$ 444.22  476.38  4.82

Минск-2 Путиннің тактикалық паузасы ма?

12 ақпанда Минск қаласында өткен  Нормандық төрттік кездесуінің нәтижесінде  Владимир Путин мен Петр Порошенко арасындағы келісім, Украинадағы соғысты тоқтатудың сүйінші хабары болып, жер жүзіне тарады. 16 сағаттық теке-тірес келісімдердің нәтижесінде Ресей және Украина президенттері 5000-нан астам адамның өмірін қиған жан-жақты қарулы қақтығыстарды толық тоқтатудың шарттары мен жолдарын шешкендей болды. Бірақ осыдан бір жыл бұрын қыркүйекте Белоруссия астанасында дәл осындай келісім жасалған еді, оның немен аяқталғаны жұрттың бәріне мәлім. Минск-2 келісіміне сенудің өзі күмән тудырады, себебі бұл мәселе бір ғана Путинның шешіміне байланысты болып отыр. Ол Украина және Батыс елдерімен шын достасқысы келе ме, міне, шешілмей келе жатқан барлық түйіткілдің түйіні осында жатыр. 

Келісімнің басты шарты 15 ақпанға қараған түнде, жылдан аса уақыт барша украин халқының төзімі мен намысын сынаған қақтығыстарды толық тоқтату. Келісім шарт бойынша Украина мен Ресейді жақтаушы қарулы күштердің араларын бөліп тұратын 140 шақырымға созылған демилитарлық аймақ болады (демилитаризованная зона).  Путин қақтығысты қайта жаңғырту үшін шиеліністі кез келген уақытта ушықтыратын себеп таба алатыны анық. Сол себепті әдеттегідей келісімде шешілмеген сұрақтар да қалды. Нақты айтсақ, келісім шарттың мәтінінде соғыс  тағы екі күн жалғасады, ауыр қарулар қақтығыс жерінен екі аптадан кейін ғана әкетіледі. Стратегиялық маңызы бар Дебальцевадағы украин әскерінің болашағы күрделі мәселе күйінде қалып отыр.

Екі жақ әскери қақтығысты тоқтатқанның өзінде де, болашақта толыққанды бейбітшілік орнатудың механизімін, әдістерін қарастыру Украина мен  Батыс елдерінің бас ауыртатын мәселелеріне айналады. Минск-2 кездесуінде соғысты тоқтату мақсатында Петр Порошенко Украина мүддесіне залалы тиетін   Мәскеудің талаптарын орындауға келісті. Мысалы, Луганск, Донецк облыстарына басқарушылық-билік құзіретін өз еріктеріне беруге, олардың өз милиция, сот жүйесінің болуына амалсыз келісімін берді. Киев кейбір аудандарының ерекшелігін ескере отырып, билігіне децентрализация (децентрализация власти) жасауға міндеттенді.

Ресей өз әскерінің Украина территориясында болғанын кеше де, бүгін де еш мойындамады (НАТО мәліметтері бойынша Украинада 8000-ға жуық Ресей әскері соғысып жатыр),  Минск-2 кездесуінде ол әскерлерді шығару және Ресеймен шекараны толыққанды Киевтің бақылауына алу  туралы сөз де қозғалмады. Әрине, шекарада бақылау болмағаннан кейін қару-жарақтар, зеңбіректер, соғысатын содырлар Ресейден емін-еркін  өтіп жатыр. Келісім шарт бойынша Ресей ұсынып отырған өзгерістер  Украинаның конституциясына енгізілсе, Украина шекарасын бақылауға 2015 жылдың соңында бақылауға ала алады. Міне, Петр Порошенко Минск кездесуінде осындай мәжбүрлі келісімдерге душар болды.

Екінші Минск кездесуі толық жұмыс істеуі үшін, Путин Украина мен Батыс елдерімен текетіресін тоқтатуы қажет. Батыс елдері Ресейге санкция жариялау арқылы қысымды күннен күнге күшейтуде, сондықтан болашақта бұл дағдарыстың тез шешілетініне менің күмәнім бар. Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары экономикалық кризисті батыс елдерінен көріп, ұлтшылдық, орыс шовинизімін үрлеп, бұл мәселені одан әрі ушықтыруда. Сондықтан Кремльдің  басшысы болашақта өзінің тәбетін тек Украинамен ғана қанағаттандыруы екіталай, келесі кезекте Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерін көзге басып отыруы  әбден мүмкін…

Украина дағдарысы басталғаннан бері жіті бақылап отырсақ, Путин көздеген мақсатына жету үшін өзінің саяси тактикасын талай рет өзгертті: бірде әскери дайындық өткізуін жиілетті, енді бірде әскерлерін шекараға шоғырландырып, Украинаны басып алуға дайын екенін көрсетсе, соңғы кезеңде дипломатиялық қадам жасап, таңырқата бастады.  Алайда Минск-2 бұл Путиннің тактикалық паузасы болып саналады.

Болашақта Минск-2 келісімі орындалмаса, Ресейге батыс елдері санкцияны күшейтіп, Украинаға қорғану, ұшу қару-жарақтарын берсе, Путиннің де қарап қалмасы анық Киевке соғыс жариялауы мүмкін. Осылайша үшінші дүниежүзілік соғыстың басталып кетпеуіне кім кепілдік бере алады?

Думан Көпбаев

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары