24.03.2015, 18:00

Путин келді дегенше...

20 наурызда Астанада Қазақстан Республикасы, Беларусь Республикасы және Ресей Федерациясының Президенттері: Нұрсұлтан Назарбаев, Александр Лукашенко, Владимир Путин үшжақты кездесу өткізді.

 Кездесуде жаңа өзгешеліктер жоқ, сол әдеттегідей  мемлекет басшылары үш елдің өзара сауда және экономикалық ықпалдастығын тереңдету мәселелерін, әлемдік экономиканың даму үрдістерін және Украинадағы ахуалды талқылады. Осы кездесуде көңіл аударарлық жайт, Путиннің ортақ ақша туралы айтып кеткен мәселесі. «Монетарлық саясатты жалғастырып, келешекте қаржы одағын құратын уақыт келеді»- деген ойды Путин мырза айтып қалды.  Қазақстан, Белорусь, Ресейдің ортақ валютасының  іске қосылуын тездетуде Мәскеу бірталай іс тындыруда. Қазақстан мен Белоруссия басшылары ортақ валюта құруға белсенділік танытудың орнына, керісінше саябырлық көрсетіп, оның  уақыты келмегінін айтып  кейінге қалдыруда.  Мысалы, былтыр Қазақстан басшылары ортақ валюта туралы әңгіме қозғаудың ерте екендігін, 2025 жылға қарай белгілі болатынын атап кеткен.

2003-2005 жылдарды еске алсақ, осы уақыттар «екілік» Белорусь елі мен Ресейдің қоян-қолтық ынтымақтасуының шыңы болды, міне, 2005 жылы екі елде ортақ ақша болу керек деген мәселе туғанда «мен жалақы алуға Кремльге бармаймын» деп, Лукашенко ат тонын ала қашты.

Қазіргі таңда ортақ валюта Ресейге тиімді, Қазақстан мен Белорусь елі үшін керісінше, тиімсіз.

Ресейге неге тиімді? Тарата айтайық:

1. Ортақ валюта – бұл Ресей саясатының бір құралы болып табылады, Кремльдің ойынша ортақ валютаны басқаратын орган, әрине Мәскеуде болуы керек, Қазақстан мен Белорусияның ақшасы Кремльдің уысында болса, әрине, ар жағында еш кедергісіз СССР-2 құруға болады.

2. Украинадағы қақтығыстарға байланысты санкция жариялау арқылы Ресейді батыс елдері  күшті экономикалық қыспаққа алды, Ресейдің экономикасы тұңғиық рессецияға түсіп, жағдайы күрт нашарлап кетті.  Ортақ валюта құру арқылы Кремль өзінің экономикалық проблемаларын Қазақстан мен Белорусияның иығына артқысы келеді.

Ресейдің Қырымды анекциялауы көрер көзге таңба басқандай анық, әрине Астана мен Минск ортақ валюта туралы Кремльге сенімсіздікпен қарайды, шамалары келгенше бұл мәселенің уақытын созуға тырысады. Экономикалық тұрғыдан зерделесек те Еуразиялық одақтың құрылуының өзі тым асығыстық болды, оның тиімділігінен гөрі экономикалық залалы асып кетпесе жарар еді.  Болашақта Путин мырза ортақ валютаны енгізу турасындағы қысымын Астана мен Минскіге үдете бермек.

 

Думан КӨПБАЕВ,

саясаттанушы