Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев 18 қазанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы пікірін қызбалықпен айтып қойған болуы мүмкін екенін, бірақ Назарбаев "айналасындағы олигархтардың ықпалына түсіп қалғанын" мәлімдеді.
Бішкектегі Ала-Арча резиденциясында үздік студенттерге президент стипендиясын табыстау салтанатында сөйлеген Атамбаев "Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы эмоциямен айтып, дұрыс іс қылмаған сияқтымын. Ол да мен сияқты сенгіш" деді.
Атамбаев қырғыз-қазақ шекарасында қалыптасқан ахуалға байланысты пікір білдіріп, Қырғызстанның өз өнімін өткізетін басқа да жолдарды іздестіруі қажетін айтты.
"Бүгін қырғыз-қазақ шекарасындағы проблеманы көріп отырмыз. Кейбіреулер Қырғызстаннан шығатын барлық транспорт жолдары Қазақстан арқылы ғана өтетінін айтады. Бұл дұрыс емес. Бізді жарықтан, газдан қалай ажыратып тастағаны есімде. Бірақ қазір біздің Өзбекстанмен, Қытаймен және Тәжікстанмен де қарым-қатынасымыз жақсы. Әрине, біздің өнімімізді өткізетін басқа жолдар іздеуіміз керек" деді Атамбаев.
Қырғыз президентінің пікірінше, қазір Қырғызстанның Ресеймен байланысын үзіп отыр және Қазақстан президенті оған шүбәланбайды. "Назарбаевтың айналасы - олигархтар. Олар Қазақстан туралы да, Назарбаев туралы да емес, өздерінің болашағын ойлайды: олардың есепшоттары батыстық банктерде" деді Атамбаев.
Қазақстанның Қырғызстанмен шекарасында 10 қазаннан бері тексеру күшейтіліп, Қазақстанға өтетін адамдар мен көліктер кезегі пайда болған. Шекарадан әрең өткендерің біразы мұны Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың қазанның басында Қазақстан билігінің атына сын айтқан сынымен байланыстырады.
Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев 7 қазанда Бішкек маңындағы Ала-Арча мемлекеттік резиденциясында ел азаматтарына мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзінде Қырғызстан президенті сайлауына қатысып жатқан жекелеген кандидаттармен бірге Қазақстан билігін де сынады.
Дереккөз: Азаттық