28.09.2026, 12:30

Тоқаев қазақ шахматшы қыздарын әлемдік олимпиададағы күмісімен құттықтады

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы шахматшы аруларымызға толайым табыс, зор денсаулық және бақ-береке тіледі. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқандта өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында екінші орын алған қазақтың шахматшы қыздарын құттықтады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Отандастарымыз әлемдегі ең мықты, әйгілі команда – Қытай құрамасына ғана есе жіберіп, үлкен нәтиже көрсетті.   Президент құттықтауында даңқты шахматшы Бибісара Асаубаева бастап барған Қазақстан құрамасы беделді турнирдің бірде-бір ойынында жеңілмегенін атап өтті.

Мұны шахмат сарапшылары үлкен жетістік ретінде бағалап отыр. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев біздің шахмат шеберлері өткен олимпиададағы табысты жолын жалғастырғанына назар аударды.

Қазақстан командасы сол кезде де екінші орынға табан тіреген еді. Бұл спортшыларымыздың деңгейі биік, талантты, еңбекқор екенін, сондай-ақ отаншылдықты нақты іспен дәлелдей алатынын көрсетеді.

Мемлекет басшысы шахматшы аруларымызға толайым табыс, зор денсаулық және бақ-береке тіледі.