29.09.2026, 14:35

Тоқаев Қазақ-герман инвестиция-қаржы платформасын құруды ұсынды

Фото: Ақорда

Президенттің айтуынша, аса маңызды материалдар саласындағы ықпалдастыққа ерекше мән берген жөн.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ-герман инвестиция-қаржы платформасын құруды ұсынды,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

– Мұндай платформа Еуропаның және Германияның капиталын Қазақстан тарапының қоса қаржыландыру, кепілдік беру және бірге тәуекел ету тетіктерімен ұштастырар еді. Ал «Бәйтерек» холдингі мақсатты жобаларды құрылымдау жағын қамтамасыз етеді. Біз елімізде жұмыс істеп жатқан халықаралық қаржы ұйымдарының қатарында экспортты кредиттеумен және инвестицияны сақтандырумен шұғылданатын германиялық институттар да болғанын қалаймыз. Бұл ретте Қазақстанда қызметін бастаған Euler Hermes компаниясымен ынтымақтастыққа айрықша маңыз артамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, аса маңызды материалдар саласындағы ықпалдастыққа ерекше мән берген жөн. Қазақстан Германияның Шикізатпен қамтамасыз ету қорымен ынтымақтастықты жолға қоюға мүдделі. Сондай-ақ UFK кепілдігін беретін шарттарға сай және Германия өнеркәсібіне қажетті шикізат жеткізуге септігін тигізетін жобаларды ілгерілету де – еліміз үшін маңызды. Бұдан бөлек, энергетика және өнеркәсіп секторын жаңғырту, соның ішінде жаңартылатын қуат көздері мен «жасыл» сутегі жобаларын дамыту аса өзекті. Еуропа инвестициялық банкі мен Қазақстан даму банкі Германия капиталының қатысуымен аталған салалардың бәрінде өзара тиімді ынтымақтастық құра алады.

Тегтер: Ақорда