$ 445.66  474.58  4.78

Елбасы «ССКӨБ» АҚ-ның 60 жылдығына арналған мерекелік шараға қатысты

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қостанай облысына барған жұмыс сапары аясында «ССКӨБ» АҚ-ның 60 жылдығына арналған мерекелік шараға қатысты, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдегендей, Рудный қаласының орталық стадионында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы қаланың барша тұрғындарын мерейтойлық мерекемен - Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі жұмысының 60 жылдығымен құттықтады.

Қазақстан Президенті өз сөзінде ССКӨБ дамудың даңқты жолынан өткенін айтты.

Мемлекет басшысы ССКӨБ-нің қалыптасуы мен дамуында оның негізін қалаған ардагерлердің еңбегі зор екендігіне тоқталды.

— ССКӨБ тарихы — бұл, ең алдымен, оның бастауында тұрған және кеншілердің жақсы дәстүрін сақтап келген адамдардың тарихы. Біз сіздермен бұрынғы Кеңес одағының республикалары арасындағы байланыстар үзілген қиын кезеңде жаңа тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолын бірге өткердік, — деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Тәуелсіздік жылдарында еліміздің экономикасына миллиардтаған инвестициялар тартылды, еліміз әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кірді. Қазақстанның экономикасы әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан экономикалардың бірі ретінде танылғанын еске салды.

Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде бұл кәсіпорын республиканың өнеркәсіптік өндірісіндегі көшбасшылардың бірі саналатынын, мұнда түбегейлі жаңғырту жүргізілгенін, кәсіпорында ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, жаңа жұмыс орындары ашылып жатқанын айтты.

— Бүкіл еліміз секілді ССКӨБ-нің де адамдар көкейіне ертеңгі күніне деген сенім ұялататын нақты жоспары бар, — деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы ССКӨБ ұжымының жаңа жетістіктерге жететініне сенімін білдірді.

— Біз барлық батыл армандарымызды бірге жүзеге асырып, Қазақстанды гүлденген мемлекетке айналдыра аламыз, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпорын жұмысшыларына бақ-береке және Қазақстанның өркендеуі жолында зор табыстар тіледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары