$ 498.55  524.28  4.75

Әй, Балжан қыз, Балжан қыз...

Поляк еліндегі қазақтар қауымдастығының төрайымы, мұсылман елінің өкілі Балли Мажец Польшадағы президент сайлауына үміткер ретінде ұсынылды деп мына жақта бөркімізді аспанға атып қуанып жатырмыз. Шардараның мінезі шатақ тумасы тап осы қазір поляк жұртын басқарып шыға келетіндей ақжарма қуанышымыздың аптығын әлі де баса алар емеспіз.

«Шатақ тума» дейтініміздің себебі бар. Познань қаласындағы Адам Мицкевич атындағы университеттің түркітану кафедрасында поляк студенттеріне қазақ тілінен сабақ берген бір танысымның екі көзі алақандай болып айтқан бір әңгімесі есімде қалыпты. Бұл – 2007 жылы болған оқиға. «Қазақстан Тәуелсіздігінің 16 жылдығына байланысты бізді, Польшада әртүрлі қызмет жасайтын қазақтарды, елшіміз Варшавада орналасқан Қазақстан елшілігіне қонақасыға шақырды. Елшілікке жете бергенімізде, Қазақстан президентінің тез арада орнынан кетуін, қазақ еліндегі жемқорлық пен парақорлықтың жойылуын орыс тілінде талап еткен жазуы бар плакат ұстаған 15-20 адамның пикетіне тап болдық. Ұрандағандардың ішінде, әсіресе бір әйел өте белсенді екен. Еліріп алыпты. Қолын қатты-қатты сермеп, айғайлап сөйлеп, елшінің сыртқа шығуын талап етті. Мұндай сұмдықты өмірімізде бірінші рет көріп тұрған бізге кәдімгідей үрейлі әсер етті. Ішке кіріп едік, «Мән бермей-ақ қойыңыздар. Бұл біздің местный оппозиционеріміз, үйреншікті жайт. Балли Мажец деген полякқа сіңісті өзіміздің қазақ. Дүркін-дүркін көшеге шығып айғайлап қояды, оған бұл жердегі поляктар да әбден үйреніп алған» деп қолын немқұрайлы сілтей салды елшіліктегілер» дегені бар еді. Әлгі танысым бір рет қана емес, кейін де пани Баллидың режиссерлігімен жасалған шоу-баллдарға көбірек келіңкірейтін  цирк қойылымдарының куәсі болғанын айтты. Өтіп бара жатқан поляктар сұқ саусағын самайына тапанша сияқты тіреп тұрып, армансыз «айналдыратынын» көріп, қазақ үшін намыстанатынын да айтты. Ол осы жайтты әңгімелеп отырғанда, менің көзіме неге екені белгісіз Қазақстан демократиясының «қаһарманы» Амантай қажы елестеп отырды. Енді міне, «Польша президенттігіне үміткер мұсылман әйелі пайда болды» деген ақпарат тарағанда, бірден сол Балли – Балжан Наурызбаева ойыма оралды. Кеше ғана Кеңес Одағының шекпенінен шыққан Польшадағы саяси жүйенің «демократиялық көрінісі» болып отырған Балли Мажецке «маладес» деп, поляк оппозициясының ішінен оза шауып аламанға түскен қандасымыз үшін қиқулап, тақым қысып қолдап отырсақ па екен, әлде «қуыршақ» қаракөздің өтпейтініне осы бастан өкініш білдіре берсек пе екен?

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары