24.09.2026, 12:17

Президент өскелең ұрпаққа жағдай жасауға баса мән беруді тапсырды

Фото: Ақорда

Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке әкімдіктермен және тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында өскелең ұрпаққа ерекше көңіл бөлу қажет екенін айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Президенттің айтуынша, оқушылар мен студенттер сабақтан тыс уақытта спортпен айналысып, кітап оқып, жаңа білім игеріп, өз көкжиегін кеңейтетін пайдалы істермен шұғылдануы керек.

«Өскелең ұрпаққа айрықша назар аудару керек. Бұл да – Халық Кеңесінің міндеті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жастардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін кітапхана, музей, мектеп, Достық үйлері мен саябақтар сияқты қолда бар инфрақұрылымды барынша пайдалану қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар қоғамдық нысандардың санын арттыру маңызды екенін айтты.

Тоқаев бұл жұмыстар тек ірі қалалармен шектелмей, шағын қалалар, аудан орталықтары мен ауылдарды да қамтуы керек екенін жеткізді.

«Қоғамдық ортаның сапасы адамның тұрғылықты жеріне байланысты болмауға тиіс», – деді Президент.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке әкімдіктермен және тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Сонымен қатар Қазақстан Халық Кеңесіне мемлекет пен жекеменшік серіктестігі тетігін нақты істерде қолдану мәселесіне назар аударуды жүктеді. Президент мәдениет пен креативті индустрия саласындағы жобаларды ұзақ мерзім қаржыландыру үшін эндаумент қорлар туралы заңнамаға өзгерістер енгізу қажет екенін айтты.

«Басқаша айтқанда, біз азаматтарымыздың қоғам өміріне жан-жақты атсалысуына барынша жағдай жасауға тиіспіз. Өйткені үлкен өзгерістер кішкене қадамдардан басталады. Ұлт пен адами капиталдың жаңа сапасы дәл осылай қалыптасады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тегтер: Ақорда