$ 494.87  520.65  4.91

Ассамблеяның алаш жұртына алғысы шексіз

Бүгінгі Қазақстан Республикасы – сан түрлі тілдер мен мәдениеттер тоғысқан көпұлтты, болашағынан үлкен үміт күт­ті­ретін, өркениетке қол созып отырған мемлекет. Оның басты себептерінің бірі – Қазақстан Республикасының тұ­рақ­ты дамуы, әлеуметтік өмірдегі, эконо­ми­кадағы, саясаттағы, ғылым мен мәде­ниет­тегі демократиялық өзгерістердің жар­­қын келешегі тек бейбітшілік пен ға­лам­­дық қауіпсіздік жағдайында ғана баянды болатындығында жатыр. Осы тұр­ғыда Ұлт көшбасшысы – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев аянбай тер төгуде.

Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында жариялады. Мұндай институтты құру қажеттілігі саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындаған еді. Аталған бастама мәдениет аралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт болып табылды. Жиырма жылдық тарихында Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді бастан кешірді. Оның дамуы барысында Н.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Бүгінде Ассамблея ел Президенті Төрағалық ететін конституциялық орган болып табылады. Бұл оның ерекше мәртебесін айқындайды.

Бұл бірегей институт Елбасымыз көздегендей еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, республикадағы тұрақтылықты сақтау мен ел дамуының мақсатына айтулы үлес қосып келеді.

Ассамблея қызметінің арқасында Қазақстанда этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен еркіндігі толығымен қолданылатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Қазақстанның көпэтностық бай кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісі орнады.

Бүгінде республикада Қазақстан этностарының мәдениеттері, тілдері, дәстүрлерінің дамуына қажетті барлық жағдай жасалған. Этномәдени бірлестіктердің өзінің саны тұрақты өсуде, қазір олар 800-ден асады, оның ішінде 28-і республикалық. 15 тілде газет-журнал, 8 тілде радиобағдарламалар 7 тілде телебағдарламалар шығады. Білім беру толықтай өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде жүргізілетін 88 мектеп жұмыс істейді. 108 мектепте 22 этностың тілі жеке пән ретінде жүргізіледі. Осымен қатар, балалардан басқа үлкендер де 30 этнос тілдерін оқуға мүмкіндік алған 195 этно-білім беру кешендері, жексенбілік және лингвистикалық мектептер ашылды. Қазақ және орыс театрларын қоспағанда елімізде тағы төрт ұлттық – өзбек, ұйғыр, корей және неміс театрлары жұмыс істейді. Әр жыл сайын Қазақстан этностарының тілдерінде бірнеше ондаған жаңа кітаптар жарық көреді. Жыл сайынға халықтық мерекелер Наурыз, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі, масленица, сабантой дәстүрге айналды. Егер мемлекеттің қалыптасу кезеңінде басты міндет этносаралық төзімділік пен қоғамдық келісім негізінде қоғамды ұйыстыру болса, ел дамуының жаңа кезеңінде, стратегиялық басымдық ретінде, қоғамның барлық азаматтары мойындаған ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесіне негізделген Ұлт Бірлігіне жету болып табылады. Сондықтан 2010 жылы сәуірде азаматтық қоғам мен мемлекеттік институттардың, азаматтардың сындарлы ұсыныстарын жинақтаған Қазақстанның Ел Бірлігі Доктринасы қабылданды. Қазақстанның Ел Бірлігі Доктринасы – халықтың, уақыт талабына сәйкес, бірігу қажеттігін түсінуіне негіз. Бұл – бізді қандай күш біріктіреді және біртұтас етеді - соны түсінудің тәсілі. Бұл – болашаққа бірігіп ұмтылудың серпіні.

Ел Президенті еліміздегі тіл мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Этносаралық қатынастар жүйесінде мемлекеттік тіл ел бірлігін қалыптастырудың маңызды факторы болып танылған. Сондықтан да Ассамблея қызметінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту маңызды орынға ие.

Ассамблея қызметі этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешіп келе жатқан ел ретінде Қазақстан Республикасының халықаралық беделінің өсуіне ықпал етуде. Бүгінде Н.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісім үлгісі әлем назарын аударып отыр.

Қазақстандық үлгі Біріккен ұлттар ұйымында, ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдерде, Копенгагенде, Венада, Женевада, Нью-Йоркте өткен халықаралық форумдарда таныстырылып оң бағаға ие болды, ЕҚЫҰ-ға қатысушы 56 мемлекет тіліне аударылды.

БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун елімізге сапары барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметімен танысып Ассамблея принципі БҰҰ-ның жұмыс принципімен толық сәйкес келеді деп атап өтті.

Қазақстандық үлгі Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ЕҚЫҰ-ның ұлттық азшылықтар ісі жөніндегі Жоғары комиссары арасындағы өзара іс қимылдың негізгі бағыттарының біріне айналды. Қазақстандағы қоғамдық келісім үлгісіне қызығушылық танытушы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар саны күн санап артып келеді.

Елбасы ел болашағы жарқын болуы үшін стра­те­гиялық бағдарламалармен қатар маңызды доктриналар қабылдап келеді. Сондай-ақ, әрбір Жолдауы бір-бірін то­лықтырып, сабақтастықтың үлгісін көр­сетіп отырады. Соның тағы бір дәлелі «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауы 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауымен тікелей сабақтасуында. Елбасы: «Біз тұрақтылықты бағалай біл­геніміздің арқасында бүгінгі табыс­тарға жеттік. Ешкімді кем­сіт­­­пей, ешкімнің тілі мен ділін ман­сұқ­тамай, барлық азамат­тарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең бас­ты байлығымыз – ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз», – деді. Сонымен қатар, биылғы жыл Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы.  Осы жылдың 6 ақпанында елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ресми түрде ашылу салтанаты болып өтті. Онда Қазақстан халқы Ассамблеясының өр­кениеттер диалогын дамытудағы орны жайлы сөз болды. Осыған орай, өркениеттер диалогы мәселесінің өзектілігі мен зама­науилығы күн тәртібінен түспейді.

Адамзат өзі жаралғалы бері өмір сүрудің мәні жайлы ойланып келеді. Кез келген тұлға (топ немесе халық) өзі өмір сүріп отырған өркениеттің өткені, бүгіні, болашағы жайлы ойлайтыны сөзсіз. Осыған орай ғылымның өркениет диалогына көңіл бөлуі заңды нәрсе. Жаһандану, «өркениеттер қақтығысы» туралы сөз болып тұрған қазіргі уақытта жалпы адамзатқа ортақ проблеманы – өркениеттердің диалогын зерттеу, оған баса көңіл бөлу аса маңызды. Әсіресе, адамдарды нәсіліне, ұлты мен дініне қарап алалап бөлу емес, керісінше, барынша біріктіру ең өткір мәселе болуға тиіс.

Жыр алыбы Жамбыл бабаның «Жігерлі болса, ер болар, бірлікті болса, ел болар» деген даналық сөзі бар. Шындығында, ел бірлігі болмаса, онда экономика мен әлеуметтік даму тұрмақ тәуелсіздік пен тұғырлылық туралы да сөз айтуға шама жетпес еді. Сондықтан да, бейбітшілік пен бірліктің маңызын ұғынған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы идеясын жарияласа, құтты мекенге тұрақтылықтың тамырын жайғызатын, бірлікке сызат түсірмеуді көздейтін Қазақстан халқы Ассамблеясын 1995 жылдың 1 наурызында құрды.

Содан бері бақандай 20 жыл өтіпті. Елбасының сол жылдары жасаған қадамы өз жемісін беріп, жұртшылықты жетістікке бастады, ең бастысы - Ассамблея татулық пен тыныштықтың тірегіне айналды. Осындай киелі құбылысты нығайта түсу мақсатында биылғы 2015 жыл - Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жарияланған болатын. Сондықтан да, табалдырықтан аттағаннан бастап Қой жылында елдің түкпір-түкпірінде осынау мерейтойға арналған шаралар бастау алса, бүгін ресми түрде Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы ашылып отыр.  

Осындай айтулы шараға орай өз құттықтауын жолдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ассамблея Жылы - барша қазақстандықтардың ортақ мерекесі, барлық 17 млн қазақстандықтың iсi» екенін алға тартады. «Ассамблея Жылы бiздiң орасан нақты iстер мен жаңа жетiстiктердiң жылы болады. Ассамблея жылы Конституциямыздың 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңiстiң 70 жылдығы секiлдi маңызды оқиғаларға бай. Биылғы жыл тарихи тағдыры ортақ халық бiрлiгiнiң жарқын көрiнiсiне айналуы тиіс. Қазақстан - бiр ел, бiр халық, бiр болашақ. Сондықтан Ассамблея Жылының басты идеясы - «Менiң елiм - мәңгiлiк ел!», - дейді Мемлекет басшысы Н. Назарбаев өз құттықтауында.

Шындығында, Қазақстан халқы Ассамблеясы Конституцияның 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңiстiң 70 жылдығы секілді мемлекеттік маңызды мерейтойлар қатарында аталып тұр. Қатарында аталып қана тұрған жоқ, тұтастай бір жылды осынау бірегей институтқа арнағалы отырмыз. Ендеше, бұндай органға  осыншама мемлекеттік мән беретін оның ерекшелігі нешік? Мәселені осы тұрғысынан алсақ та Ассамблеяның қоғамдағы орнының маңыздылығын мейлінше түсінер едік. Өйткені, Ассамблеяның басты ұраны - Ел бірлігі! Ал бірлік болмайтын жерде береке де, тірлік те  болмайтыны бесенеден белгілі, бұл жайында бабалардан қалған даналық ой, асыл сөздер де жеткілікті. «Бақ қайда барасың? Бірлігі жарасқан елге барамын!» демеп пе еді сондай даналықтың бірі. Түптеп келгенде, Тәуелсіздік жылдарынан беріге қарай жеткен әрбір жетістіктің, асқан әрбір асудың өзегінде - елдегі тыныштық пен тұрақтылық, бейбітшілік пен бірлік жатқаны да ақиқат.

Бұл жайында Елбасы Н. Назарбаевтың осыдан 20 жыл бұрынғы: «Бірлік аспаннан өзі келіп түспейді, тек қарқынды жұмыс арқылы ғана келеді. Мен кең-байтақ жерімізде татулық пен тыныштық болғанын тілеймін. Мұның, ең алдымен, миллиондаған қазақстандық отбасына керек екенін еске аламын. Мен қайғыдан шашы ағарған аналардың балаларын жоқтамағанын, сәбилердің мүгедек болмауын, қарт адамдардың күйреген үй­лерінің алдында қасірет шегіп, жыламағанын қа­лай­­мын» деп мәлімдеуі институттың шын мәніндегі миссиясын ашып көрсетсе керек. 

Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл миссиясын лайықты деңгейде атқарып та келеді. Оның бірден бір айғағы осындай қазақстандық үлгідегі институттың керектігін әлемнің көптеген елдерінде мойындалуында болып отыр. Нақтыласақ, Назарбаев айқындаған қоғамдық келісімнің қазақ­стандық үлгісін зерттеу үшін Қазақстан халқы Ассамблеясына әлемнің 15 мемлекетінен, атап айтқанда, Болгария, Ұлы­британия, Германия, Франция, Испания, Италия, Қытай, Малайзия, АҚШ, Ресей, Түркия, Украина және Армения елдерінен шетелдік сарапшылар мен ғалымдар, дипломаттар, журналистер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері 60-тан астам өтініш білдіріпті. Түрлі деңгейдегі кездесулер барысында елімізге келген мәртебелі меймандар қазақстандық үлгіні мойындап қана қоймай, толеранттылықтың ең таңдаулы үлгісі ретінде зерттеп, зерделеуге және оны өз елдерінде қолданысқа енгізуге ынталы екендерін де айтып жатады.

Бұдан бөлек, осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы азаматтық қоғамның барынша дамыған бір саласына айналды. Институт еліміздегі қоғамдық бірлестіктер мен мемлекеттің өзара әрекеттестігіне қажетті басты сұхбат алаңы тұрғысынан да танылып келеді. Мәселен, ҚХА Төрағасының бірінші орынбасары Ералы Тоғжанның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда 820 этномәдени бірлестік жұ­мыс істесе, Ассамблея мен этномәдени бірлестіктердің активі 67 мыңнан астам адамды қамтиды. «Елбасының тапсырмасы бойынша аймақтық әкімдіктердің жанынан ақылдастық-кеңес­тік орган ретінде құрылған Қоғамдық келі­сім кеңестері Ассамблеяның Елбасы айқын­дап берген жалпыхалықтық институт мәрте­бе­сін айшықтай түседі. Себебі, ауыл, аудандар­дағы әртүрлі ұйымдардың басын бір арнаға тоғыстыратын, қоғамда туындайтын негізгі сауал­дардың барлығымен айналысатын осы кеңестер. Бүгінде еліміздің барлық аймақтарында түрлі деңгейдегі 1035 қоғамдық келісім кеңесі табысты жұмыс істеуде. Ассамблеяның жанынан құрылған От­басында толеранттық тәрбие беру жөніндегі Аналар кеңесі еліміздің ең басты құндылықтары - татулық пен тұрақтылықты ұрпақ жадына сіңіру­дің тиімді тетігі ретінде өз жұмысын бастады», - дейді Ералы Тоғжан.

Сонымен қатар, Ассамблея «Мәңгілік Ел» мен Ел бірлігі саясатын насихаттау тұрғысынан да ерекшеленіп отыр. Мысалы, қоғамдық келісім мен бейбітшілікті насихаттаудың қуатты құралы ретінде Ассамблея қолдауымен әлемнің 47 мемлекетіне таралатын «Достық - Дружба» журналын, 4 телеарнада тұрақты түрде шығатын 5 телебағдарлама мен 8 радио бағдарламаны, 9 республикалық басылым­дағы 22 тұрақты айдарды, Қазақстандағы түрлі этностардың тілінде жарық көретін 37 мерзімді баспасөзді санап шықсақ та болады. Бұдан бөлек, Ассамблея қызметін халыққа таратуға 100-ден астам республикалық басылым мен электронды ақпарат құралы жұмылдырылыпты. Ассамблея жанынан құрылған этносаралық қаты­настар мәселелері жөніндегі журналистер мен сарапшылар клубы да ортақ іске өз үлестерін қосып келеді екен.

Бір сөзбен айтқанда, сонау жылдары Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің өміршеңдігін танытып қана қойған жоқ, қазіргі таңда одан әрі өрлеу үстінде. Ендеше еліміздің тұрақтылығы мен татулығына, бейбітшілігі мен бірлігіне қызмет ететін Ассамблея сияқты айрықша институтқа бір жылымызды арнау құптарлық қана емес, қуанарлық та іс. Тіпті бұл жыл дәл осы тұрғыдан алғанда тарихи жылға айналуы да әбден кәдік. Өйткені, қанша дегенмен табыстың, тұтастықтың кілті - бірлікте. Сондықтан да, Ассамблея жылының - Ел бірлігі жылы ретінде есте қалатындай өткізуге жұмыла алсақ игі

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Ассамблея