Лингвистикалық комиссия бүгін сынақтың қорытындысы бойынша, президенттікке өзінің кандидатурасын ұсынған Уәлихан Қайсаровқа: «Мемлекеттік тілді еркін меңгермеген» деген баға берді.
Комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков У. Қайсаровтың «ТМД: тарихы және бүгіні» деген тақырыпты түсінбегені былай тұрсын, жұмысты жазу барысында 23 қате жібергенін мәлім етті. Соның ішінде, емледен – 5, тыныс белгілерінен – 11, стильдік тұрғыдан – 7 қате жіберілген. Тапсырманың тақырыбы ап-анық болғанымен, сынақ тапсырушы Ресейге бодандық, тәуелсіздік тағылымы туралы ойларын қағазға түсіріпті.
Екіншіден, Уәлихан Әбішұлы жазушы Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романынан үзінді оқыған сәтте өзі оқыған мәтінді түсінбей, әңгіме не туралы болғанын білмей дал болыпты. Комиссия төрағасы ашық айтқандай, үміткер қазақ жазушысы шығармада қолданған «жылышырай», «тарту-таралғы», «қырғи-қабақ», «сойылын соғу» деген сөздердің мағынасын түсіндіріп бере алмаған. «Бір қызымнан бір қызым әм сорақы» депті біреу баяғыда. Сол айтқандай, Уәлихан Әбішұлының бір жауабынан бір жауабы сорақы болып шыққанын несіне жасырайық. Мәселен, ол ағымдағы жылдың 6 наурызында Орталық сайлау комиссиясына келіп, өз қолымен жазған өтінішінде: «Басқа мемлекеттің азаматтығында тұрасыз ба?» деген сұраққа: «Тұрамын» деп жазыпты. Айтпақшы, сынақтан соң осы сауалды үміткердің өзіне қойдық. «Бұл сауал маған Қазақтан Республикасында тұрасыз ба, тұрмайсыз ба? дегендей көрінді. Әрине, тұрамын деп жаздым. Ол техникалық қате болуы әбден мүмкін. Өйткені, мынадай үлкен додаға түскен кезде жүйкеңіз де қозғалады. Бәріміз адамбыз» деп екіұштылау жауап қатты.
Сынақтан оңбай сүрінген У. Қайсаров мырза өз қолымен жазған өмірбаяндық деректерінде де өте дөрекі қателер жіберген. «Мысалы, Сіз ҚР-ның аумағында тұрамын дегенге туғаннан (?) тұрамын деп жазыпсыз. Одан кейін ең соңында өтінішті толтырған күніңізді 6 науырыз 2015 жыл деп қате жазасыз» деп М. Жолдасбеков үміткердің қазақ тілінде сауатты жаза алмайтынын ашық айтты. Ал үшінші тапсырмада қазақтың біртуар батыр ұлы Бауыржан Момышұлының қанатты сөзі берілген. Сынақ тапсырушы оны да түсінбей, мүлдем басқа нәрсе айтып кетіпті. «Ұялған тек тұрмас» дегендей, сынақ соңынан өткен брифингте Уәлихан Қайсаров: «Менің берген жауаптарым комиссия мүшелеріне ұнаған жоқ» деп ақталғансыды. Тіпті, бірінші тапсырмадағы «ТМД» деген жазуды кіші әріптермен әдейі жазып қойыпты деп кінәлады. Қазақ мұндайға «Жеңілген күреске тоймайды» демеуші ме еді?!.
Жандос ЖҰМАБЕКҰЛЫ