Еуразиялық экономикалық одақ 10 жыл да өмір сүре алмайды. Өйткені, оған мүше елдердің көшбасшылары әлемге деген көзқарасын ертелі-кеш өзгертеді. Танымал америкалық саясаттанушы Збигнев Бжезинский Газете.Ru тілшілеріне берген сұхбатында осылай дейді.
"Мен Еуразиялық экономикалық одақтың 10-20 жыл өмір сүретініне күмәнданамын. Әсіресе, оның көшбасшылары әлемге деген көзқарастарын өзгертсе бұл процесс жылдамдайды. Ресейдің Батыс Еуропа елдерімен қарым-қатынасы реттелген кезде, сондай-ақ, Ресей өзін еуразиялық емес, еуропалық мемлекет екенін мойындаған кезде ЕАЭО мүлдем қажет болмай қалады", – дейді саясаттанушы.
Айта кетейік, Еуразиялық экономикалық одақ идеясының авторы – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Ол 1994 жылы МГУ-де лекция оқып, еуразиялық елдердің одағын құруды ұсынған болатын. Араға 20 жылдай уақыт салып Елбасының бұл идеясы жүзеге асты.
"Назарбаев – Еуразиялық одақтың негізін қалаушы. Ол посткеңестік кеңістікте интеграциялық бірлестік құруды ұсынған болатын. Енді көшбасшылар не үшін әлемге деген көзқарасын өзгертуі керек деп сұрарсыздар. Айтайық Назарбаевты Қазақстанның ЕАЭО мүшесі ретінде егемендігінің бір бөлшегінен айрылуы қатты алаңдатады. Мәселен, 2013 жылдың өзінде Назарбаев Кеңестік одаққа мүше болғаннан Астананың ұтарынан ұтылатын тұстары көп деп айтып қалған еді", – деп жазады Газета.Ru порталы.
Еуразиялық экономикалық одақтың болашағына күмән тудыратын тағы бір дерек – Қытайдың Қазақстанға инвестицияны көбінен құюы, тіпті ресми Пекин Ресейдің өзіне мұншама көп мөлшерде инвестиция тартпаған.
Айта кетейік, Кедендік одақ пен Еуразиялық экономикалық одақтың ұзаққа бармайтынын Збигнев Бжезинский бұған дейін де бірнеше рет айтқан. 2012 жылы АҚШ конгресінде баяндама оқыған саясаттанушы ЕАЭО қатарына ТМД елдері қосылғысы келмейді деген еді. Алайда, сол уақыттан бері одақ қатарын Армения мен Қырғызстан толықтырды.