06.09.2014, 05:48

Назарбаев Түркияның бұрынғы президентінің әйеліне ым жасады

Сурет: youtube.com сайтынан скриншот

Аталған жайт Түркия Республикасының жаңа басшысын ұлықтау рәсімінде орын алды, деп хабарлайды Newtimes.kz.

Youtube видеохостингінде пайда болған бейнежазбада Түркия президенті Тайип Ердоғанның инаугурациясы өтіп жатады. Ресми шараның құрметті қонақтарының қатарында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та болып, инаугурацияны Гүл мен Ердоғанның жұбайларымен бір қатарда тамашалап отырады.

Бір сәтте бейнекамера Нұрсұлтан Назарбаевтың Абдулла Гүлдің әйеліне достық кейіппен ым жасағанын ұстап қалады. Артынша Елбасы Түркия экс-президенті Абдулла Гүлдің қолын қысады.

Айта кетейік, Түркияның жаңа президентін ұлықтау рәсімі 28 тамызда Анкарада өткен еді.

Сайлау қорытындысы бойынша, Ердоғанның президент болғанын халықтың 52 пайызы қолдайтын болып шыққан. 10 тамыздағы сайлау науқанының нәтижелері осындай. Ал, оппозиция тарапының бірлесе ұсынған кандидаты Экмелледдин Ихсаноглу жалпы дауыстың 38 пайызын еншілеген. Бұл екінші турға өту үшін жеткіліксіз болып қалды.

Осы жеңісімен Ердоған Түркия басшылығындағы орнын тағы да ұзарта түсті. Максималды мерзім —12 жыл бойы ол Түркия премьер-министрі болып қызмет атқарды. Ол уақыттарда президент тек ел атынан сөйлейтін өкіл ретінде болып еді. Ал, қазір Ердоған президент болуымен қатар, елдегі парламенттік басқару жүйесін өзгертіп, өзінің билігін арттыруға күш салуда.