ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов бастаған қазақстандық делегация 1-3 қыркүйек аралығында БҰҰ қамқорлығымен Самоада өтіп жатқан Шағын дамушы аралдық мемлекеттер жөніндегі үшінші халықаралық конференцияға (SIDS) қатысуда, деп хабарлайды Skifnews.kz.
ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, Шағын аралдық мемлекеттер алдында тұрған мәселелерді кешенді шешу жолдарын табуға бағытталған бұл іс-шараға БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, әлемнің барлық континентінен 100-ден аса мемлекеттердің басшылары мен үкімет басшылары қатысуда.
— Қазақстан конференция мақсаттары мен мазмұнында аталған мемлекеттердің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық қауымдастықтың нақты шаралары белгіленген қорытынды құжатының жобасын толығымен қолдайды, — деді Е.Ыдырысов конференция барысында сөйлеген сөзінде.
Конференция аясында Қазақстан Сыртқы істер министрінің Австралия, Вануату, Кабо-Верде, Комор аралдары Одағының, Микронезия, Палау, Соломон аралдарының, Самоа Тәуелсіз мемлекетінің, Шығыс Тимора және басқа да мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың делегация жетекшілерімен кездесуі болып өтті.
Кездесулер барысында екіжақты ынтымақтастық мәселелерімен қатар, Қазақстанның маңызды сыртқы саяси бастамалары - 2017-2018 ж.ж. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелікке еліміздің кандидатурасын алға тарту және ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру шеңберіндегі өзара ықпалдастық болашағы талқыға салынды. Қазақстан мен БҰҰ Азия мен Тынық мұхит елдері үшін экономикалық және әлеуметтік комиссия бағдарламасы (ЭСКАТО) бірлесе отырып, Азия-Тынық мұхит өңірінің тоғыз аралдық мемлекеттеріне (Маршаллов аралдар, Микронезия, Науру, Палау, Папуа Новая Гвинея, Самоа, Соломонов аралдары, Тонга және Кирибати) ауылды жерлерде электр қуатын өндіру мақсатында биогаз жүйесін инсталляциялауға көмек көрсетуді қарастыратын ортақ жобаны іске асыру маңыздылығы аталып өтілді.