Түркия азаматтары бүгін мерзімінен бұрын парламент және президент сайлауларына дауыс беріп жатыр деп жазады Азаттық. Бұл ел Конституциясына президенттің өкілетін күшейтетін өзгерістер енгізуді өткен жылы референдум нәтижесінде аздаған басымдықпен сайлаушылар қолдағаннан кейін алғаш өтіп жатқан сайлау. Бүкіл ел көлемінде 180 мың сайлау учаскесі ашылған.
Президенттікке кандидат алты адамның арасында, сауалнама қорытындысы бойынша, қазіргі президент Режеп Ердоған алда тұр. Әйткенмен оппозициялық Республикалық халық партиясының кандидаты Мухаррем Индже сайлаудың екінші турына шығуы мүмкін дейді бақылаушылар. Кеше Индженің Стамбулдағы сайлаушылармен кездесуіне, өзінің айтуынша, бес миллионға дейін адам жиналған. Оның алдында Анкара мен Измирде де Индженің шерулеріне аса көп адам жиналған болатын.
Индже осы жолғы сайлауда жеңіске жетсе, Түркияда 2016 жылғы әскери төңкеріс жасау әрекетінен кейін енгізілген төтенше жағдай режимінің күшін жойып, ел азаматтарын кемсіту саясатын тоқтатуға уәде берген. Құқық қорғаушылар соңғы жылдары Түркияда мыңдаған адам саяси себептермен билік тарапынан қудалауға ұшырағанын айтады.
Президент сайлауына түскен тағы бір оппозициялық саясаткер, түркиялық күрдтер қолдайтын Халық демократиялық партиясының кандидаты Селахитдин Демирташ қазір қамауда отыр.
Режеп Ердоған соңғы 15 жыл бойы жоғары билікте отыр: әуелі премьер-министр болған ол 2014 жылдан бері президент қызметін атқарып келеді.
Сауалнама қорытындылары бойынша, парламент сайлауында Ердоған жақтастары алда келеді. Алайда, негізгі оппозициялық төрт партия сайлауалды альянсқа біріккендіктен, қазіргі президенттің партиясы парламентте көпшілік орынға қол жеткізе алмауы мүмкін.