Сыбайлас жемқорлыққа жол берді деп айыпталған экс-премьер-министр Серік Ахметов айыптың бірде-бір тармағын мойындамады,
қорғаушысы оны ақтап шығуға күш салмақ. Бұл туралы оның адвокаттарының бірі Николай Лесник хабарлады.
«Қорғалушыны айыптаған қылмыстық тергеу органының тұжырымын негізді деп таныған прокуратура органдарының ұстанымымен келіспейтіндігімізді айтқым келеді. Олар оған қатысты істі сотқа жіберді. Қорғалушы тарап қадағалаушы органға өз ұстанымын берген шағымында білдірген, ол қанағаттандырылмады», - деді Н.Лесник.
Ол өз ұстанымын сотта әрі қарай қорғай түсетінін атап өтті.
«Қорғалушының кінәсіздігін дәлелдейтін объективті фактілер мен мән-жайлар бар. Ол сотта қаралады. Кейіннен істің нақты мән-жайы ескеріліп, біздің пікіріміздің негізділігі расталады, оған өздеріңіз куә боласыздар», - деп қосты адвокат.
Қарағанды облысы қылмыстық іс жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта 13 шілдеде келіп түскен 300 томнан асатын қылмыстық іс әзірге өндіріске қабылданбағанын айтты.
«Әлі үлгермей жатыр, іс ауқымды. Тиісті мерзім 5 тәулікте (ҚР ҚПК сәйкес) қабылданады. Бұл туралы БАҚ-та хабарланады», - деді сот кеңсесінде.