24.09.2026, 12:50

Тоқаев мәслихаттарды мерзімінен бұрын тарату мәселесін көтерді

Фото: Ақорда

Президент қазіргі мәслихат депутаттарының басым бөлігі AMANAT партиясынан сайланғанын атап өтті. 

Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту үдерісінің қорытынды кезеңі болатынын айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Мемлекет басшысының сөзінше, қазіргі мәслихат депутаттары Конституция мен заңнамада белгіленген негіздер бойынша өкілеттігі тоқтатылғанға дейін өз қызметін жалғастырады.

«Қорытынды кезеңде барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы өтеді. Қазіргі жергілікті өкілді органдардың депутаттары Конституция мен заңдарда көзделген негіздер бойынша өкілеттігі тоқтатылғанға дейін өз қызметін жалғастырады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазіргі мәслихат депутаттарының басым бөлігі AMANAT партиясынан сайланғанын атап өтті. Оның айтуынша, партияның «Әділет» партиясына қосылуына байланысты тиісті заңдық рәсімдер аяқталғаннан кейін депутаттар корпусының басым бөлігінің легитимдігіне қатысты мәселе туындауы мүмкін.

Тоқаев мәслихаттар жергілікті тұрғындардың мүддесін білдіру, бюджеттерді бекіту және өңірлердің дамуын бақылау секілді негізгі міндеттерін толық орындауы қажет екенін айтты.

«Бір сөзбен айтқанда, олар жергілікті жердегі халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етуге белсенді атсалысуы қажет. Өкілді органдардың қызметі заңға сәйкес жүргізілуге тиіс», – деді Президент.

Мемлекет басшысы жақын уақытта Премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесін талқылайтынын мәлімдеді.

«Оның қорытындысы бойынша тиісті жарлыққа қол қоямын. Бұдан кейін Орталық сайлау комиссиясы алдағы сайлаудың күнін белгілеуі керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.