Ресейде нақты Путинге қарсы болған, өздерінің беделін пайдаланып, артынан халықты ерте алатын үш саясаткер болды, олар – Борис Немцов, Алексей Навальный, Михаил Ходорковский. Навальный соңғы жылдары өзіне қарсы қозғалған қылмыстық сот процестерінен көзін аша алмай жүр, бір сөзбен айтқанда, өз басымен өзі қайғы. Ходорковский түрмеден босағаннан кейін, қолын бір сілтеп, батыс елдеріне кетіп қалды. Немцовтың жағдайы өздеріңізге мәлім, яғни 2014 жылдың 27 ақпанында түнгі 23.40 шамасында Кремльдің түбінде Үлкен Москварецк көпірінде белгісіз адам өлтіріп кетті. Немцов жексенбіге жоспарланған «Весна» атты оппозициялық шерудің басты кейіпкері болуға тиіс еді.
Осы оқиғаға байланысты бұқаралық ақпараттардың мәлімдемелерін сараласақ. Кремльге қарап ұлитын бұқаралық ақпараттар келесідей болжамдарға тоқталады:
1. Ресейдің ішкі тұрақтылығын бұзуға арналған батыс елдерінің әрекеттері;
2. Шешенстандағы террористік топтардың әрекеті;
3. Украина билігінің қастандығы;
4. Ресей билігіне қарсы оппозициялық либерал топтардың әрекеті;
Ресейдің либералдық блогерлері мен саясаткерлері және батыс елдерінің беделді «The Guardian», «USA Today», Der Spiegel т.б. бұқаралық ақпараттары бірауыздан Немцовтың өліміне Кремльдің режимі, нақты Путиннің жасап отырған әрекеті кінәлі деп шулауда.
Әрине Немцовтың өлімі саяси тапсырыс екені сөзсіз, бұл өлімнің нақты қандай күштерге тиімді екенін таразылап көрейік. Мелекеттегі кез келген саяси өлім, мейлі бұрын билік басындағы адам болсын, депутат болсын, әкім болсын, бірінші мемлекеттің беделіне, екіншіден, билік басшыларына нұқсан келтіретін жағымсыз әрекет. Кез келген оппозиционердің өлімі билік басындағыларға мәңгілікке өшпестей болып басылатын қара таңба. Қай мемлекетте болмасын оппозиционерді, мәдениет қайраткерін, саясаткерді, қоғам қайраткерлерін өлтіріп жатса, ол мемлекет әлсіз болып саналады, себебі халық сыйлайтын бетке ұстар азаматтардың өмірін билік басшылары қорғай алмаса, әрине қарапайым халықтың да ойы керісінше болмақ. Путиннің дәуірі дүркіреп тұрғанда (80% ресейліктер Путинді қолдайды «Левада центр») қайдағы бір либерал оппозиционердің өлімі Путинге пайда әкелмейді, керісінше зиянын тигізуі мүмкін және беделділік жағынан Немцов Путиннің теңі емес. Қазіргі таңда Путиннің жауы шаш етектен асып отырғанда, тағы бір ішкі жауды тілеп алу тиімсіз жағдай. Сондықтан Немцовтың өліміне Кремль басшылары қатысты деген болжам шындыққа жанаспайды және әлсіз.
Рационалды ойлайтын адамға түсінікті, Немцовтың өлімінен Кремль басшылары тек сау басына сақина тілеп алады, ал батыс елдері бұл мәселені өз пайдаларына шешуі әбден мүмкін. Батыс елдері Немцовтың өлімін тілге тиек етіп өздерінің ескі әдеті «жеке адамның құқығын қорғау карнавалын» бастап кетті. Ресейдің либералдық оппозиционерлері мен батыс елдерінің басшылары Немцовтың өлімін пайдаланып, келесідей мақсаттарды ойластырып отыруы әбден мүмкін:
1. Путиннің билік режимін құлдырату мақсатында халықты көтеріліске шығарып, Ресейдегі жағдайды ушықтыру;
2. Ресейге қарсы жаңа санкцияларды қолдану;
3. Путиннің режиміне Ресей халқының байкот жариялауы;
4. Украина және Сирия мәселесі бойынша Кремльге дипломатиялық қысым көрсету;
Столыпин, Киров, Анна Политковская, Александр Литвиненко, т.б. сандаған қоғам қайраткерлерінің өлімдеріне қарасақ, бұл Ресейде жиі болып тұратын үйреншікті құбылыс, сондықтан оппозиционер Борис Немцовтың өлімі Ресейді дүр сілкіндіретін құбылыс деп айту қиын, уақыт өте бұл жағдай да ұмытылып, тарихтың қойнауында қалады.
Думан КӨПБАЕВ,
саясаттанушы