$ 491.7  531.28  5.07

Қазақстанның «болашақ президенті» жұмыссыз жүр

Жұртты күлдірумен аты шыққан КВН-щик, бүгінде танымал актер атанып үлгерген Нұрлан Қоянбаев жұмыссыз жүр. Кеше ғана ол Qazaqstan телеарнасындағы «Түнгі студия» бағдарламасынан кеткенін мәлімдеген еді. Белгілі болғандай, Қоянбаев осы телеарнаның бас продюсері қызметінен де босап қалыпты.

Ал, осы оқиғалардан кейін «Жас алаш» газеті актердің жас кездегі арманын еске түсірді. Үлкен сахнаға енді шығып жүргенде Нұрлан Нұрсұлтан Назарбаевтың орнын басып, Қазақстан президенті болуды армандаған екен. Небәрі 2 жылдан кейін елде президенттік сайлау болатынын ескерсек, жұмыссыз жүрген Қоянбаевқа қазірден бастап әрекет ете берген дұрыс-ау...

Ал, біз назарларыңызға 1999 жылы «Жас алаш» газетінде жарияланған Қоянбаевпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Тарих факультетін тәмамдаған соң бойыңдағы қабілетіңді әрі қарай дамыту үшін театр институтына баратын шығарсың?

– Жоқ, өкінішке қарай, олай болмай тұр: ендігі кезекте заң-құқық білімімен «қарулансам ба» деймін. Өйткені менің түпкілікті мақсатым президент болу ғой. Қазіргі ісімнің бәрі сол үлкен мақсат жолындағы әрекет болып табылады. Осы күндегі басты арманым – қазақ жастарын ортақ мүддеге топтастыру, олардың өз Отанына, халқына деген сүйіспеншілігін ояту. Мен өте-мөте ұлтжанды жігітпін. Маған бір мұжықтың кемпірі «сен ұлтшылсың» деген-ді. Ұлтым үшін қажет болса, мен мұндай айыптаулы атақтан да бас тартпас едім.

– Үлкен саясатқа қашан араласасың?

– 15 жылдан кейін. Сол кезде мен 35 жаста боламын.

– Кешігіп қалмайсың ба?

– Күтпеген сауалым. Бірақ әлгі уақыт аралығында «ай қарап, жұлдыз санап» жүрмесім анық қой. Әзірге барша тарихи оқиғаларды талдап, сараптау үстіндемін. Мұның өзі көп пайдалы көрінеді. Өзіндік пікірің, көзқарасың қалыптаса бастайды.

Міне, 18 жыл бұрын Нұрекең осылай деген екен. Қарап тұрсақ, Нұрлан Қоянбаев шынымен де өзінің түпкілікті мақсатына қарай бет түзеп бара жатқандай. Айталық, «Түнгі студиядан» түнгі Қазақстанды билеп-төстеп отыр. Оған бас мемлекеттік арнадағы лауазымды қызметін қосыңыз. Қоянбаевтың телетанымалдығы өте жоғары, оны еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін біледі. Демек, президенттік сайлауға түссе, Нұрекең сөзсіз жеңеді. Бүкілхалықтық танымалдылығына қарап жеңбейді деп айта алмайсыз. Тек бір болымсыз кедергі болып тұрғаны… Түнеугүні президент сайлауына түсетін кандидаттарға талап өзгеріп, өзгеріс заңға еніп кетті. Ол заңның талабы бойынша, президенттікке кандидат кемі бес жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеген болуы шарт. Нұрекеңнің қазіргі қызметі мемқызметке жатпайды-ау, шамасы. Бірақ Нұрлан Қоянбаев мұндай кедергінің де амалын табатынына шүбә келтірмейміз. Бәлкім, түпкілікті мақсатына жету жолында Нұрекең қосымша мемлекеттік қызмет істеп жүрген де шығар, кім біледі… Қалай болғанда да президент болу мақсатында Ақордаға бет түзеген Нұрлан Қоянбаевқа ақ жол дейміз!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары