$ 445.65  508.71  5.3

Мемлекет басшысы қазақ тілінің қоғамдағы орны туралы айтты

Мемлекет басшысы қазақ тілінің елді біріктіретін және мемлекеттілікті нығайтатын маңызды фактор екенін атап өтті. 

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында мемлекеттік тілдің қоғамдағы қолданысы мен ел бірлігі мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, қазақ тілі әкімшілік немесе саяси мәжбүрлеусіз кеңейіп, көпшіліктің тіліне айналып келеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

«Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздіктің белгісіне айналды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазақ тілінің елді біріктіретін және мемлекеттілікті нығайтатын маңызды фактор екенін атап өтті.

«Бұрын болжаммен, долбармен ғана айтылатын жағдай қазір шындыққа айналды. Қазақ тілі қандай да бір әкімшілік, тіпті саяси мәжбүрлеусіз өрісі кеңейіп, көпшіліктің тіліне айналды. Әсіресе, жастарымыздың қазақ тілінде еркін, сауатты сөйлейтіні қуантады», – деді Президент.

Сонымен қатар Тоқаев мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту басқа тілдерді шеттету дегенді білдірмейтінін айтты.

«Алайда бұл басқа тілдерден бас тарту керек дегенді білдірмейді, әрі оларды шеттетуге құқық бермейді», – деді ол.

Президент Конституцияда азаматтарды тіліне, тегіне, ұлтына, діни көзқарасына және басқа да белгілеріне қарай кемсітуге жол берілмейтінін еске салды. Оның айтуынша, қазақ тілін дамыту толеранттық пен өзара сенімге негізделген ортақ жұмыстың нәтижесі болуы керек.

Мемлекет басшысы әлеуметтік желілердегі арандатушылық әрекеттерге де назар аударды.

«Соған қарамастан ара-тұра кейбір тісқаққан арандатушылар әлеуметтік желіде ұлтараздықты қоздырып, әдейі отқа май құяды», – деді Тоқаев.

Оның айтуынша, мұндай әрекеттердің мақсаты – қоғамның тұрақтылығы мен ел бірлігіне нұқсан келтіру.

«Олардың көздегені біреу – қоғамды әлсіретіп, Қазақстанның Егемендігіне нұқсан келтіру, елді бірліктен айырып, бейбіт, алаңсыз өміріміздің астаң-кестеңін шығару», – деді Президент.

Тоқаев мұндай жағдайларға құқық қорғау органдары ғана емес, бүкіл қоғам қарсы тұруы қажет екенін атап өтті.

«Сондықтан құқық қорғау органдары мен тұтас қоғам бұған табанды түрде қарсы тұруы керек. Конституцияда бекітілген «Заң мен тәртіп» қағидатына сай әрекет етуіміз қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0