$ 441.91 € 499.05 ₽ 5.3

«Нарыққа шығудың жолы әлдеқайда жеңілдеді»: Тоқаев креативті индустриядағы өзгерістерді атады

Мемлекет басшысы Astana AI Film Festival халықаралық байқауының талантты әрі мақсатшыл жандарға тың мүмкіндік сыйлап, әлемдік креативті индустрияны ілгерілетуге септігін тигізетініне сенім білдірді.

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жасанды интеллектінің тың мүмкіндіктері жастардың әлеуетін арттыруға жол ашады,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

– Қазіргі таңда шағын шығармашылық ұжымдар үлкен студиялармен бәсекелесе алады. Шығармашылық адамдары мен түсірілім топтары үшін фильм түсіруде продюсерлік компаниялардың табалдырығын тоздырып, демеуші іздеудің қажеті жоқ. Нарыққа шығудың жолы әлдеқайда жеңілдеді. Бұл бір жағынан бәсекелестікті арттырып, екінші жағынан талантты адамдардың өзін танытуына мүмкіндік береді. Осы оң өзгерістерді креативті қауымдастықты біріктіру жолында тиімді пайдалануымыз керек. Әрине, жасанды интеллект асқан дарын иесімен шендесе алмайды, дегенмен ғұмырын шығармашылыққа арнаған адамдар үшін таптырмайтын көмекші, – деді Президент.



Мемлекет басшысы Astana AI Film Festival халықаралық байқауының талантты әрі мақсатшыл жандарға тың мүмкіндік сыйлап, әлемдік креативті индустрияны ілгерілетуге септігін тигізетініне сенім білдірді.
 

– Астана төрінде осындай жаһандық ауқымдағы іс-шараның өтуі кездейсоқ емес. Қазақстан – жастардың елі, халқымыздың орташа жасы – 33 жас. Мен Қазақстан жастарын білімге ұмтылатын, жаңалыққа құштар, озық ойлы азаматтар деп санаймын. Жақынға да, алысқа да мейіріммен қарау, ешкімді бөліп-жармау – халқымыздың бойында бар асыл қасиет. Мұны әлем жұртшылығы да жақсы біледі және мойындайды деп ойлаймын. Мәселен, бүгінгі фестивальге әлемнің 125 елінен 8 мыңнан астам өтінім келіп түсті. АҚШ, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Индонезия, Жапония, Бразилия, Франция және өзге де ел азаматтары өз жұмысын жолдады. Осы тұста қазылар алқасының құрамында әлемге әйгілі өнер және технология саласының мамандары бар екенін айрықша атап өткім келеді. Мен бүгін баршаңызға ерекше алғыс айтамын. Осы байқаудың арқасында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, болашақта бірлескен жобаларды жүзеге асырады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Тегтер:

#Ақорда