$ 494.87  520.65  4.91

Ұлт жоспары: даму мен мәңгілік ел болудың кепілі

Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» ұлт жоспары мен 5 институттық реформаны іске асыруда «Болашақ» стипендиясының маңызы зор екендігін Ақордада өткен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссиясының кезекті отырысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова жастарға тағы бір айтып өтті.

«Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» ұлт жоспары мен 5 институттық реформаны іске асыруда «Болашақ» стипендиясының маңызы зор. Өйткені алға қойған міндеттерді сапалы орындауда бірінші кезекте әлемнің үздік жоғары оқу орындарын бітірген жоғары білікті мамандар қажет. Өздеріңіз білесіздер, 18 наурызда өткен комиссия отырысында мүдделі мемлекеттік органдарға бірнеше тапсырма бердік. Бірінші, 2016-2020 жылдарға арналған жаңа жоспарды жасау. Екінші, PhD жобасын іске асыру бойынша тұжырымдама жасау. Үшінші, 2014 жылғы тағлымдама бойынша және 2015 жылға магистранттар мен тәжірибеден өтуді белгілеу», - деді отырысты ашқан Мемлекеттік хатшы.

Отырыс барысында Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов «Болашақ» халықаралық стипендиясының 2016-2020 жылдарға арналған даму жоспарының жобасын ұсынды. Комиссия мүшелері «Болашақ» бағдарламасы бойынша Split PhD іске асыру тұжырымдасын мақұлдады. Тұжырымдама Қазақстанның Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында елдегі жоғары оқу орындарында ғылыми кадрлар даярлаудың жаңа жүйесін енгізуді көздейді.

Сонымен қатар отырыста алдын ала конкурстық іріктеуден өткен үміткерлерге «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау мәселесі қаралды.

Қорытындысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықова Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның жұмысын одан әрі ұйымдастыру аясында бірқатар тапсырма берді.  

«Нұр Отан» партиясының   XVI съезінде Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев елімізді әрі қарай жаңғырту үшін «5 институттық реформа» ұсынғаны мәлім. Оны іске асыру үшін «100 нақты қадам – Ұлт жос­пары» қабылданды, оны орындау Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуына мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар, аталған реформаларды іске асыру мемлекеттік аппараттағы және әлеуметтік саладағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алусыз мүмкін емес. Осы орайда, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа атымен төзбеушілікті және жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ғана емес, сондай-ақ, азаматтық қоғам институттарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысуын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуді көздейтін «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламасы ерекше маңызға ие бола түседі. Семинар-кеңеске қаты­су­шы­лардың алдында сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бі­рін­ші орынбасары Бауыржан Бай­бек құрылған кезден бастап «Нұр Отан» партиясының сыбайлас жем­қорлыққа қарсы мақсаты айқын тұрақты жұмыс жүргізіп келе жат­қанын, ал Мемлекет басшысының қатысуымен өткен партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында қабылданған 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламаның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік стратегияның идеологиялық өзегіне айналғанын атап өтті. «5 реформаны іске асыру Қазақстан мемлекеттілігін нығайту, либералдық қоғамды дамыту, «Қазақстан-2050» Стратегиясын орындау, сондай-ақ, жемқорлыққа жол бермеу мен мемлекеттік аппараттың ашықтығын арттыру үшін шынайы жағдайлар туғызады. Сонымен бірге, қоғамның белсенді қатысуынсыз, тек мемлекеттің күшімен ғана сыбайлас жемқорлықпен күресу тиесілі нәтиже бермейді. Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы бірыңғай майдан болып қарсы шығуы тиіс», – деп атап өтті сөйлеген сөзінде Б.Байбек. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің  сы­байлас жемқорлық көріністерін жою, барлық мемлекеттік органдардың қыз­ме­тін терең талдау және қоғамдық пар­тия­лық бақылауды жүзеге асыру бойын­ша түбегейлі шараларға арналған пар­тия­ның арқаулық алаңы екенін баса айтты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестердің басшыларына БПҰ-ның  сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде тұрақты әдістемелік және тәжірибелік көмекті ұйымдастыру тапсырылды. Жастардың «Жас Отан» жастар қанатының жұмысына ерекше назар аудару қажет, өйткені, жастар арасындағы оның белсенділігінен сыбайлас жемқорлыққа қатысты олардың көзқарасының қандай болатыны айқындалады. Партияның Жарғысы мен Док­три­насына сәйкес, бүгінгі күні «Нұр Отан» партиясы мүшесінің Әдебі кодексінің жобасы әзірленді. Партия мүшесінің Әдеп кодексінің басты мақсаты партия мүшесі мінез-құлқының моральдық-адамгершілік эталондарын күшейту, қазақстандық патриотизмді, партиялық тәртіпті нығайту және қоғам тарапынан партияға деген сенімді жоғарылату болып табылады. Партия мүшесінің  Әдеп кодексі бастауыш партия ұйымдарына талқылауға жіберілді. Семинар-кеңес барысында «Нұр Отан» партиясы жанындағы Республикалық қоғамдық кеңес төрағасы  Қайырбек Сүлейменов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қоғамдық ке­ңес­тердің партияның жемқорлыққа қар­сы бағдарламасының, сондай-ақ, пар­тия Төрағасының «Нұрлы Жол – бо­лашаққа бастар жол» Қазақстан халқына Жолдауында баяндалған Ұлттық қордан бөлінетін қаржының жұмсалуын бақылауды қамтамасыз ету бойынша тапсырмасының іске асырылуына қатаң бақылау жүргізіп отырғанын атап өтті. Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша партияның жұмыс істейтін институттары пайда болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламаны іске асырудың қадамдық тетіктері  ретінде Жол картасы мен іс-шаралар жоспары бекітілді. Бағдарлама шеңберінде «Жемқор­лықсыз ел – өсіп-өркендеген ел» жобасы іске асырылуда, «Қоғамдық бақылау туралы», «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» заң жобаларымен белсенді жұмыс жүріп жатыр, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» жаңа заң жобасын дайындауға бастамашылық жасалды. Сонымен бірге, тұңғыш рет Қазақстанда жемқорлықты қабылдаудың жыл сайынғы ұлттық индексін қалыптастыру үшін әдістемелік арқау дайындалуда.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 26 сәуір күні  Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісу рәсімінде Ұлт Жоспары деп ататын 5 институттық реформа ұсынған болатын. Сол кезде Елбасы: «Ел Конституциясына сәйкес жаңа ғана мен өзімнің халқыма ант бердім! Ондағы сөзді мен бүгін алғаш рет ең ізгі де жарқын мереке - Халық бірлігі күні қарсаңында айттым. Болып өткен президенттік сайлау біздің қоғам бірлігінің күшін нақты айғақтап берді. Мен біздің барша халқымызға ризамын!

Біз бүкіл әлемге халықтың бірлік күші мен берік топтасқандығын көрсеттік. Болып өткен сайлау тарихқа электораттық қатысу жөнінен халық ең көп қатысқан сайлау ретінде кіретін болады. Қазақстандықтар Отанға қызмет етуге шақырып, тағы бір мәрте маған үлкен сенім көрсетті. Біз бірге күрделі жолдан өттік: өзімізге сендік, Тәуелсіздік алдық, мемлекет құрдық, әлемге жаңа Қазақстанды таныттық, өзімізді біртұтас және ұлы ұлт ретінде таптық. Сіздердің сенімдеріңіз мені қашанда рухтандырып, сенімділік пен күш берді. Қазір мен,  бұған дейінгі жылдардағыдай, барлық жауапкершілікпен халыққа адал қызмет ететінімді, еліміз бен барлық азаматтарымыздың игілігін сақтайтынымды, біздің жоғары жалпыұлттық мүдделерімізді қорғайтынымды айтқым келеді.

2015 жылдың 26 сәуіріндегі сайлау Қазақстан халқының топтасқандығын, жұдырықтай жұмылғандығын, болашаққа бағыт ұстанғандығын қуаттап берді. Біз - бір отбасымыз және біздің бір ғана Отанымыз бар. Әрқайсымыздың тағдырымыз - Қазақстан тағдырында. Біз бей-берекеттіктен берекелі өркендеу жолына бірге өттік. Біз эксцессіз және катаклизмдерсіз күрделі «үшжақты транзиттен»: кеңестік жүйеден нарықтық экономикаға, демократия мен жаңа этносаралық келісімге өте алдық. «Қазақстан-2030» алғашқы ұзақ мерзімді Стратегиясын қабылдап, біз орнықты даму жолына нық түстік. Еліміз 1997-98 жылдардағы «Азия дағдарысын» еңсерді. Сын-қатерлерге қарамастан, біз жаңа елордамыз - Астананы, барлық қазақстандықтардың мақтанышын салуды бастадық.

Біздің мемлекеттік құрылысымыздың әлеуеттілігі 2007-2009 жылдардағы жаһандық экономикалық дағдарыстың сын-қатерлерін табысты еңсеруімен дәлелденді. Басқа мемлекеттерден ерекшелігі Қазақстан экономикалық өсімін сақтады және азаматтарымыздың өмір сүру деңгейін төмендеткен жоқ. 2012 жылға қарай Қазақстан әлемдегі бәсекеге аса қабілетті экономиканың елулігі қатарына енді. Біз халықтың табыс деңгейі орташа ел болдық. Біз әлемдегі 50 аса ірі экономиканың қатарына қосылдық. «Қазақстан-2030» Стратегиясы діттеген жеріне жетті. Мен 1997 жылы алға қойған басты міндеттер бар-жоғы 15 жылдың ішінде орындалды.

Мен біздің мемлекеттілігіміздің қадір-қасиеті туралы нақты көзге елестетуге мүмкіндік беретін маңызды асуларды атадым. Қазір мұның барлығы аға ұрпақтың жақсы есінде. Бірақ жас ұрпақ еліміздің бүгінгі игілігінің бағасын білуі және есінде сақтауы тиіс. Халқымыз мінезінің ең үздік сипаттары - сындарлылық, салмақтылық, прагматизм дәл сол қиын жылдары көрінді. Осы құндылықтарға адалдық біздің Мәңгілік Ел - ғасырларға ұласатын  күшті де тиімді мемлекет құру туралы арманымызды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

2050 Стратегиясы ұлт алдына жаңа кеудешіл міндет: әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу міндетін қойып отыр. Екінші онжылдықтың басындағы әлемдегі жағдай біздің жедел дамуымызға ықпал етті. Бірақ бүгін жаһандық әлем онша оңтайлы емес сценарий бойынша дами бастады. Дағдарыстар мен жанжалдар дүниенің төрт бұрышын біздің көз алдымызда тітіркендіріп отыр. Азаматтары қайыршылықта өмір сүріп немесе әскери жанжалдарда қаза тауып жатқан жолы болмаған мемлекеттер саны ұлғая түсуде. Тұрақсыздық Орталық Азияның шекараларына да тым жақын келіп тұр.

Соңғы 2-3 жылда, жаһандық проблемалардың өсе түскенін көре отырып, мен Қазақстанымызды қалай нығайту мен қауіпсіздендіру және аса табысты 30 елдің қатарына ену жолынан адастырмау туралы ойладым. Мен жағдайды басқа мемлекеттердің көшбасшыларымен талқыладым. Барлық жауапкершілікпен ұлтқа мына жайды ескерткім келеді. Біздің әрі қарайғы дамуымызға әлі 5 жаңа сыртқы сын-қатерлер қауіп төндіруін жалғастыруда.

Бірінші. Бұл - әлемдік тәртіптің дағдарысы мен ортақ белгісіздіктің өрістей түсуі. Қауіпсіздіктің әлемдік жүйесінің беріктігі жаңа сипаттағы жанжалдармен сыналуда. Әлемдік аренада экстремизм мен зорлық-зомбылықты пайдаланатын жаңа жүйесіз ойыншылар пайда болуда.

Екінші сын-қатер - әлемдегі экономиканың турбуленттілігі жалғасуда. Санкциялық, «валюталық» және сауда соғысы барлық елдерде проблемаларды ушықтыра түсуде.

Үшінші. Климаттың өзгеру үдерістері бүгін болжап болмайтын салдарлармен өтіп жатыр, түрлі катаклизмдерге жетелеуде.

Төртінші. Орталық Азия әлемдік опырылудың жаңа желілеріне ілігуі ықтимал, бұл да бүкіл өңір үшін сын-қатерге айналмақ.

Бесінші сын-қатер - жаһандық тәртіптегі дағдарыс пен әлемдік экономиканың тұрақсыздығы осы сын-қатерлермен күрес жөніндегі халықаралық үйлестіру жұмыстарына күмәнмен қарауға мәжбүрлейді.

Әлемдік экономиканың турбуленттілігіне жауап ретінде біз «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатын дайындадық. Оның басты мақсаты жаңа жұмыс орындарын құру мен жаңа экономикалық өсім үшін іргетасты нығайтуда батыл да жедел іс-қимыл таныту болып табылады. Алайда, сыртқы қатерлер өсе түсіп отырғанын түсіну маңызды. Сыртқы қатерлермен күресте шамамыз жету үшін бізге  ішкі жағымызды нығайту қажет. Осы жылдары қол жеткізілген таңқалдырарлық табыстарымыз бен игіліктеріміз мызғымайды деп есептеу үлкен қателік.

Мен ел алдындағы тұрған бес ауқымды ішкі міндеттерді көріп тұрмын.

Біріншіден, бізге тұрақтылығымыздың тірегі ретіндегі орта таптың үлесін ұлғайтып, бизнесті дамыту және елге орта табысы бар тұрғындарының саны басым мемлекет болуға көмектесу керек. Екіншіден, біз - ұланғайыр елміз. Сондықтан бізге Біртұтас ішкі нарықты дамыту және бүкіл өңірді теңдестіріп дамыту керек. Үшіншіден, жемқорлықпен күрес біздің жұмысымыздың басты басымдықтарының бірі болып табылады. Төртіншіден, жаңа жұмыс орындарын құру, ол үшін индустриялық бағдарлама жүзеге асырылып, бизнес дамытылуда. Бесіншіден, тарихтың жаңа белесінде ұлттың бірлігін нығайту. Осының барлығы біздің мемлекеттілігіміздің ХХІ ғасырдағы сын-қатерлері.

Әлемдік өзгерістер уақыты әр мемлекетті таңдау алдына қояды: реформалар немесе құлдырау. Өзгерістер кезеңінен өзін өзі жаңартуға, яғни реформаларға қабілеттілер лайықты өте алады. Біздің алдымызда орасан зор қағидатты міндет тұр: біздің мемлекеттік кемемізді  суға батпайтын ету. Алдағы жылдарға міндет: Қазақстанды нығайту және, тіпті, әлемдік дауылдарға қарамастан, әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына сенімді түрде ену.

Мен өзімнің сайлауалды тұғырнамам болған 5 институттық реформаны ұсындым. 26 сәуір күнгі дауыс беру қорытындысын мен халықтың жедел түрде реформалар жүргізуге деген тікелей мандаты ретінде қабылдаймын. Мен реформаларды жүзеге асыру үшін өзімнің барлық ерік-жігерімді, шешімділігімді көрсетіп, мемлекеттік аппаратты қоғамның күш-жігерін реформаларды орындауға жұмылдыру ниетіндемін. Аса таяу уақытта ел Президенті жанынан  Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрылатын болады. Оның миссиясы - 5 реформаны кезең-кезеңімен жүзеге асыруды басқару және мемлекеттік органдардың, бизнес-сектор мен азаматтық қоғамның іс-қимылын үлестіру.

Ұлттық комиссия жанында құрамында беделді шетелдік және қазақстандық сарапшылар бар Халықаралық консультативтік кеңес жұмыс істейтін болады. Бұл ең үздік халықаралық тәжірибені пайдалануға жағдай жасайды. Комиссияның бірінші отырысында мен бес реформа бойынша біздің не істегелі жатқанымызды түсіндіретін «Мемлекеттік құрылыстың одан арғы 100 нақты қадамы» атты Ұлт Жоспарын ұсынамын. «100 қадам» - бұл біздің жаһандық және ішкі сын-қатерлерге, сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда 30 дамыған мемлекеттің қатарына ену жөніндегі жоспарымыз. Реформаларды жүзеге асыру - алда тұрған 10-15 жылға бірінші кезекті жалпыұлттық міндет.

Мен реформалар жоспарын Ұлт Жоспары деп атадым, өйткені, реформалар Қазақстанның әрбір азаматының тікелей қатысуын талап етеді. Реформалар - тек мемлекеттік машинаның ғана емес, халықтың ісі. Реформалардың мәні - ұлтты жаңғыртуда. Ұлттың сапасы, халық рухының күші, уақыт сын-қатерлерін қабылдай білу және тек қана алға басу бұрын да мемлекет табысының айқындаушы факторы болған және бола береді.

Мен реформаларды жүзеге асырудың қатаң бірізді болуын қалаймын.

Бірінші. Алда тұрған мемлекеттік қызмет жүйесін реформалау, онда қызметшілер азаматтар құқықтарын құрметтеп және олардың заңды мүдделеріне қызмет ететіндей мөлдір де тиімді модельді қалыптастырады. Мемлекеттік қызмет меритократия қағидаты негізінде барлық азаматтарға өз қабілеттерін жүзеге асыру үшін бірдей мүмкіндіктер берілетін әділ қазақстандық қоғамның түпбейнесіне айналады.

