Биыл қазан айында Қырғызстанның сол кездегі басшысы Алмазбек Атамбаев президенттікке кандидаттардың кейбірі мен Қазақстан билігіне қатты сын айтқаны белгілі. Ал оның алдында, нақтырағы, қыркүйек айының ортасында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан президенті сайлауына түсіп жатқан кандидат Омурбек Бабановпен кездескен-ді. Ресми Бішкек мұны «Қазақстан жағының Қырғызстан халқының таңдауына ықпал етуге және Қырғызстанның ішкі ісіне араласуға тырысуы» деп бағалаған.
Ал ресми Астана шекарадағы тексеруді Қырғызстаннан келетін «контрабандамен күресу үшін» күшейткенін алға тартқан. Алайда, Бішкек билігі Қазақстан шекарада «қолдан кедергі жасап отырғанын» айтып, Дүниежүзілік сауда ұйымына және Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) жүгінген болатын. 10 қазанда Қазақстан Қырғызстанмен шекарада тексеруді күшейтіп, шекараның қырғыз жағында жүк көліктерінің кезегі пайда болған. Шекарадағы мәселе Қырғызстанның жаңа президенті Сооронбай Жээнбеков қызметіне кірісіп, 30 қарашада Минскіде Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескеннен кейін ғана шешіліп, шекарадағы бақылау бұрынғы қалпына түскені де есте.
Екі елдің арасына жік салуын тоқтатпай, Алмазбек Атамбаев Қазақстан басшылығының атына екінші мәрте сын айтып, Қырғызстан Қазақстан билігінің «өзімбілемдігі» салдарынан бір айдан астам уақыт ЕАЭО-мен байланысын үзгенін мәлімдеген. Ал Атамбаев қорытынды баспасөз конференциясында «көршіге сабақ» болатын ісіне өкінбейтінін де жеткізген.
Қырғызстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілдігі ұйымға мүше елдерді Қазақстан-Қырғызстан шекарасында қалыптасқан жағдайдан хабардар етті. Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі 17 қарашада БҰҰ штаб-пәтерінде Бас Ассамблеяның екінші комитетінің отырысында экономикалық, экологиялық және қаржылық мәселелерге қатысты бірсыпыра қарар қаралғанын хабарлады. «Бір жақты экономикалық шаралар –дамушы елдерді саяси және экономикалық тұрғыдан мәжбүрлеу шаралары ретінде» деп аталатын қарарды талқылау кезінде Қырғызстан өкілі Миргүл Молдоисаева Қазақ елінің 10 қазаннан бастап шекарада «адам, көлік пен тауардың еркін өтуіне қолдан кедергі жасап отырғанын» айтқан.Сыртқы істер министрлігінің хабарламасында: «БҰҰ-ға мүше елдер Қазақстан-Қырғызстан шекарасында қалыптасқан жағдайдан, Қырғызстан экономикасына зиян келтіру үшін және елдің инвестициялық әрі туристік тартымдылығына нұқсан келтіру мақсатында экономикалық және транспорттық блокада қолданылып жатқанынан хабардар етілді» делінген.
Ал Қырғызстан премьер-министрінің орынбасары Толкунбек Абдыгулов Қырғызстан Қазақстанмен шекарадағы жағдайға байланысты Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) Қазақстанның үстінен берген шағымын қайтарып алуы мүмкін екенін баспасөзге айтқан еді. Ол тараптар шекарадағы дауды реттейді деген «жол картасын» іске асыру туралы келісім жасасқанын айтты. Сонымен қатар Абдыгулов мырза «Қырғызстан халықаралық келісімдерге сай өзіне берілген барлық құқығын толық қолданды. Ондай құқығы бар және ол күшінде қала береді» деген-ді.
Ал 30 қарашада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Минскіде кездесіп, шекара мәселесін талқылады. Кездесуден соң президенттер шекарадағы жағдайды реттейтін «жол картасы» желтоқсанның соңына дейін қабылданатынын хабарлаған. 2 желтоқсанда екі ел үкіметтері «жол картасына» қол қойған. Қырғызстан шекара қызметі кейін қазақстандық шекарашылар 3 желтоқсанға қараған түннен бастап шекарадағы бекеттерде жүк көліктерін өткізуді тездеткенін хабарлаған.
Желтоқсанның 25-інде Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Қазақстанға алғашқы ресми сапарымен келді. Қырғызстан президентінің Өзбекстаннан кейін Қазақстанға ресми сапармен келуін сарапшылар арадағы салқындықты сейілту қадамы ретінде бағалады. Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев және Сооронбай Жээнбеков арасындағы кездесу меймандостық шырайда өтті. Қазақстан президенті: «Қазақстан Қырғызстанмен арадағы барлық мәселені шешуге дайын» екенін айтып, «өз басым, Қазақстан, Қырғызстан туралы бір рет болсын нашар пікір айтқан емеспіз және Қырғызстанға залал келтіретін бір де бір нәрсе жасаған жоқпыз» деген. Сооронбай Жээнбеков те Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдіріп, оны «ақсақал» деп атаған еді.
Қазақстан мен Қырғызстан билігі арасында биыл күзде болған салқындықтан кейін саяси сарапшылар екі ел арасындағы жағдай Қырғызстанның жаңа президенті қызметке кіріскеннен кейін шешіледі деп болжаған. Минскіде биылғы 30 қарашада Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы саммиті аясында Нұрсұлтан Назарбаев пен Сооронбай Жээнбеков бейресми жағдайда кездесіп те үлгерген. Сол кездесуден кейін олардың қатынасты жаңадан бастайтыны туралы мәлімдемесінен кейін бұл болжам шындыққа жақын көрінген. Сол кездесуде Назарбаев Жээнбековті Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырған.Артынша, Қазақстан билігімен қатынасты қалпына келтіру жолында Сооронбай Жээнбеков біртіндеп экс-президент Алмазбек Атамбаевтың ықпалынан шыға бастайды деген де түрлі жорамалдар болған-ды. Алайда Сооронбай Жээнбеков алғашқы ресми сапарын Өзбекстанға арнады. «Жаңадан сайланған президент қай елге алғашқы ресми сапармен барса, сол елді маңызды стратегиялық серіктес санайтыны туралы» жазылмаған дипломатиялық заңдылықтарға орай саяси сарапшылар бұдан кейін Қырғызстан сыртқы саясатта Қазақстаннан гөрі Өзбекстанға басымдық бере бастады деген ой түйген еді.
Мамандар Қазақстан мен Қырғызстанның саяси сарапшылары Сооронбай Жээнбеков әзірге Алмазбек Атамбаевтан қалған команда мүшелерімен жұмыс істеп жүр деп болжайды. Қырғызстандық сарапшы Орозбек Молдалиев Сооронбай Жээнбеков «әзірге ықпалды қызметтерде кадрлық өзгерістер жасаған жоқ. Соған қарағанда «Атамбаевтың жолымен жүремін» деген сөзін орындап отырған болар» деп пайымдайды.
Сарапшылардың айтуына қарағанда, Қырғызстан парламентінде көпшілік орынды алып отырған Социал-демократиялық партия (СДП) партия 2018 жылы қаңтарда өтетін сайлауында Алмазбек Атамбаевты төраға етіп сайласа, онда Жээнбековтің Атамбаев ықпалынан шығу мерзімі ұзай беруі де мүмкін. Қырғыз сарапшыларының болжамынша «СДП өз сайлауын өткізген соң парламентті таратып, қайта сайлау өткізуге күш салуы мүмкін».
– Қазір де парламентте көпшілік орынға ие болып отырғанымен СДП-ға қарсы партиялар да парламентте отыр. Егер қайта сайлау өткізілсе, Алмазбек Атамбаев бастаған партия өзіне сателлит партиялармен ғана парламентке өтуге тырысады. Ал парламент үкіметті тағайындайды. Сол арқылы Алмазбек Атамбаевтың ықпалы қайта күшейеді, – дейді Марс Сариев.
Бұл нұсқаны да жоққа шығармайтын қазақстандық сарапшы Толғанай Үмбетәлиева Алмазбек Атамбаев қалай болғанда Қазақстанмен қатынасқа қарсы тұра алмайды деп санайды. Оның айтуынша, Қырғызстан сыртқы саясатында президенттің рөлі күшті, сондықтан Сооронбай Жээнбековтің жанында жүрген Атамбаевтан қалған кадрлар оған қарсы шықпайды. Өйткені бәрі де Қазақстанмен қарым-қатынасқа мүдделі адамдар.
Сарапшылардың пікірінше, Сооронбай Жээнбековтің алғашқы ресми сапарын Өзбекстанға арнауы да Қазақстан билігі мен Қырғызстан билігі арасында биыл күзде пайда болған салқындық лебі болуы мүмкін деген.
Дегенмен, саяси сарапшы, бұрынғы дипломат Орозбек Молдалиев басқа да қырына назар аудару керек деп санайды. Оның пікіріне сүйенсек, Өзбекстан мен Қырғызстан шекарасындағы даулы жерлердің мәселесі шешілуге жақындағаны Қырғызстан президентінің Өзбекстанға сапарын жеделдете түскенге ұқсайды.
– Шекарадағы даулы аумақтар –көптен келе жатқан күрделі мәселе. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев бұл мәселені шешуге ықылас танытқаны және нақты істер басталғаны белгілі. Атамбаевтың тұсында аяқталмай қалған мәселелер Жээнбеков қызметке кіріскенде даяр болды. Екіншіден, Назарбаев ресми сапармен шақырғанымен елшіліктер талқыланатын құжаттарды даярлап үлгерген жоқ. Сондықтан Жээнбековтің алғашқы ресми сапары Өзбекстанға стратегиялық басымдық берді дегенді білдіре қоймайды, –дейді ол.
Марс Сариевтің айтуынша, Өзбекстанның Орталық Азияда жетекшілікке ұмтыла бастауы Қырғызстан тарапынан елеусіз қалмаған.
– Әрине, Жээнбековтің алғашқы сапармен Өзбекстанға барғанын Қазақстан ескереді. Орталық Азиядағы жетекші ел рөлін меншіктеп келген Қазақстан соңғы кездері біртіндеп ол орыннан айырыла бастады. Қазақстанның интеллектуалдық элитасы Өзбекстан билігіне қарағанда кәсіби жағынан әбжіл еместей көрінеді. Өзбекстан аймақтағы интеграцияға қарқынды кірісіп жатыр. Ал Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелері құрамына өтіп, Сирия жанжалына бітімгерлік сияқты амбициямен жүріп, Қырғызстанмен тактикасын өзгертіп алды. Қазақстанның шекарадағы бақылауды күшейтуі Қырғызстанға қатты тиді. Қазақстан билігі бұл ретте икемдірек көрінуі керек еді, – дейді сарапшы. Марс Сариевтің сөзінше, «Қазақстан мен Қырғызстан билігі арасындағы салқындық аяқталды дегенмен оның әсері бірден тарқамайды. Тәжірибелі саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев Сооронбай Жээнбековпен кездесуде жылы қабақ танытуы, екі ел арасындағы қатынасты жақсартуға күш салатыны жайлы айтуы мүмкін, бірақ қалай болғанда Қырғызстанның Өзбекстанмен қатынасының қарқынындай болмайды».
Қазақстандық сарапшы Толғанай Үмбетәлиева қырғызстандық әріптестерінің кей пікіріне келіспейді. Оның айтуынша: «Қазақстан Сооронбай Жээнбековтің алғашқы сапарын Өзбекстаннан бастағанына айтарлықтай маңыз бермейді. Себебі, Нұрсұлтан Назарбаев қырғыз билігіндегі ахуалды біледі, алғашқы сапарды Өзбекстанға арнауда экс-президент Атамбаевтың ықпалы болуы мүмкін екендігіне түсіністікпен қарайды. Оның үстіне Қырғызстанның Өзбекстанмен қатынасы ұзақ жыл күрделі болғанын да ескеру керек».
Толғанай Үмбетәлиеваның айтуынша, Қазақстан Өзбекстанның Орталық Азиядағы белсенділігінің күшейгенін қолдайды және өзінің Орталық Азиядағы жетекшілік рөлімен бөлісуге де қарсы емес.
– Орталық Азияда жетекші болу – белгілі бір деңгейде қаржы және саяси жауапкершілік пен күш-жігерді талап етеді. Қазақстан оны жалғыз өзі тарта алмайды. Сондықтан серіктес ел табылғанына ренжімейді. Мұны Астананың Ташкентпен қарым-қатынасынан аңғаруға болады. Өзбекстан экономикасының дамығаны Қазақстанның дамуына да сөз жоқ әсер етеді,–дейді ол.
Толғанай Үмбетәлиеваның лебізіне қарағанда, Минскідегі кездесу кезінде белгілі бір келісімге келген Қазақстан мен Қырғызстан президенттері екі ел қарым-қатынасын жақсартуға осы жолы нақты қадам жасауына болады.
Ал Қазақстан парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтің сөздерін «жауапсыздық және популистік» деп атағаны да белгілі. Нығматулиннің пікіріне сүйенсек, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қырғызстан халқына ешкім жасамаған көмек көрсетіп, қолдап отыр». «Қырғызстан халқының Қазақстан басшысына қашан да жылышырай білдіріп, ризашылық сезіммен қарайтынын білемін. Сондықтан, Атамбаевтың мұндай «бос», популистік және жауапсыз сөздері екі халықтың бауырмалдық қарым-қатынасына зиянын тигізе алмайды» деген Нығматулин. Мәжіліс төрағасының пікірінше, Атамбаев президент қызметін атқарған кезеңде табысқа жете алмаған. «Атамбаевтың өзіне келсек, президент болған жылдары ол я экономикада, я саясатта бір де бір нәтижеге жете алмады. Ал кетіп бара жатыпсаяси, одан қалды ішкі мәдениетінің мүлдем жоғын көрсетіп отыр», – деп атап көрсетті Нұрлан Нығматулин.
Ал, Атамбаевтың Қазақстан басшылығы атына айтқан сынын Қазақстан парламенті сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де «лас шабуылға толы долданған сөз» деп баға берген еді.
Жалпы, ежелден ауылы аралас, қойы қоралас қазақ-қырғыз - бір-біріне өте жақын, туыс, бауыр халық. Кезінде қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Әбділда Тәжібаев: «Басымда менің ақ қалпақ, оюлап шетін сырғызған. Бетім де менің жап-жалпақ, айырмам қайсы қырғыздан», – деген екен. Ал Елбасы өз сөзінде: «Президенттер келеді, кетеді, бірақ көрші отырған ел қалады» деген. Сондықтан бір мезеттік саяси ойындар мен популистік қылықтар екі елдің арасына от салып, болашақта өз кесірін тигізбесе екен деп тілейік.
Сейілбек Садықұлы,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті,
Журналистика және саясаттану факультетінің аға оқытушысы