$ 494.87  520.65  4.91

Қазақстанның бас идеологы кім?

Бүгінде Қазақстанның Хорватия Республикасындағы елшісі қызметін атқарып отырған Аслан Мусинді жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Осыдан бірер жыл бұрын «Еліміздегі басты идеолог кім?» деген сауалға кез-келген қазақстандық «әрине Мусин» деп жауап беретін. Расымен де солай болды. Кейбір деректерге сенер болсақ, биліктегі үлкенді-кішілі ауыс-түйістердің басым көпшілігі осы тұлғаның араласуымен орын алып отырған. Тіпті, саясаттанушылар арасында Мусин «қара кардинал», «Берия» деген лақап аттармен де есте қалған болатын. Дегенмен, 2012 жылы Аслан Есполлаұлы ҚР Президенті әкімшілігінің жетекшісі қызметінен босатылғаннан кейін оның ықпалы да тиісінше әлсіреп кетті. Қазір, тіптен шетел асып, елдегі саяси ахуалды Еуропада отырып бақылауға мәжбүр.

Осы тұста Мусиннің орнын кім басты деген тағы бір сауал ойландырады бізді. Яғни, дәл қазір еліміздегі №1 идеолог кім? Бұл сұраққа біз – журналистер түгілі менмін деген саясаттанушылардың өздері де нақты жауап бере алмасы анық. Өйткені, елдегі саяси тұлғалардың арасында суырылып көш бастап тұрған ешкім жоқ, барлығының деңгейі шамалас. Яғни, саяси элитаның арасында біршама теңдік орнаған.

Алайда, Аслан Мусин қызметтен кеткелі Қазақстанның «бас идеологы» мәртебесіне үміттеніп жүрген бірнеше тұлға бар. Солардың бірі – ҚР Президенті әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматулин. Ол бүгінде биліктегі «салмақты» тұлғалардың бірі дейді сарапшылар. Іс жүзінде қаншалықты салмақты екенін айту қиын, бірақ, ел есінде Нығматулин «Бәке, Жәкесімен» ғана қала білді десек артық айта қоймаспыз. Министрлер мен депутаттарға «қазақылықты қойыңдар» деген ол ақыры соңында ақталып, басылымдар арқылы бұл әрекетін түсіндіріп баққан болатын.

Жарайды, айтпағымыз Нығматуллиннің іскерлігі жайында емес. Жуырда біздің портал өз оқырмандары арасында «Қазақстандағы бірінші идеолог кім?» деген сұрақ төңірегінде сауалнама жүргізді. Дауыс бергендердің басым көпшілігі осы Нұрлан Нығматулинді таңдап отыр. Яғни, 400 респонденттің 112-сі (32,9%) ҚР Президенті әкімшілігінің жетекшісін Елбасынан кейінгі биліктегі екінші тұлға деп есептейді екен.

Бұл ретте Бағлан Майлыбаевты да айтпай кетуге болмайды. Ол ҚР Президенті әкімшілігі жетекшісінің ішкі саясат, идеология мәселелері бойынша орынбасары. Шындап келгенде Майлыбаевтың лауазымы «бірінші идеолог» атануға лайықты-ақ қызмет. Бірақ дауыс беруге қатысқандардың тек 21,2 пайызы ғана оның іскерлігін оң бағалады.

Ал, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің басшысы Ержан Бабақұмаров бұл тізімнің үшінші сатысында. Көпшілікке аса танымал болмағанымен БАҚ өкілдері оның есімін естігенде елеңдемей қоймайды. Ендеше, бүкіл қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарын бір орталыққа бағындыра білген тұлғаны Қазақстандағы негізгі идеологтардың бірі десек біз де қателеспеспіз. Өйткені, БАҚ-ты саяси қару деп алсақ, Бабақұмаров сол қарудың барлығын биліктің пайдасына жұмыс істетіп отырған бірегей тұлға.

Сауалнамаға қатысқан оқырмандар арасында «бір ауыз» қазақша білмейтін Астананың жаңа әкімі Әділбек Жақсыбеков пен «үлкен секіріс» жасаған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына дауыс бергендер де болды, бірақ көп емес.

Порталдың оқырмандарға ұсынатын келесі сауалнамасы төмендегідей:

Қазақ хандығы туралы сериял қандай болмақ?

1. Әлем кинематографиясының маржанына айналмақ;

2. Тарихи фильмдергеге пародия болмақ;

3. Ұлтаралық татулықтың гимні болмақ;

4. Министрлік Елбасыға жағыну жолдарын толық қарастырмақ;

5. Тарих жезөкшелігіне тағы да бір рет куә болмақпыз;

6. Сценарийі Мәскеудің цензурасынан кейін бекітілмек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары