$ 498.34  519.72  4.85

Қырымның болашағы бұлыңғыр

2014 жылы 1 наурызда Қырым парламентінің ғимаратын ешқандай айрықша белгілері жоқ жасыл әскери киімдегі адамдар басып алды. Қырымның премьер-министрі Сергей Аксенов Ресейден ресми түрде көмек сұрады. Жасыл киімдегі әскери адамдардың Ресейдің әскері болып шыққаны ешкімге құпия емес, қазір олар Қырымдағы стратегиялық маңызы бар барлық ғимараттарды өз қарауына алды. Міне, осылайша Ресей Қырымды өзінің территориясына қосып алды.

Қырымның жағдайын көріп батыс Украина облыстары егемен ел боламыз деп, Ресейге арқа сүйеп, соғыс қатығысын қазіргі күнге дейін жалғастырып жатыр. Қырым Ресейге қосылғаннан бері Батыс Украинадағы жанжалдың артын бақылап, болашағы бұлыңғыр болды. Ресей Қырымды қосып алғаннан кейін және батыс Украина содырларына әскери қолдау көрсетуінің арқасында сау басына сақина тілеп алып, осы оқиғаларға байланысты  Ресей экономикалық санкцияларға душар болып, экономикасын күннен-күнге құлдыратып барады. Оның үстіне Қырымды асырауға шамасы жоқ және батыс Украина содырларына қару-жарақпен көмек көрсету арқылы ақшалай шығынға белшесінен батуда. Екі миллион тұрғыны бар Қырым халқы болашағының не болатынын білмей, Мәскеу мен Киевке кезек-кезек жалтақтауда.

Беделді бразилиялық Folha de Sao Paulo ақпаратының мәлімдеуі бойынша, Қырымның туризм секторы құлдырап, инфляциясы шарықтап, экономикасы күрт төмендеп кетті, міне, сөйтіп Қырым халқы үшін Ресейге қосылу тым қымбатқа түсті. Батыс Украинаға қарағанда Қырымда соғыс жоқ, бірақ халқының әлеуметтік жағдайы нашарлап барады.

Қырымның қазіргі саяси жағдайы Оңтүстік Осетия, Абхазия, Преднестровия, Қарабах сияқты болашағы бұлыңғыр елдермен бірдей. Қырымның Ресейге күштеп қосылғанын ешқандай мемлекет мойындамайды.  Иә, тарих қашан да саясаттың жетегінде жүретіні рас. Егер  бір ұлт  екінші бір үстем ұлттың қоластында, бағыныштылықта болса, ол өз тарихының шындығын айта алмайды. Біреулер – күрессіз келген тәуелсіздік, біреулер – ойда-жоқта өзі келген тәуелсіздік десе де, әйтеуір тәуелсіз ел деген аты болатыны сондықтан. Қырым туралы ақиқатты «жылы жауып» қою Ресейдің қолынан келмейді деуге менің толық сенімім бар.
Басқыншы, отарлаушы ел тарихшылары  өз саясатына бейімдеп  жазған өтірік тарихты емес, өз ұлтының  шынайы тарихын білетін ұрпағы бар ел ғана ең азат, ең тәуелсіз Ел бола алады.       

Думан КӨПБАЕВ,

   саясаттанушы 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары