$ 498.34  519.72  4.85

Оңтүстік Қазақстанда сыбайлас жемқорлық қылмысы соңғы бес жылда 2,7 есеге азайған

Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті. Онлайн режимінде өткен отырысқа облыстар, Астана мен Алматы қалалары әкімдері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы өңірлік комиссиялар мүшелері қатысты. Отырыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы квазимемлекеттік сектордағы, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау саласындағы іс-қимыл шаралары, сонымен қатар Атырау және Оңтүстік Қазақстан облыстарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі өңірлік жоспарлардың іске асырылу барысы талқыланды.

Аталған жиында ОҚО әкімі А.Мырзахметов Оңтүстік Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2011-2015 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының орындалу барысын баяндады.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде құқық бұзушылық 2011 жылғы 277 деректен, өткен жылы 100 жағдайға дейін төмендеді. Ал, жергілікті атқарушы органдардағы құқық бұзушылық көрсеткіші 188-ден 70-ке дейін төмендеп, 2,7 есеге азайған.

Облыс аумағындағы 16 қоғамдық қабылдау орнында ұйымдастырылған «Бірыңғай қоғамдық қабылдауға» 2451 адам жүгінген.

Жүктелген міндеттердің орындалу тиімділігін арттыру және ұйымдастыру шараларын жүйелендіру туралы облыс әкімінің арнайы Өкімі қабылданған. Осы құжатқа сай облыс әкімінің орынбасарлары мен бас инспекторлары айына екі рет міндетті түрде аудан, қалаларға шығып, тұрғындар арасында қабылдау жүргізуде.

Өңірде бюджетті жоспарлау және қаржыны тиімді игеру жүйесін жетілдіру мақсатында және мемлекеттік сатып алуда құқық бұзушылықтың алдын алу үшін облыс әкімдігінің арнайы Регламенті бекітілген.

Регламентте мемлекеттік сатып алу рәсімдерін, келісімшарттың орындалуы кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған жағдай туғызатын құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында құрылыс нысандарының құны мен сапасына қойылатын талаптар күшейтіліп, нысандардың оңтайландырылған шектік құны белгіленді. Нәтижесінде салынатын нысан бағасы 30 пайызға дейін төмендеді. Инвестициялық жобалардың құнын үлгілік жобалармен сәйкестендіру және Регламенттің орындалуына тиісті мониторинг жасау мақсатында 115 инвестициялық жобаның құны қайта қаралып, 1,2 млрд. теңге қаржы үнемделген.

Мердігерлердің құрылыс біткеннен кейін беретін кепілдік мерзімі екі жылдан бес жылға ұзартылды.

Жер телімдерін жекеге беруде жариялылықты қамтамасыз ету үшін БАҚ-тағы хабарламадан бөлек, ауыл әкімдеріне шаруа қожалықтарын тікелей хабардар ету міндеттелді.

«Қазпошта» арқылы субсидия  агроқұрылымдарға қағаз түріндегі тізім бойынша беріліп келген болатын. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін агроқұрылымдарға субсидиялар электронды нұсқада төлене бастады.

Облыс әкімдігі сыбайлас жемқорлық жасауға ықпал ететін нормаларды жою бойынша 50-ге жуық заңнамаға 95 ұсыныс жолдады. Ұсыныстардың 8-і қолдау тауып, Қазақстан Республикасының Заңдарына тиісті өзгерістер енгізілді.

Осыдан төрт жыл бұрын мектептердегі бухгалтериялар орталықтандырылып, аудандық, қалалық білім бөлімдеріне берілді. Осының себебінен білім саласында заң бұзушылық күрт қысқарды, қосымша 1083 штаттық бірлік қысқартылып, 2011 жылдан бері жыл сайын 468 млн. теңге қаржы үнемделуде.

Білім саласы бойынша екі жыл қатарынан үш жақты (аудан, қала әкімдіктері, аудандық, қалалық білім бөлімдері және басқарма) міндеттеме қабылданып, мемлекет қаржысын тиімді және мақсатты пайдалану, орындамаған жағдайда қатаң шара көру тетіктері бекітілді.

Құқық бұзушылық мемлекеттік рұқсат қағаздарын беруде де жиі кездеседі. Осы мәселені оңтайлы шешу үшін республикада бірінші болып облыста «Бір терезе қағидасы» ретінде «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» ашылды. Бүгінде барлық ауданнан ашылған бұл орталық сыбайлас жемқорлыққа қарсы және әкімшілік кедергілерді азайтуға тиімді инструмент екендігін дәлелдеп отыр (құрылыс жүргізуге рұқсат алу 151 күннен 36 күнге, газды тұтынуға қосылу техникалық шартын беру мерзімі 90 күннен 7 күнге, электрмен қамтамасыз ету желісіне қосылу шарттары 30 күннен 15 күнге дейін қысқартылды).

«Аудан, қала әкімдерінің және басқарма басшыларының рейтингтік көрсеткіштері туралы» облыс әкімдігінің қаулысы қабылданды. Онда бірден-бір қаралатын көрсеткіш – заң бұзушылық. Сол сияқты ауыл, ауылдық округтердің әкімдері аппараттары қызметінің тиімділігін арттыру және жауапкершілігін күшейту шаралары қабылданды.

Жалпы, 2011-2014 жылдары облыстық басқармалар бойынша 145 қаржылық бақылау шарасы жүргізіліп, орын алған кемшіліктер бойынша 202 лауазымды тұлға түрлі деңгейдегі тәртіптік шараларға тартылып, 20 лауазымды тұлға қызметінен босатылды.

ОҚО әкімі А.Мырзахметовтің құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы ұсыныстарына қолдау білдірген Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова айтылған ұсыныстар аясында нақтылы жұмыс атқарылатынын мәлімдеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары