Америкалық белгілі журналист, саясаттанушы, «Атлантикалық кеңес» президенті Фредерик Кемптің «БЕРЛИН 1961: Кеннеди, Хрущев және әлемдегі ең қауіпті жер» атты әлемдік бестселлері қазақ тіліне аударылып, баспадан шықты. Кітаптың таныстырылымы «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өтіп отыр. Бұл Рухани жаңғыру тұжырымдамасы аясындағы әлемнің ең үздік 100 кітабын қазақ тіліне аудару идеясына сай келеді.
Қазіргі әлем тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі - отыз жылға жуық уақытқа созылған КСРО мен Батыс арасындағы текетірес екені белгілі. «Қырғи қабақ» аталатын осы кезең суреттелетін бұл кітаптың қазақ тіліне аударылуы - қазақ тіліндегі сапалы кітаптардың базасын толықтыруға әсерін тигізеді.
Автор бұл кітапта журналист, саясаттанушы, тарихшы ретінде жұмыс істеген. Кітапта қырғи-қабақ соғысы кезеңіндегі Берлин қабырғасының құрылысына қатысты оқиғалар мен саясаткерлер көрінісін суреттеген. Бұрын құпия боп саналып келген америкалық, Кеңес Одағы және неміс құжаттарының ақпараттары пайдаланылған.
Ф.Кемптің еңбегі әлемдік тарихта маңызды шешім қабылдар кездегі елдер алдындағы сынақтар, көшбасшылардың жеке қасиеттерінің әлемдік мәселелерге әсер ететінін көрсетеді.
Фредерик Кемп - америкалық журналист және саясаттанушы. Беделді «Wall Street Journal» басылымында 25 жыл жұмыс істеген. Тілші және редактор ретінде халықаралық танымалдылыққа ие болды. Тілші ретінде Шығыс Еуропа, АҚШ, Ауғанстан, Ирак және 1980-жылдары Ливандағы айтулы оқиғалардың арасында жүріп, ақпарат берген. Әрі Панамадағы АҚШ-тың басып кіруі кезеңінен ақпарат таратқан. Германияның бірігуі, кеңестік коммунизмнің күйреуін баяндаған.
1991 жылдың 1 желтоқсанынан бері «Атлантикалық кеңес» бас директоры және президенті қызметін атқарады. Ол басқарған «Атлантикалық кеңес» біраз жетістікке жетті. Қызметкерлер саны артып, халықаралық қауіпсіздік, бизнес пен экономика, энергетика мен қоршаған орта секілді салалардағы өз ықпалын арттырды.