$ 444.22  476.38  4.82

Түркия елшісі: Кейбір БАҚ өкілдері «Зәйтүн бұтағы» операциясы туралы ақпаратты бұрмалап беруде

Бүгін Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык жергілікті БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізіп, Түркияның Сирия жерінде жүргізіп жатқан әскери операциясы туралы айтып берді. Елшінің сөзінше, кейбір журналистер мен блогерлер «Зәйтүн бұтағы» деп аталатын операция туралы ақпаратты бұрмалап берген.

Невзат Уяныктың айтуынша, аталған операция бейбіт тұрғындарға қарсы емес, керісінше лаңкестік ұйымдардың көзін жою мақсатында жүзеге асып жатыр екен.

- Түрік Қарулы күштері тарапынан шекарамызда және аймақта қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатымен Сирияның солтүстік-батысында орналасқан Африн аймағында«Күрдістан жұмысшы партиясы»,«Күрдістан қауымдастығы одағы», «Демократиялық бірлік партиясы», «Халықтық қорғаныс жасақтары» және ДАИШ-тың мүшелері болып табылатын лаңкестерді бейтараптандыру, сондай-ақ, достас және бауырлас аймақ халқын олардың қысымы мен зұлымдықтарынан құтқару үшін 2018 жылғы 20 қаңтарда сағат 17.00-де «Зәйтүн бұтағы» әскери операциясы басталды. Бұл операция халықаралық құқық нормалары аясында БҰҰ жарғысының 51-бабына сай «Өзін өзі қорғау құқығы» шеңберінде және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің терроризммен күреске қатысты, атап айтқанда 1624, 2170 және 2178 қаулыларына сәйкес Сирияның территориялық тұтастығын сақтай отырып жүргізілуде, - дейді түрік елшісі.

Ол сондай-ақ, жалған ақпарат таратушыларға да жауап берді.

- Аталған лаңкестік ұйымдар бастатқан дезинформация акциясын қолданып, көптеген бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде жазылып жатқандарға айтарым: операцияның жоспарлануы мен жүзеге асырылу кезінде тек қана лаңкестер мен олар паналап, бас сауғалап жүрген мекендер, лаңкестердің позициялары, қару-жарақ, техникалары нысанаға алынуда; бейбіт тұрғындар/кінәсіз адамдар мен операция алаңында орналасқан діни орындар және мәдениет нысаналары, тарихи және археологиялық ескерткіштер мен халыққа қызмет көрсету нысаналарының зиян шекпеуі үшін барлық сақтық шаралары назарға алынуда. Сондай-ақ, операция аясында халықаралық құқық пен келісм-шарттар тыйым салған оқ-дәрілер қолданылмайды. Мұндай оқ-дәрі Түрік Қарулы күштерінің инвентарында жоқ, - деді Н.Уянык мырза.

Оның айтуынша, Түркия әуе күштерінің ұшақтары жоғарыда аталған ұйымдардың 782 нысанын және 2059 содырдың көзін жойған. Сонымен қатар, лаңкестік ұйымдардың мүшелерімен болған қақтығыстарда Түрік Қарулы күштерінің 32 әскері қаза тауып, 183 әскер жараланды.

- «Зәйтүн бұтағы» операциясы жоспарға сәй ойдағыдай жалғасуда. Операция аймақты бейбітшілік пен тұрақтылықпен қамтамасыз ету үшін барлық лаңкестерге қарсы моральдық құндылықтар мен халықаралық құқық ережелері шеңберінде соңғы лаңкесті бейтараптандырғанша дәл осы күш жігер және табандылықпен жүргізілетін болады, - деп сөзін қорытындылады Невзат Уянык.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары