Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы ел президенті Си Цзиньпиннің билікте отыру мерзімін шектейтін бапты өзгертуді басым көпшілік дауыспен мақұлдады. Наурыздың 11-і күні Пекиндегі жиында үш мыңға жуық делегаттың екеуі қарсы дауыс берген, тағы үш адам дауыс беруден қалыс қалған.
Қытай конституциясына енгізілген бұл өзгеріс Си Цзиньпинге билікте шексіз мерзімде отыруға мүмкіндік береді.
Қытайдың өз ішінде өзгеше ойға қатаң шектеу салынған, әйткенмен шетелде білім алып жатқан Қытайдың кей азаматтары жаңа өзгеріске қатысты алаңдаушылық білдірген. Сан-Диегодағы Калифорния университетінде Си Цзиньпиннің суреті мен "Never My President" ("Менің президентім емес") деген плакаттар ілген. Одан өзге кемінде тағы сегіз университетте (арасында Австралиядағы оқу орны да бар) Қытай билігінің шешіміне қатысты сын айтылған.
Бұған дейін конституцияда Қытай төрағасы қызметіне бір адамның екі мерзімнен артық сайлануына шектеу қойылып келген. Мұндай ереже заңға 1982 жылы Қытайдың сол кездегі басшысы Дэн Сяопиннің бастамасы бойынша енгізілген. Қытай Халық республикасы құрылған 1949 жылдан бастап 1976 жылы қайтыс болғанға шейін елді үздіксіз басқарған Мао Цзэдуннің тұсындағыдай өмірлік диктатура қайталанбасы үшін билік жүйесіне әлгіндей өзгеріс енгізілген еді.
Дереккөз: centralasian.org