқалмақ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазіргі таңда еліміздегі 763 колледжде 500 мыңнан астам студент білім алып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, ерте кәсіптік бағдар беруге және дуальді оқытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Сонымен қатар қажетті машықтарды меңгерген, бірақ салалық дипломы жоқ азаматтар кәсіби біліктілігін арнайы 22 орталықта растай алады.
Президент Астанада жүзеге асырылып жатқан «Joltap» жобасының тәжірибесін де атап өтті. Оның айтуынша, жоба бизнес өкілдерінің тікелей қатысуымен жұмысшы және цифрлық сала мамандарын қысқа мерзімде даярлауға бағытталған.
«Үш жыл ішінде 22 мыңнан аса адам білім алып, 60 пайызы жұмысқа орналасты, екі мыңға жуық жан жеке кәсібін ашты. Осы табысты тәжірибені барлық өңірге тарату қажет», – деді Президент.
Мемлекет басшысы әр азаматқа еңбек етуге, отбасын адал еңбекпен асырауға және елдің дамуына үлес қосуға мүмкіндік жасау ортақ міндет екенін атап өтті.
«Әр азаматтың өмірде өз орнын тауып, отбасын адал еңбекпен асырауына және Отанына пайдасын тигізуге жағдай жасау – ортақ міндетіміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.