$ 446.49  475.38  4.79

Қытайдың империя болуына не кедергі?

Кезінде Канаданың экс-премьер-ми­нистрі Ж.Кретьен: «Канада – АҚШ-тың көр­шісі. Алпауыт елдердің дамуы көрші елге дем бергенмен, оның екінші қыры тағы бар.

Алып көршілер ұйықтап жатқан піл тәрізді. Ұйқысырап жатып бері қарай аунап түссе, табанының астында жаншылып қаламыз ба деген қауіп маған маза бермейді» деген еді. Ал біздің екі алып көршіміз – Қы­тай мен Ресей. Әңгімемізді шығыс көршіміз туралы өрбітсек. Қытайдың экономикасы соңғы 30 жылда 10% көрсеткішпен өсіп отырды, 8 саяси партиясы бар, нақты 1949 жылдан  бастап билік басында  бір партия «Қытай коммунистік партиясы» басқарады, депуттарының саны – 2979. ҚХР – Азия құрлығының шығысы мен Тынық мұхиттың батыс жағалауына орналасқан алпауыт ел. Құрлықтағы территориясының көлемі 9 млн 600 мың шаршы шақырым, жер көлемі жағынан Ресей мен Канададан кейінгі үшінші үлкен елге жатады. Қытай құрлықта 14 елмен, теңізде 8 елмен көрші. Қытайдың 23 провинциясы, 5 ұлттық автономиялы өңірі, орталыққа тіке қарасты 4 үлкен қаласы және 2 ерекше әкімшілік ауданы бар. Мемлекетінің бүкіл халқы 56 ұлттан құралған, халқының жалпы саны – 1 миллиард  400 миллион. Қытайдың саяси жүйесі – бір елдегі екі жүйе.  «Бір ел – екі жүйе» мағынасы: «бір ел» дегеніміз ұлы құрлықтағы территория мен Тайвань,  Гонконг, Макао  аралдарының бәрі Қытай мемлекетінің құрамына кіреді дегенді ұғындырады, «екі жүйе» дегеніміз ұлы құрлықта социалистік жүйе, Тайвань,  Гонконг, Макао аралдарында капиталистік жүйе жүзеге асырылады дегенді білдіреді. Қытай ХХІ ғасырдың табалдырығын зор жетістіктермен  аттады әрі АҚШ-ты баса озып, әлемдегі №1 экономикалық державалардың біріне айналды. Экономика, білім, ғылым, әскери істер және озық техникалар жағынан әлемнің ең алдыңғы қатарындағы қуатты елдермен тең түсті. ХХІ ғасырда Қытайдың асығы алшысынан түсіп, керегесі берік, шаңырағы шайқалмайтын ел болып отыр. Қалай айтсақ та біздің Шығыстағы осы көршімізді, біріншіден, ең қауіпсіз елдердің қатарына жатқызуымызға бола ма? Екіншіден, әлемде болып жатқан революциялардың авторы АҚШ-тың қармағына түсіп қалмай ма?  

Саяси өзгерістер (Грузия, Кырғыз елі, Араб елдері, Украина) Қытайдың аумағына кіріп кетпей ме деген мәселелер компартия басшыларын қатты мазаландыруда, оның үстіне экономика дамуының бәсеңдеуі, байлар мен кедейлердің арасындағы әлеуметтік тепе-теңсіздіктің қалыптасуы,  Си Цзинпиннің жемқорлыққа қарсы күресі нәтижесінде басқарушы элиталар ішінде наразылықтың өршуі   ішкі тұрақтылығына кері әсерін тигізіп жатыр, бір сөзбен айтқанда, Қытай ұзақ мерзімге жалғасатын әлеуметтік келеңсіздіктер мен тұрақсыздық алдында тұр.

Араб елдеріндегі революция толқыны жайлап Қытайға да кіре бастады (Гонконг «революция зонтиков»), революцияның сценариін жазған батыс елдерінің саяси технологтары мен институттары екенін компартия мүшелері де жақсы біледі.

Жалпы, ХХІ ғасыр адамзатқа жаңа сынақтар әкелді десем артық айтпас едім:

1) 800 жылғы ұйқыдан оянған Ислам діні;

2) жаһандану процесі;

3) трансұлттық компаниялардың пайда болуы;

4) ғылыми-техникалық құралдардың дамуы;

 Осы төрт құбылыс қазіргі таңда болып жатқан саяси дағдарысқа тікелей қатысы бар. 2011 жылы Египетте болған көтерілісті алсақ, ол соғыс интернеттің арқасында орын алды, «революция Facebook» деп аталып кетті, Қытай басшылары ХХІ ғасырдың өзгерістерін жақсы түсініп, революцияны болдырмау және саяси тұрақтылықты сақтау мақсатында біршама іс шараларды жүргізуде:

1. Әлеуметтік теңсіздікті жою: төмен жалақы алатын жұмыскерлердің жалақыларын көтеру (БҰҰ мәлімдеуі бойынша, 2013 жылдың наурыз айына қарағанда Қытайда 128 млн адам кедейшілік күнкөріс шегінде, халықтың 70% төменгі жалақы алады), жұмыссыздықты азайту (жұмыссыздық жыл сайын 4% өсіп отыр), қолжетімді тұрғын үйлер салу, кешенді әлеуметтік бағдарламаларды дамыту, дамыған провинциялар мен әлеуметтік дамымай қалған  провинцияларды теңестіру.

2. Бұқаралық ақпараттар мен интернетті қатаң цензуралық қысымға алу: Google, Twitter т.б. батыс елдерінің сайттарына  қарапайым халықтың кіруіне жол бермеу  (қоғамның арасында іріткі салу арқылы мемлекетті саяси тұрақсыздыққа әкелу,  халықты көтеріліске шығару, осының барлығы интернеттің нәтижесі. Қытайда соңғы мәліметтер бойынша 384 млн.-нан астам адам ғаламторды және 487,3 млн адам интернеті бар ұялы телефондарды қолданады).

3. Батыс елдерінің құндылықтарын жырлайтын кітаптарға оқу мекемелерінде тыйым салу. Жастардың арасында Конфуци философиясы мен  патриоттық сана-сезімді дамыту   (оқу министірі Юань Гуйжэнь мырзаның тікелей нұсқауымен)
4. Тибет пен Ұйғыр автономиялық округтарында сепаратизм шоғын өшіру мақсатында жаппай ішкі қытайларды көшіріп, ассимиляция жүргізу(Ұйғыр автономиялық округіне 1990 жылдан бастап 200 млн.-нан астам қытай халқы көшірілді).

 Жоғарыдағы 4 шараны жүзеге асыра отырып, Қытай компартиясының жоспары – ХХІ ғасырда саяси тұрақтылықты орнатып,  аяғына нық тұрған Қытай империясын құру.

Думан КӨПБАЕВ,

саясаттанушы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары