$ 447.4  477.55  4.76

«Алаш» - Қазақстан партиялық жүйесінің атасы

Қазақстанда партиялық жүйенің қалыптасу тарихы Ресейдің саяси өмірімен тікелей байланысты. Ол түсінікті де. Себебі Қазақстан 70 жыл Ресей империясының, кейін Кеңес үкіметінің боданында болды. Ресейдің өзінде партиялық жүйе басқа елдермен салыстырғанда өте кеш қалыптасты. Оның себебі – демократиялық процестерге кедергі болған монархиялық билік.

Ресейде ең бірінші болып қалыптасқан саяси институт – Ресей социал-демократиялық жұмысшылар партиясы (РСДЖП). Оның өзі де қызметін астыртын түрде жүргізді.

1905 жылы Ресей патшасының арнаулы манифесінен кейін ашық түрдегі партиялар қалыптаса бастады. Оның бірі – Конституциялық демократия (кадеттер) партиясы болды. Кадеттер партиясы мемлекеттік құрылысты демократияландыру, Ресейде тұратын ұлттардың еркін өздігімен дамуы, яғни ұлттық мәселені шешу, олардан тартып алынған жерлерді қайтып беру, құқықтық, әділетті тәртіпті, заңдылықты іске асыру идеяларын ұстанды. Әрине, «кадеттердің» бұл мақсаттары қазақ зиялыларын қызықтырмай қоймады. Әлихан Бөкейханов бастаған қазақтың бір топ зиялысы осы партияға мүше болып кірді. Кейін Ә.Бөкейхановтың бастауымен 1905 жылдың желтоқсанында Орал қаласында Қазақстанның 5 облысынан делегаттар съезі шақырылды. Бұнда «кадет» партиясының қазақ бөлімі құрылып, осы партияның бағдарламасы қабылданды. Бірақ Ресей кадет партиясы да, 1917 жылғы ақпан революциясынан кейін пайда болған Уақытша үкімет те қазақ халқына байланысты ұлт және жер мәселелерін шешуге мүдделі емес еді. Осының бәрі Ә.Бөкейхановты Кадет партиясынан шығып, жаңа қазақ партиясын құруға мәжбүр етті. Ол «Алаш» деп аталды. 

«Алаш» 1917 жылы 21-25 шілдеде Орынборда болған бүкілқазақтық съезде өзін дербес саяси партия ретінде жариялады. Осыдан кейін А.Бөкейхановтың басқаруымен партияның Екінші бүкілқазақтық съезі өтті. 1917 жылы желтоқсанның 5-13-күндері өткен Екінші бүкілқазақтық съезі Қазақстан тарихы үшін маңызды оқиға саналады. Дәл осы съезде ұлттық Алаш мемлекетін орнату мақсатымен «Алашорда» уақытша халық кеңесі – жаңа үкімет құру туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл тарихта Қазақ хандығынан кейін құрылған екінші мемлекет еді.

«Алаш» партиясының бағдарламасына төмендегідей демократиялық құндылықтар енді:

- «… діни нанымына, шығу тегіне және жынысына қатыссыз адамдар тең құқылы»;

- «мемлекеттік шенеуніктер заңсыз жолмен ешкімді ұстай алмайды»;

- «мемлекеттік қызметшілер қожайынның рұқсатынсыз ешкімнің тұрғын үйіне кіре алмайды»;

- «соттың қарауынсыз және шешімінсіз бас бостандығынан айырмау»;

- «жиналыстың, бірлестік құрудың, сөздің, газет, кітап шығарудың еркіндігі».

Өкінішке қарай, мұндай ұстаныммен «Алаш» партиясының өмірі ұзаққа созылған жоқ. Кеңестік үкімет билікке келісімен-ақ оларға «ұлтшыл партия» деген айып тағылып, кейін күшпен, зорлықпен жабылып қалды. Ал «Алаш» партиясы қайраткерлерінің тағдыры қайғылы аяқталды. Олар сталиндік жазалаудың құрбаны болды. Қазақстан тарихында «Алаш» партиясының алатын орны айрықша. Егер жоғарыда аталған осы партияның бағдарламасына қайтадан жүгінетін болсақ, бұл партия Қазақстандағы алғашқы либерал-демократиялық партия болды.

Тарихи тұрғыдан алатын болсақ, аты аңызға айналған барлық түркі халықтарының атасы – «Алаш» атын алған партия – қазақ даласындағы алғашқы дербес партия болды. Кейін, 1918 жылдан бастап Қазақстанда бір ғана саяси партия – коммунистік партия болды. Бірақ ол, біріншіден, Кеңестер Одағы Коммунистік партиясының (КОКП) бөлімі (филиалы) ретінде ғана өмір сүрді. Екіншіден, КОКП-ны партия емес, мемлекетті жеке-дара, шексіз билеген әзірейіл деп атаса да болады.

Мемлекеттік билікті толығымен өз қолына алған КОКП алғашқы күннен бастап-ақ бүкіл елді «қуатты еңбек күшіне» айналдырды. 1919 жылы енгізілген «әскери коммунизм» саясатының озбырлық сипаты елдегі жергілікті бюджеттерді жоюдан, оларды бірыңғай мемлекеттік бюджетке қосып, біртұтас қазына құрудан, ұсақ және жеке өнеркәсіпті мемлекет меншігіне алудан көрінді. Азық-түлікке мемлекет монополиясын бекіту үшін жүргізілген адамгершілікке жат саяси шаралар халықты аштыққа ұшыратты.

1930 жылы Қазақстан халқының саны  5 миллион 800 мың адам болса, 1933 жылы 2 миллион 500 мың ғана халық қалды. 2 миллионға жуық қазақ аштықтан қырылды, 1 миллион қазақ басқа елдерге көшіп кетті. Онсыз да бейшараның күйін кешкен халықтың наразылығын бір жола жаншып тастау үшін «сталиндік репрессия» іске қосылды. Бұл да Коммунистік (большевиктер) партиясының сұм саясатының бір көрінісі еді. Ол екі мақсатты көздеді: біріншісі, ұлт зиялыларын жою, себебі олар халықтың тарихи зердесі болатын. Екінші мақсат, Сталиннің жеке басының беделін жоғарлату, оның есімін дәріптеу, мемлекеттегі ролін мадақтау болатын.

1952 жылы КСРО-дағы Коммунистік партиясының атауы өзгерді. Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы (БК(б)П) енді Кеңес Одағы Коммунистік партиясы (КОКП) аталатын болды. КОКП-ның таптық, социалистік саяси ұстанымы бойынша жеке адам бостандығы мен құқығы ескерілмеді. Өздерін демократиялық, әділетті қауымдастық деп санайтын ірі капиталистік мемлекеттер жағынан КОКП-ның бұл саясаты наразылық тудырды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін көп ұзамай басталған қырғи-қабақ соғыс саясаты одан әрі ушыға түсті.

Экономика саласындағы КОКП-ның ұстанған шаруашылықты басқару әдістері нәтижелі болмады. Өнеркәсіп те, ауылшаруашылығы да экстенсивті басқару әдісінен интенсивті әдіске ауыстырылмады. Ақырында КСРО ХХ ғасырдың 70-ші жылдарынан бастап тоқырауға ұшырай бастады. КОКП мемлекеттің беделін сақтап қалу үшін әртүрлі әрекеттерге барды: 1968 жылы Чехословакияға өз әскерін кіргізуі, 1969 жылғы КСРО мен Қытай әскерлерінің арасындағы қақтығыстар, 1979 жылы КСРО әскерлерінің Ауғанстан жеріне кіргізілуі және т.б. оқиғалар. Нәтижесінде КОКП-ның саясатына деген халықтың наразылығы өрші түсті. Кейінірек Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мәлімдемесінде аталып өткендей, «бұл әрекеттер қатардағы коммунистердің күш-жігеріне, партияға орны толмас нұқсан келтірді».

1991 жылғы тамыз айының 23-де Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев КОКП Орталық Комитетінің Бюро мүшелігі құрамынан шығатыны жөнінде мәлімдеді. Кейін Қазақстан Компартиясының өзі де КОКП құрамынан шығып кетті. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумы өздерінің төтенше съезін шақыру үшін ұйымдастыру комитетін құрды. Осы саяси жағдайға байланысты Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшелері өздерінің өклеттіктерінен бас тартатыны және Орталық Комитеттің қызметін тоқтатқаны жөнінде мәлімдеме жасады. Қазақстан Компартиясының кезектен тыс және төтенше съезі 1991 жылы қыркүйектің 7-сі күні Алматы қаласында ашылды. Съезде Қазақстан Компартиясын тарату және жаңа партия құру жөнінде шешім қабылдады. Ендігі жерде жаңадан құрылған партия социалистік деп аталатын болды. Қазақстан Компартиясының бірқатар мүшелері 1991 жылғы қазан айында құрылған Қазақстан Халық Конгресі партиясының құрамына кірді. Міне, осылай Ленин мен оның серіктері құрған Кеңес Одағы Коммунистік партиясы (КОКП) елімізде өзінің жеке дара билік жүргізуін тоқтатты. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан көппартиялық жүйеге көшті.

Алтын Ақиқат

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары