22.06.2017, 19:31

Қазақстандағы 90 мың мемқызметкердің 5 мыңы Алматыда жұмыс істейді

23 маусым – Мемлекеттік қызметкерлер күні. Осы атаулы мерекеге орай Алматы қаласы әкімдігі «Кәсіби мемлекеттік аппарат заманауи және табысты Қазақстанның негізі ретінде» деген тақырыппен дөңгелек үстел ұйымдастырды. Жиынға келгендер мемлекеттік қызмет пен қызметкерлер төңірегінде сөз қозғап, пікір алмасып, ұсыныстарын айтты.

Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Ерболатұлы Сыдықов: «Елімізде 90 мың мемлекеттік қызметкер бар. Ал оның 5 мыңы Алматы мегаполисінде еңбек етеді. Алматы бойынша бір қызметкерге 340-тан аса азаматтан келеді. Кез келген мемлекеттік қызметкердің міндеті – халық үшін қызмет ету. Мемлекеттік қызмет сапасын көтеру жайлы Елбасымыздың Ұлт жоспары ретінде атаған 5 институционалдық реформасында да айтылды. Сондықтан, мемлекеттік қызметкерлер өздеріне артылған жауапкершілікті толықтай сезінуі тиіс», - деп атап өтті.

Мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жетістіктер мен кемшін тұстар қатар айтылды. Сондай-ақ, мемлекеттік аттестациялау нәтижесінің қорытындысына да баға берілді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысы Шынарай Әлімхан өткен жылғымен салыстырғанда биыл мемлекеттік қызметкерлердің аттестацияны жақсы тапсырғанын атап өтті. Оған қоса, «Мемлекеттік қызмет жүйесін реформалау – бізге тапсырылған негізгі міндет. Кәсіби деңгейі жоғары мемлекеттік қызметкер – еліміздің негізгі қозғаушы күші болмақ. Жаңа заң аясында да бірқатар өзгерістерді жүзеге асыруға күш салып жатырмыз. Конкурстар әділ әрі ашық өтеді. Оны қоғамдық кеңес мүшелері бақылауда ұстайды. Мемлекеттік реформаларды халыққа түсіндіру жұмыстарында мемлекеттік қызметкерлер алда жүруге тиіс. Әрбір қызметкер кәсіби өсуді, дамуды ойлап, алға ұмтылуы шарт» деп мемқызметкерлер алдындағы міндеттерді тағы бір мәрте еске салды.

Қоғамдық кеңес мүшелері де ұсыныс айтудан тыс қалмады. «Мемлекеттік қызметкерлердің халыққа қаншалықты жақын? Екі ортада диалог бар ма? Осы сауалдар мазалайды. Оған қоса, мемлекеттік қызметкерлер тек орындаушы емес, жағдайды сараптай алатын менеджер бола білу керек. Себебі, оларға қойылар талап уақыт өткен сайын артып келеді. Тағы бір айтарым, аттестация кезінде оларға бір-бір сұрақтан қойылады. Осы дұрыс емес секілді. Адамды бір сұрақ арқылы танып білу мүмкін емес қой», - деді Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің хатшысы Алтынай Орманқалиқызы.

Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, заң ғылымдарының докторы Мұратжан Кәкімжанұлы мемлекеттік қызмет пен қызметкерлер жайлы жазылып, қорғалған диссертациялық жұмыстардың іс жүзінде қолданылмай жатқанына алаңдаушылық білдірді. «Біздің шәкірттеріміз жыл сайын өте маңызды тақырыптарда ғылыми жұмыс жазады. Шетелдік мемлекеттік қызмет жүйесін зерттеп, тың пікірлерін, ұсыныстарын айтады. Бір өкініштісі, олардың жұмысы шаң басып кітапханаларда сақталып тұр. Тәжірибе жүзінде пайдалана алмай жүрміз» деп осы мәселеге назар аударуды сұрады.

Шараны Алматы қаласының әкімдігі мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті, сонымен қатар, «Қоғамдық жоба» мекемесі ұйымдастырды. Ал жиынға мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар мен кәсіпорын өкілдері, БАҚ қызметкерлері қатысты. Дөңгелек үстел барысында жалпы 6 баяндама оқылды. Қатысушылар бір-біріне сұрақ қойып, өздерін мазалаған сауалдарға жауап алды.

Г.Сембиева