$ 491.7  531.28  5.07

Бергей Рысқалиев табылды. Бірақ Қазақстанға келмейді

Атырау облысының экс-әкімі Бергей Рысқалиевтің Лондонда жүргені анықталды. Бұл туралы қоғам белсендісі Серікжан Есенғосұлы өзінің Facebook-парақшасына жазып, екеуінің бірге түскен фотосуретін жүктеді.

Қазақстан билігі ағайынды Бергей мен Аманжан Рысқалиевтерді 2013 жылдың 31 желтоқсанынан бері іздеп келеді. Оған халықаралық іздеу жарияланған. Тағылған айып: мемлекеттің қаражатын талан-таражға салды, ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, бюджеттің 71 млрд теңгесін қалтаға басты. Кешегі аптада Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Рысқалиевті Астанаға тергеуге шақырған болатын. Экс-әкім бұл шақыртудан хабардар екен. Тек оның өз еркімен елге келіп, құқық қорғау органдардың қолына беріле салуы екіталай, ақылға да қонымсыз.

Серікжан Есенғосұлының айтуынша, Бергей екеуі Лондонда жуырда ғана жолығыпты. Ол ашығын айтпаса да, Бергейге тағылған айыптармен келіспейтінін меңзеген.

«Мен 90-шы жылдардың басында, шағын бизнеспен айналысқан кезде, Батыстың бір жігітімен таныстым. Есімі Бергей болатын. Содан бері әрқайсымыз өз жолын таңдап жүрдік, тек жақында Лондонда кездесіп қалдық. Кешеден бері жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Бергей Рысқалиевті тергеу мәселесімен Астанаға шақырып жатыр. Бергей əкім болып тағайындалуының алдында салық декларациясын жариялап, бай бизнесмен болғанын дәлелдеді. Ол иемденген зауыттар, мұнай кен орындары және дүкен желілерінің құны – 150 миллион АҚШ долларына жуық. Атырауда əкім болған кезінде мен Лондонда өмір сүрдім. Бірақ, жергілікті тұрғындардың айтуынша, ол кісі жұмысын адал және тиімді атқарған. Өңірді газ және сумен қамтамасыз етіп, жаңа көпірлер салған, каланың жолдары реттеліп, аудандарға дейін жаңа жолдарды салдырған. Бүгін де атыраулықтар Бергей тұралы жақсы жылы пікірде», - деп жазды С.Есенғосұлы өзінің Facebook-парақшасында.

Осы ретте айта кету керек, кезінде Рахат Әлиев көзі тірісінде Бергей мен Аманжан Рысқалиевтердің өлтірілгенін жазған болатын. Оның айтуынша, ағайындылардың денелері Астана - Бурабай тас жолының аралығындағы айдалаға көмілген-мыс. Алайда, осыдан екі-үш жыл бұрын Аманжан Рысқалиевтің шетелден өз туғандарын мерекемен құттықтаған видеосы табылса, бүгін Бергейдің де дін-аман екені белгілі болып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары