Иранның ядролық мәселелері бойынша ұзақ жылдар бойы бір шешімге келе алмай жүрген «алтылық», ( P5+1 Ресей, Қытай, АҚШ, Англия, Франция және Германия) міне, Лозанада келісімге келген сияқты.
Қарсыластар арасындағы қарым-қатынас жақындасу мен түсіністік жағына ауып бара жатқаны байқалады. Бұл келісім нәтижесінде Иран өзінің ядролық бағарламасын бейбіт бағытта дамытуға ие болып, Ираннан ядролық қару шығармайтыны туралы кепілдік алды. Бұл келісім Иран экономикасының «бас ауруы» болған Батыс елдерінің тарапынан қойылған санкциялар мен сауда эмбарголарынан құтылуға жол ашады. Ең қызығы, АҚШ-тың осы тақырыпта өзінің ең жақын одақтасы Израильдың және шииттерге қарсы дәстүрлі араб монархтарының бұл келісімдерге қарсылығына қарамастан, Иранның ядролық мәселесінде бір сөзге тоқтауға бет алды. Ядролық бағдарлама бойынша Иранмен жүргізілген келісімдерді «жақсы келісім» деп бағалағанын Барак Обаманың өз аузынан естідік («Deutsche Welle», Германия).
Осылайша, 10 жылдан астам талқыланып келе жатқан мәселеде екі жақ бірнеше күннің ішінде келісімге келе қалды, неліктен? Міне, біздің ойымызды мазалайтын сұрақтар:
Таяу Шығыста (Иемен) қақтығыстың жаңа шоғы маздай бастағанда, «алтылық» Иранмен неге тез келісімге келе қалды?
Көп жылдар бойы келісе алмай жүрген Обама, неліктен Тегеранмен тезірек келісімге келу жайлы тікелей тапсырма берді?
Иранға қатысты қысымын АҚШ неге кенеттен әлсіретті?
Міне, осы мәселелерге біз өз тарапымыздан жауап беріп көрсек. Ядролық мәселені шешкеннен кейін, жарияланған санкцияның күшін жойып АҚШ, Батыс Еуропа елдері Иранмен экономикалық, саяси қатынастар орната бастайды, бұл сөзсіз Таяу Шығыс және Орталық Азия елдеріндегі геосаяси ланшафтысының өзгертуіне әкеп соғады. АҚШ, Батыс Еуропа елдері Иранмен жақындасуда өздеріне тиімді бірнеше мақсаттарды көздейді:
1. Санкция алынғаннан кейін Иранның экономикасы тез қарқынмен дамып, аяғына нық тұрғаннан кейін көрші елдерге өз саясатын жүргізіп, шиизмнің шоғын үрлеп, Таяу Шығыс елдерінде шиитердің айшығын құра бастайды. Бұл дегеніңіз сүниттер мен шииттердің қақтығысына әкеліп соқтырады. АҚШ және батыс Еуропаның көздегені Иран арқылы сүнит мемлекеттерінің көшбасшылары Сауд Арабиясы, Түркия, Египетті әлсірету және Таяу Шығыс елдерінде соғыстың толастамауын көздеп отыру («разделяй и властвуй»). Сүниттер мен шииттердің басын бір қазанға салып қойып, қырқыстарын қазіргі заманғы «колизейдегі» англосаксондық көрермендер ретінде тамашалау.
2. Иранды тыңдамайтын Таяу Шығыс елдерін қорқытып отыратын қолшоқпар ретінде ұстау.
3. АҚШ-тың Иранмен қарым-қатынасын жаңа жақындасу сатысына шығарудағы мақсаты – Ресейді оқшаулау саясатының бір тармағы деп айтуға болады. Яғни Ресейді одақтастарынан немесе болашақта одақтас болуы ықтимал деген елдерден араларын алшақтату. Сол арқылы әлемнің екі полярлы жүйеге ауысуына тосқауыл болу. Себебі, Иранды қыспаққа алған санкциялардың әсерінен шығыстағы елдермен, оның ішінде Ресеймен жақындасуға мәжбүр болғанын білеміз.
4. Кейінгі жылдары екі ел арасындағы сауда-саттық, әскери техника алаңдарында екеуара іскерлік жақсара бастағанын да білеміз. Тіпті Ресей Батыстың қарсылығына қарамастан, ешкімге қия бермейтін стратегиялық С-300 әуе шабуылына қарсы қорғаныс техникаларын Иранға жіберуге келісімге де отырған болатын (бірақ, жіберіп үлгермеді).
5. Батыс Еуропа елдері Ресейдің газынан мүлдем бас тартып, Иранның газын тұтынуға көшті. Сондықтан Иран санкциялардан босағаннан кейін Еуропаны өзінің газымен толық қамтамасыз ететін Ресейдің бақталасына айналады.
6. АҚШ Иранды пайдаланып, Орталық Азия елдеріне экономикалық және саяси ықпалын жүргізе бастайды.
7. АҚШ Каспий теңізіне қатысты дау-дамайды ушықтырып, Иранды Ресейге қарсы қоюы мүмкін. Ресей, Қазақстан, Әзербайжан, Түркіменстан, Иран араларында Каспий теңізін бөлу әлі күнге дейін шешілмей келе жатқан өзекті мәселе болып отыр.
8. АҚШ Қытайдың экономикалық дамуына кедергі жасау мақсатында Иран мен Үндістанды тежегіш ретінде қолданады.
Думан Көпбаев,
саясаттанушы