$ 494.87  520.65  4.91

«Қазақтарда мүлдем тіл болмаған»: орыс саясаткерлері қазақ тілінің латынға көшуін мазақ етіп, жаңа майданмен қорқытты (ВИДЕО)

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілін кириллицадан латын қарпіне көшіру туралы жарлыққа былтыр жыл соңында қол қойған болатын. Жасыратыны жоқ, содан бері көрші Ресей халқы бұл реформаны қазақтардан аз талқылаған жоқ. Біразы жақтаса, көбі «орыс әлемінен алыстап барасыңдар» деп қабақ шытты. Ал, күні кеше «Россия 1» телеарнасынан тікелей эфирде шығатын «Воскресный вечер» ток-шоуында орыс саясаткерлері мен тележүргізуші Владимир Соловьев қазақтың тілін мазақ етіп, елде майдан болуы мүмкін деп қорқытты.

Соловьевтің жексенбілік кеші бұл жолы АҚШ пен жақтастарының Сирияны атқылауына арналды. Талқылау барысында тележүргізуші «Қазақстан не үшін бұл тұрғыда Ресейді жақтап, сөзін сөйлеген жоқ» деген мәселе көтерді. Есте болса, Қазақстан билігі осыдан бірер күн бұрын «Сириядағы жағдай қарумен емес, саяси-бейбіт жолмен шешілуі тиіс» деген пікірін айтқан болатын. Ал, орыс саясакерлері мен саясаттанушыларының пікірінше, Қазақстан билігі АҚШ-ты айыптап, Сирия мен Ресей билігін «қолпаштауы» керек екен.

Осылай деп қазақ көршілеріне реніштерін білдірген Соловьев пен оның қонақтары Қазақстанның Ресейден алшақтап бара жатқанын айтты. Тіпті, латын алфавитіне көшуімізді мазақ етіп, Қазақстанда Украинадағыдай майдан болуы мүмкін дегенді айтып қалды.

«Қазақстанмен біздің альянс қандай өзі? Олар неге үнсіз қалды бізге қолдау білдірмей? Біз білмейтін шығармыз, бәлкім арамыздан қара мысық кесіп өткен болар? Әлде келесі майданның Қазақстанда болатынын күтеміз бе?» - деді тележүргізуші Владимир Соловьев студия қонақтарына.

Оның сөзін қолдай кеткен сарапшылардың бірі қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі үлкен қателік болды десе, РФ Мемлекеттік Думасы комитет төрағасының орынбасары Константин Затулин қазақтарда мүлдем тіл болмаған деп кекетті.

«Өкінішке қарай, Қазақстан тәуелсіздік алған уақыттан бері ақырындап қазақыланып барады. Мәселен, 91-жылға дейін елде орыстардың саны көп болса, қазір аз ұлттардың біріне айналды» - деп Затулин өкінішімен бөлісті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары