$ 498.34  519.72  4.85

Егеменді елге еркін партиялар қажет

Қазақстанның саяси өміріндегі көппартиялықтың дамуы – қоғамды демократияландыру үрдістерінің құрамдас бөлігі. Әрбір партия халыққа адал қызмет жасаса ғана партиялық жүйе қоғамның жетекші саяси күші бола алады. Ендеше, осы саяси күштің тәуелсіздік жылдарында қалай дамығанына көз жүгіртейік.

Еліміздің жаңа тарихындағы саяси партиялардың пайда болуы 1990 жылға тұспа-тұс келеді. Осы жылы ұлттық мүддені көздеп, қазақтың айырылып қалған құқықтарын қалпына келтіруді мақстат тұтқан азаматтық-демократиялық «Азат» қозғалысы (АДҚ) құрылды. Елімізде алғашқы саяси ұйым ретінде тіркелген бұ қозғалыстың идеялары сол кезде барынша прогресшіл болды. Ұрандары мен бағдарламасы ішінде мұңы жоқталған халық оны қызу қолдады. Аз ғана уақыттың ішінде қозғалыс бүкіл республикада ауқымды әрекет ете бастады.

Олардың басқа да ұйымдармен қосылып, талап етуінің арқасында қазақтың көптеген құқықтарын қалпына келтірген Қазақ КСР-нің Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданды. Онда Қазақ республикасының бөлінбейтін біртұтастығы, мемлекеттік тілінің қазақ тілі екендігі туралы ресми түрде мәлімденіп, Жоғары Кеңесте қабылданды. Кейін ол Тәуелсіздік туралы Заңның негізі болды. «Азат» қозғалысының басында С.Ақатай, М.Шорманов, М.Есеналин секілді ұлтжанды азаматтар тұрды.

1991 жылы «Қазақ  КСР-індегі  қоғамдық бірлестіктер туралы» Заң қабылданды. Бұл заң тәуелсіздік таңы жақындап қалған тұса аса маңызды құжаттардың бірі болды. Осыған сүйеніп парламенттік тұрғыдағы Қазақстанның Республикалық партиясы (ҚРП) – «Азат»  құрылды. 1992 жылғы маусым айында «Азат» және ұлттық-демократиялық «Желтоқсан» партиясы бірігіп, бір партия құру туралы шешім қабылдады. «Желтоқсан» ұлттық-демократиялық партиясының өзі 1990 жылы «Әділет», «Ақиқат», «Азамат» т.б. ұйымдардың бірігуі негізінде құрылған  болатын. 1992 жылдың 26 желтоқсанында осы біріккен «Азат» партиясы ресми түрде тіркеуден өтті.

Осы кезде елімізді демократияландыру бағдарын ұстаған бірнеше партия болды. Соның бірегейі – қазақтың жарқыраған қос жұлдызындай екі ақыны Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шаханов алғашқы төрағалары болған «Қазақстанның Халық Конгресі партиясы» (ҚХК). Бірақ көп ұзамай М.Шаханов «Арал – Азия – Қазақстан» қозғалысының жұмысын жүргізуге ауысып, партия басшылығынан кетті.

Кеңес үкіметі ыдырап, өз бетімен тарап кеткен КОКП-ның орнына Қазақстан социалистік партиясы (ҚСП) құрылып, оның басшылығына белгілі жазушы Ә.Әлімжанов сайланған болатын. Бірақ партияның көптеген өкілдері оның мемлекеттің тұрақтылық жолын көздеген қадамдарын қолдамай, радикалды шаралар жасау үшін 1991 жылғы желтоқсан айында қайтадан Қазақстан коммунистік партиясын құрды.

1990-1992 жылдары Қазақстан қоғамында демократиялық процестердің қарқындап дамуына сәйкес саяси күштердің бір жағынан барынша белсенділік іс-қимылдары көрініс тапса, екінші жағынан бей-берекет әрекеттер де орын алды. Осы әрекеттер әртүрлі саяси ұйымдардың пайда болуына ұйытқы болды. Мысалы, «Тәуелсіз кәсіподақ орталығы» және шетелдік қорлармен байланыс жасаған «Социал-демократиялық  партиясы», «Бірлік», «Русская  община», «Казактар одағы» т.б. ондаған ұсақ партиялар мен қозғалыстар өмірге келді.

Еліміздегі жасампаз күштердің бағытын бір арнаға тоғыстыру мақсатымен 1993 жылы «Қазақстанның халық бірлігі одағы» құрылды. Оның жетекші лидері болып Президент Н.Назарбаев сайланды. Алғашқы төрағасы С.Әбдірахманов, ал сол жылдың аяғында болған съезде төрағалыққа Премьер-Министрдің орынбасары Қ.Сұлтанов сайланды. Бұл одақ елдегі саяси ағымдарды тұрақтандыру, бір арнаға түсіру жолында үлкен жұмыстар жасады.

Осы жылдары Қазақстанның Аграрлық партиясы, «Ақ жол» демократиялық партиясы, Республикалық «Отан» саяси партиясы, Республикалық «Асар» партиясы», Қазақстанның социал-демократиялық «Ауыл» партиясы, «Қазақстанның Азаматтық партиясы», «Қазақстанның Коммунистік партиясы», «Қазақстанның патриоттары партиясы», «Руханият» партиясы ресми түрде тіркеуден өтті.

1997 жылы кейбір қозғалыстар мен партиялар ұсынған пікірлерді қолдай отырып, Қазақстан Үкіметі саяси күштер жетекшілері мен билік өкілдерінің қатысуымен пікір алысуға «дөңгелек үстел» құруды қолға алды. Бұл қазіргі демократиялық реформалар бағдарламасын дамыту және нақтылау жолындағы мемлекеттік комиссияның алғашқы нұсқасы болатын.

Қазақстандағы көппартиялықтың қалыптасуына, жалпы қоғамдық-саяси бірлестіктердің өрістеуіне республикада қабылданған заңдардың ықпалы зор. Олар:  «Қоғамдық бірлестіктер туралы» (1996 ж.), «Саяси партиялар туралы»  (1996  ж.), 6 жылдан кейін қайта қабылданған «Саяси партиялар туралы» (2002 ж.) заңдар. Бұл заңдар азаматтардың қоғамдық ұйымдар құру еркіндігіне кепілдік берді. Саяси партиялар мен бірлестіктерге заңды түрде жұмыс істеу мәртебесі берілді.

Қазақстандағы көппартиялықтың дамуына зор әсер еткен 1998 жылғы қазанның 7-і күні ҚР Конституциясына енгізілген өзгертулер мен түзетулердің де маңыз зор. Осы Заң бойынша ҚР парламенті Мәжілісіне «он депутат бара-бар өкілдік жүйесі бойынша және біртұтас  жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша партиялық тізімдер негізінде сайланады» деп жарияланды. Осы Заң қабылданған соң бір жылдан кейін, 1999 жылдың 10-шы қазанында Қазақстанда ең алғашқы көппартиялық негізде Парламентке жалпыхалықтық сайлау өткізілді. Елдің Президенті Н.Назарбаев бұл күнді «Осы сайлау біздің Қазақстан үшін көппартиялық демократияның туған күні» деп атады. Сол күнгі сайлаудан бастап еліміздегі саяси партиялардың уәкілдері Қазақстан Республикасы парламенті Мәжілісіндегі депутаттық орындарға сайланатын болды. Бұл еліміздегі демократияның негізгі белгілерінің бірі — көппартиялық саяси жүйенің қалыптасуының басты көрінісі болды.

2006 жылы 22 желтоқсанда «Отан» партиясының кезектен тыс съезінде Қазақстан қоғамындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатымен «Асар», Азаматтық және Аграрлық партиялар «Отан» партиясымен қосылып, біртұтас саяси партияға айналды. Съездегі осы партиялардың 346 делегаты партияның  «Нұр Отан» деген жаңа атын мақұлдап бекітті. Осылайша Қазақстан қоғамында халықтың жоғын жоқап, барын еселеуге атсалысып, қалың бұқараның қызу қолдауына ие болған нағыз халықтық партияның іргесі беки түсті. 20 жылдан аса уақыттан бері ол қазақстандықтардың зор сеніміне кіріп, барлық парламенттік сайлауларда басым дауыспен алда келеді. 2016 жылы өткен соңғы Парламент мәжілісі депутаттарының сайлау нәтижесі соның бірден бір дәлелі.

Алтын Ақиқат

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары