$ 494.87  520.65  4.91

«Сыртқы саясаттың» сараптамасы сандырақ емес-ау?!

Қазіргі таңда халықаралық жағдайдың қатты шиеленісіп тұрғаны кім-кімге болсын жаңалық емес. Араб әлемінде орын алып жатқан алапат жанжал өрті оның шекаралас көршілеріне де белгілі бір дәрежеде әсерін тигізетіні, тіпті соңғы кездері аз-мұздап болса да тигізіп жатқаны және жасырын емес. Осыған орай біз саяси сараптамамен айналысатын«Сыртқы саясат» атты сараптама агенттігінің Орталық Азия мен Қазақстанға қатысты азын-аулақ мәліметтеріне көз жүгіртіп көрдік. Мәліметтер әлбетте, аталмыш аумақтардың 2015 жылға арналған «жақын арадағы жылнамасын» қамтиды.

Сонымен: Үстіміздегі Қой жылы посткеңестік кеңістіктің Орталық Азия елдеріндегі ірі-ірі деген транзиттік жобалар мен еуразиялық интеграция процестерінің аймақтық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі ҮШ ФАКТОРды айқындамақ. Әлбетте, көрсетіліп отырған қауіпсіздік мәселелерінде Ауғанстан аумағындағы ресми Кабул мен «Талибан» қозғалысы арасындағы қарулы қақтығыстар ең бір өзектінің өзектісі болып саналады, өйткені қалай деген күннің өзінде де Таяу Шығыстағы лаңкестік әрекеттердің Орталық Азия аумағына, негізінен, Ауғанстан арқылы өтетінін естен шығармауға тиіспіз. Соңғы кездері орын алып отырған лаңкестік әрекеттердің көпшілігі ауған аумағынан халықаралық әскер күштерінің аяқ астынан шығарылып әкетілуімен байланысты десек, қателеспейміз. Елдегі күрт көбейген лаңкестік әрекеттер толқыны еріксізден-еріксіз осындай ойларға жетелейді. Дәл қазіргі кезде, ресми мәліметтерге қарағанда, ауған аумағындағы талиб жауынгерлерінің (жауынгер деуге жараса) саны шамамен 50-60 мыңның айналасында болса, олармен күресіп жатқан Ауғанстанның күш құрылымдарындағы қызметкер-жауынгерлер саны 300 мыңнан асып жығылады екен. Әйтсе де үстіміздегі жылы Ауған елінің Тәжікстан және Түрікменстан елдерімен шекаралас елді-мекендерінде қарулы қақтығыстар деңгейі көтерілмесе, төмендей қоймайды. НЕГЕ?

Мәселен, ресми Ашхабад жариялаған наркотрафикке қарсы күрес бастамасы талибтік содырлар басшылары үшін олардың «экономикалық өркендеуіне» кесірін тигізіп отырғанға ұқсайды, сондықтан бұл тұрғыдан алып қарағанда, талиб содырларының түрікмен шекарасында әлсін-әлсін орын алып жатқан қарулы басқыншылығы биыл да бірнеше мәрте қайталануы мүмкін. Бұл – біріншіден десек, екіншіден - криминогендік және лаңкестік қауіпсіздік мәселесі Тәжікстанның Таулы Бадахшан аумағында биыл да күн тәртібінен түспек емес, өйткені бұрынғы посткеңестік Орталық Азия аумағынан шыққан содырлар үшін аталмыш аумақ жақын болашақта «экспансия алаңы» ретінде қарастырылып отырған көрінеді. Бұлардың басты мақсаты, әлбетте, елдің солтүстік бағыты арқылы есірткі контрабандасын қайтадан жолға қою болып табылады, неге десеңіз, есірткі – ауғандық талибтер мен содырлар үшін негізгі «қаржы-экономикалық табыс» көзі болып саналады. Ал енді Ауғанстанның «аса жоғары сапалы есірткі тауары» бүкіләлемдік қара рынокта» үздіксіз сұранысқа ие болып отырған негізгі тауарлардың бірі екені жасырын емес. Осы тұрғыдан пайымдайтын болсақ, ауғанның есірткі бизнесінің «қара коридоры Тәжікстан мен Түрікменстан арқылы Өзбекстанға жетіп, одан біздің еліміздің оңтүстіктегі шекарасы арқылы Ресейге жол тартады. Ресми емес мәліметтерге қарағанда, Ресейге жеткен есірткі тауарының басым бөлігі «есірткі бизнесінің әлемдік деңгейдегі астанасы» болып саналатын Амстердам қаласына жетіп бір-ақ тоқтайды екен. Міне, осы Амстердамнан әлемнің түпкір-түпкіріне «тарақандай тарайтын» есірткі заттары бүгінгі күннің «басты бас ауруының» бірі. Ашығын айту керек, Ұжымдық қауіпсіздік келісімі Ұйымының (ОДКБ – ҰҚКҰ) Орталық Азия мен Қазақстан аумағындағы есірткі коридорына тосқауыл қою жөніндегі келісімшарттары негізінен қағаз жүзінде қалып қойып отыр. Үшіншіден - Орталық Азиядағы ішкі қауіпсіздік мәселесі, жоғарыда аталған агенттік мәліметтеріне қарағанда, тәуекелдің ар жақ, бер жағында болып отырғанға ұқсайды. Бұл әсіресе біздің елімізге қарай ағылып-жөңкіліп жатқан Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінің арзан жұмыс күшіне байланысты. Миграция, былайша айтқанда. Осы тұрғыдан алып қарағанда біздің елімізге рецессия қаупі бар, өйткені рецессияға әлемдік рыноктағы мұнай бағасының күрт төмендеуі белгілі бір дәрежеде өз әсерін тигізеді. Ішкі саяси ахуал Өзбекстанда өзгере қоймайды – бұл елдегі мемлекеттік жүйе тұрақтылығы президент Кәрімовтің «темірдей тәртібінің» негізінде «кірпіштей қаланып, күзгі көлеңкедей» ұзара түскен. Ал енді біздің құдайы көршіміздің бірі – қырғыз еліндегі ішкі жағдай үстіміздегі жылы аумалы-төкпелі болуы әбден мүмкін. Қай тұрғыдан алып қарағанда? Рас, елде бұрынғыдай «түрлі-түсті» бас көтерулер бола қоймайды, әйтсе де елдегі бірқатар батыстық бағыттағы саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстар Еуразиялық экономикалық одаққа өту жөніндегі Атамбаев саясатына қарсы. Мұның өзі ішкі саяси тұрақтылықтың «фундаментін қопарып» жіберетін болса, мұндай «саяси толқынның кішкентай желі» қазақ елінің де қақпасын қағуы ғажап емес. Алла бетін аулақ қылсын әрине, әйтсе де «сақтансаң – сақтайды» деген де бар емес пе?!

Аталмыш агенттік айтып отырған аса көңіл аударарлық «біртүрлі болжамдардың» бірі – 2015 жылы Еуразиялық экономикалық одаққа Тәжікстанның да қосылуы мүмкін деген болжам. Байқайсыз ба, Құрметті оқырман, ЕАЭО-ғаалдағы мамырда қырғыз елі мен Армения енетін болса, оның соңын ала Тәжікстан да «қылаң» беріп қалатын сияқты. Оның арғы жағында Түрікменстан да алыс емес. Сонда бұл өзі не боп бара жатыр? Сұрқия саясат сахнасының ойыншылары осылайша Кеңес Одағының ҚАҚПАСЫН қағып тұрған жоқ па деген де жаман-жаман ойлар қауашағымызды қаумалайды осындайда. Ұжымдық қауіпсіздік келісімі Ұйымынан баяғыда бас тартқан «Кәрімовтің Өзбекстаны» үстіміздегі жылдың соңына қарай осынау қауіпсіздік ұйымының мүшелігіне қайтып оралуы мүмкін деген де жорамал жоқ емес – «Сыртқы саясат» сарапшыларының сараптамаларына көз жүгіртіп көрсек. Мәселе мұндай бағыт ала қалатындай болса, осыдан бірнеше ай бұрын ғана «тәуелсіз Өзбекстан кез-келген Одаққа мүше болмайды!»деп кесіп-пішіп айтып тастаған ИСЛАМ аканың сөзі қайда қалады? Көңілімізге дәт қылатын біз үшін және бір жақсы мәлімет – президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың бастамасымен өмірге жолдама алған «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында еліміздегі көлік жүйесінің 2017 жылға дейін реконструкциялануы мәселесі жаңа қарқын алатын көрінеді. Мұның нақты нәтижесі Қытайдан бастау алатын жүк тасымалының Ресей мен Еуроодақ елдеріне қарай ағылатын көлемінен көрінетін болмақ. Жүк тасымалының көлемі көбейе қалатындай болса, әрине!

Ресейдің аталмыш агенттігінің әлемге таралып жатқан жоғарыдағы сияқты негізді-негізсіз ақпараттары, шынын айту керек, ЕАЭО арқылы бұрынғы ОДАҚты насихаттау кампаниясының «арнайы ақпараттарына» ұқсап бара жатыр – «көлеңкесіне көзімізді ашып» қарайтын болсақ. «Сыртқы саясат» осындай да осындай ойларымен не айтпақ сонда – міне, ГӘП қайда жатыр? «Кеңес Одағының қақпасы қайда?» десек, ол қақпа ақырын-ақырын ашылып келе жатқанға ұқсайды – ЕАЭО болып. Мұнымыз әлбетте, «от ала жүгіретіндей ойбайлау» емес, ойбайлаудың «көкесі» алда әлі. Асықпасақ! Қалай деген күннің өзінде де «Сыртқы саясат» агенттігінің «сандырақтарын» «ит үреді, керуен көшедіге» санап, санамыздан сызып тастауымызға әсте болмайды – сыртқы саясатта «бір саусақтың бүгулі» жүргені әсте теріс емес, негізі.

Марат Мадалимов

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары