Мемлекеттік қызметшілер – билік пен бұқара халықтың арасын жалғайтын алтын көпір. Қарапайым тұрғындардың жергілікті билікке деген сенімі артып, мемлекеттік қызметшілер халық алдындағы жауапкершілік үдесінен шыға білгенде ғана екі арадағы көпірдің баршаға тиімді болатыны ақиқат, деп мәлімдеді Отырар ауданы әкімдігі персоналды басқару бөлімінің бас инспекторы Динара Жіпсібаева Skifnews тілшісіне.
Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде білікті мемлекеттік қызметшілер корпусын жасақтаудың маңыздылығына тоқталып, мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне көшу қажеттігін, әрбір басшы төменнен бастап барлық басқару сатыларынан өтуі тиістігін жеткізген болатын. Осыған орай Отырар ауданы әкімдігі персоналды басқару бөлімінің бас инспекторы Динара Жіпсібаева өз пікірін білдірді.
- Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Президенттің пәрменімен мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты ауқымды реформалар жүргізіліп келе жатқаны мәлім. Атап айтсақ, егеменді еліміз ТМД аумағында алғашқылардың бірі болып мемлекеттік қызмет туралы заңнама қабылдап, әкімшілік және саяси мемлекеттік қызметшілердің кадрлық резервін жасақтады. Қазақстан бұрынғы кеңестік кеңістікте алғаш рет мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеу енгізіп, мемлекеттік қызметшілерді кәсібилендіру шараларын жүзеге асырды. Қазіргі заманның мемлекеттік қызметшілерге деген талабы жоғары. Мемлекеттік қызметші тек білімді ғана емес, сонымен қатар, жауапкершілігі жоғары, тәжірибелі, әділдік, адалдық, адамгершілік қағидаларын қатаң ұстанған, өз елінің ұлтжанды азаматы болуы қажет. Күрделі кезеңде мемлекет алдында тұрған өзекті шараларды жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілер екенін ескерсек, бұл тұрғыда олар басқаларға өзінің ісімен, әділдігімен, қарапайымдылығымен, сабырлылығымен, шыншылдығымен, отансүйгіштігімен үлгі болуы керек, - дейді ол.
Оның пікірінше, мемлекеттік қызметшінің беделі – мемлекет беделі. «Ел мемлекеттік қызметкершілердің жұмысына қарап билікке, оның қарапайым халыққа деген көзқарасына баға береді. Бұдан мемлекеттік қызметкерлерге артылған жауапкершіліктің маңыздылығын байқаймыз. Десек те, олар «ұлттың қызметшісі» атанғанда ғана мемлекеттік қызмет мінсіз болатыны ақиқат» дейді инспектор Динара Жіпсібаева.