16.02.2018, 11:29

Президент Тамара Дүйсенованы қызметінен не үшін босатты?

Өткен аптада Президенттің жарлығымен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова лауазымынан босап, орнына Мадина Әбілқасымова тағайындалған болатын.

Осы ретте айта кету керек, Назарбаев Тамара Дүйсенованы өзін өзі жұмыспен қамтыған халыққа қатысты реформаны жүзеге асыра алмадың деп сынады. Енді осы кемшіліктің орнын Мадина Әбілқасымова толтырмақ. Яғни, ол еш жерде жұмыс істемейтін қазақстандықтарды түгендеп, оларға салық төлетуі мүмкін. Бұл әрине, қоғамда айтарлықтай наразылықты туғызды.

Ал, саясаттанушылар болса Тамара ханымның қызметтен кетуіне басқа себептер бар деп есептейді екен. 365info порталы жариялаған материалда олар экс-министрдің Президентке не үшін жақпай қалғанын болжапты.

Рақым Ошақбаев, экономист, «Talap» орталығының директоры:

- Ол жақсы министр болды. Өз басым Тамара Дүйсенова жетекшілік еткен еңбек министрлігі мәліметтер базасында жоқ азаматтардың мәртебесін анықтап, айқындау бойынша қомақты жұмыс атқарды, деп ойлаймын. Өткен жылы еңбек министрлігі халық санағын жүзеге асырды.

Мәселен, министрлік бес жарым миллион адамның мәліметтер базасында тіркелмегенін жариялады, ал бұл, шындап келсек, экономика үшін өте маңызды ақпарат.

Министр және ол жетекшілік еткен ведомство батылдық танытып, осындай қомақты іс атқарды. Сондықтан мен олар бастаған іске үлкен құрметпен қараймын, - дейді ол.

Толғанай Үмбетәлиева, Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының бас директоры, саяси ғылымдар кандидаты:

– Тамара Дүйсенова өзін ісіне мығым, білікті, кәсіби маман ретінде көрсете білді. Әрине, бір жылдың ішінде әлеуметтік саладағы жағдайды шынайы өзгертіп, жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерді шешу қиын. Қанша жерден кәсіби маман болсаң да бұл мүмкін емес.

Бірақ министр шахтерлердің бас көтеруі кезінде мемлекет өкілі ретінде елеулі саяси қате жіберіп, соның салдарынан лауазымымен қош айтысуға мәжбүр болды, деген болжам айта аламын.

Оның мәлімдемесі даулы жағдайдың шешілуіне ықпал етпей, керісінше, жағдайды ушықтырып, қоғамда кері, жағымсыз пікір туғызды. Сол сәтте министр шарасыздық танытып, жағдайды игере алмайтын адамның кейіпін танытты.

Президент үшін бұл сәтсіздікке пара пар. Өйткені бүгін мемлекет басшысы үшін кез-келген қайшылықты қоғаммен, халықпен бірлесіп шешкен маңызды. Ол мұны бірінші кезекте өзінің әр саладағы министр-менеджерлерінен күтеді, — дейді сарапшы.