$ 498.34  519.72  4.85

Қырғыз премьерінің Н.Назарбаевпен келіссөз жүргіздім дегені жалған болып шықты

Қырғызстан премьер-министрі С.Исақовтың 11 қазан күні өзінің Facebook-парақшасында жариялаған ресми мәліметі шындыққа жанаспайды. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Айта кетейік, қырғыз үкіметінің басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында Сочиде өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес барысында Қазақстан президентімен келіссөздер жүргізгенін жазған болатын. Онда ол қазақ-қырғыз шекарасындағы қатаң тексерулер туралы әңгімелесіп, бұл мәселені шешкендігін баяндаған. Алайда, ҚР Үкіметінің бапсасөз қызметінің мәліметінше, Сочиде Исақовтың Назарбаевпен кездесуі болмаған. Тек қырғыз премьері Елбасының жанына келіп суретке түскен екен. Осы суретті кейін ол әлеуметтік желіде пайдаланыпты.

«Екіншіден, Қазақстан Президентінің «шекарада туындаған барлық мәселелерді шешу бойынша Қазақстан Үкіметіне тапсырма бергендігі» туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Ақиқатында, Үкіметке аталған мәселе бойынша үкіметаралық консультация өткізу туралы тапсырма берілді», - делінген ҚР Премьер-министрінің ресми сайтында.

Бұдан бұрын қазақстандық БАҚ-та хабарланғандай, қазіргі кезде Қазақстан Республикасының ҰҚК Шекара қызметі қазақстандық ІІМ, мемлекеттік кірістер және көліктік бақылау комитеттерімен бірлесе отырып, еліміздің мемлекеттік шекарасының барлық периметрі бойынша, оның ішінде қазақстандық-қырғыз аумағында да жоспарлы шекара операциясын жүргізуде.

Шекарадан өтетін жеке тұлғаларды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды тексеруді күшейту шаралары қолданыстағы заңнама шеңберінде қазақстандық және шетелдік азаматтардың құқықтарын шектеусіз жүргізілуде.

Шекараны кесіп өту үшін ешқандай шектеу немесе тыйым салынып жатқан жоқ.

Жоспарлы шекара операциясының басты мақсаты – шекаралық кеңістіктегі құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу, террористік, контрабандалық және басқа да қылмыстық әрекеттерге қатысы бар тұлғаларды анықтау, шекара тәртібі мен көші-қон заңнамасының сақталуын тексеру.

Өз кезегінде Қырғыз Республикасының Шекара қызметі Қырғызстан Президенті сайлауына дайындық және оны өткізу кезеңінде шекаралық бақылаудың күшейтілген тәртібіне көшті.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі бұрмаланған ақпараттың таратылуына ресми түрде түсінбестік білдіреді және өзінің шынайы ақпарат беру мәселесінде кез келген БАҚ-пен ынтымақтастыққа ашықтығын растайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары