03.09.2014, 07:20

Украина Қазақстаннан газ сатып алу ұсыныстарын қарастыруға әзір

Сурет: tengrinews.kz

Қазақстан мен Украина арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас бұзылғанымен, Украина елімізбен әріптестігін нығайтуға мүдделі. Әсіресе шешімін таппай қойған газ мәселесі мен Қазақстанда салынатын атом электр стансасының құрылысына да ат салысуға қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы Украинаның Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Юрий Лазебник Астана арнасына берген эксклюзивті сұхбатында айтты.

— Қазір Батыс Еуропадағы әріптестермен келіссөздер жүріп жатыр. Және жақын арада бұл жобалар жүзеге асады. Бізге газды Ресейден гөрі Батыс Еуропадан жеткізу арзанға түсіп отыр. Украина кез келген елден газ сатып алу ұсыныстарын қарасытыруға әзір. Оның ішінде Қазақстаннан алуға да мүдделіміз, — деді Украинаның Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі.

Екі ел арасындағы тауар айналымы да күрт төмендеп кеткен. Мәселен, өткен жылдың соңында бұл көрсеткіш 4 млрд доллардан асса, алғашқы жарты жылдықта тауар айналымы 50 пайызға құлдыраған. Ал Украина кәсіпкерлері бізге инвестициясын әкелуге дайын отырған көрінеді. Әсіресе технологиялық бағытқа қаржы құйып, бірлескен өндіріске ынталы дейді елшілік өкілдері.