Екінші. Реформа сот жүйесін жеке мүдде қуушылықтан ада етеді. Әділ сот төрелігі инвесторлар мен бизнес үшін қолжетімді болмақ. Жекеменшік құқығы мызғымайтын болады. Инвестициялық сот және халықаралық төрелік сот орталығы үздік халықаралық тәжірибенің үлгісі бойынша елдегі бизнес ахуалды әлемдегі ең тартымдылардың бірі етуі тиіс. 

Үшінші. Әлемде «қазақстандық экономикалық ғажайып» термині қазірдің өзінде пайда болды. Шынымен де, біз қысқа мерзімде өте көп жұмыс атқардық. Бүгінде Қазақстан - Орталық Азиядағы экономикалық көшбасшы. Бірақ тоқтауға болмайды. Реформалар ұлттық экономиканы білімге негізделген озық экономикаға айналдырады. Шешуші міндет - қазақстандықтардың тұрмыс жағдайын жақсарту. Бұл кең көлемде орта тапты құру үшін қағидатты түрде маңызды. Индустрияландыруға негізделген экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін біз түбегейлі құрылымдық реформаларды жүзеге асырамыз. Білім беру мен денсаулық сақтау Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің стандарттарына бағдар ұстанатын болады. Экономиканы әртараптандыру үшін біз өңдеу өнеркәсібіне трансұлттық компанияларды тартатын боламыз, ол Қазақстанның әлемдік нарыққа шығуын қамтамасыз етеді. Біздің еліміз Еуразияның көліктік және логистикалық орталығына айналмақ. «ЭКСПО-2017»-нің жоғары технологиялы инфрақұрылымдары арқауында ерекше мәртебемен «Астана» қаржы орталығы құрылатын болады.

Төртінші. Біздің қоғамымыздың көптүрлілігі - біздің әлсіздігіміз емес, күшіміз. Барлық азаматтар құқықтың бірдей көлемін пайдаланып, жауапкершіліктің бірдей жүгін арқалап және түрлі мүмкіндіктерге бірдей қол жеткізуі тиіс. Біздің қоғамымыз неғұрлым қуатты және біртұтас бола отырып, тарихи тұрғыда көптеген тілдерден және мәдениеттерден қалыптасты. Бүгінде бізді Мәңгілік Ел құндылықтары: азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, адалдық, оқымыстылық культі, толеранттылық, шын берілгендік пен патриотизм біріктіреді. «Егер алдағы бір жылды ойласаңдар - астық өсіріңдер; егер алдағы жүз жылды ойласаңдар - ағаш өсіріңдер; егер мәңгілікті ойласаңдар - Адамды тәрбиелеңдер» деген біздің ата-бабаларымыз. Мәңгілік Ел құндылықтары біздің бақуатты болашағымызға бағдарлама болады. Сондықтан біз елдің бірлігі мен топтасқандығы үшін одан әрі де өзіміздің ортақ азаматтық біртектілігімізді нығайтуымыз керек.

Бесінші. Реформа мемлекеттік аппараттың жұмысын мөлдір және азаматтарға есеп беретіндей етеді. Мемлекет жинақы болуы тиіс және өкілеттіктердің көбін мемлекеттік секторға беру қажет. Мен ұлтқа ұсынып отырған реформалар жоспары, біріншіден, беймаза әлемде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, екіншіден, инклюзивті, бәрін қамтитын жаңғыртулар жүргізуге жағдай жасайды.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары біз егемен мемлекеттің негізін қаладық. Бұл біздің мемлекеттік құрылыстың бірінші сатысы болатын. Одан кейін нығайып алған соң, біз қалыптасқан мемлекетке қарай қадам жасадық. Бұл екінші саты болатын. Енді ұлы реформаларды бастай отырып, біз Мәңгілік Елге жол саламыз. Бұл біздің мемлекеттік құрылыстың үшінші сатысы болмақ», – деген болатын.

Абай атамыздың бір жақсы сөзі бар, «Істі қалай аяқталғанынан емес, қалай басталғанынан танисың» деген, яғни бұл бір іс қолға алынғанда қандай стратегиялық мақсат қойылғаны, оған деген күш-жігердің, ниеттің қаншалықты болғанынан-ақ танылады дегенге саяды. Сол айтылғанындай, аз күн ішінде-ақ жоспарға алынған осы реформаларды жүзеге асыру үшін көптеген іс-шаралар жасалып жатыр. Президент жанынан Ұлттық жаңғырту жөніндегі комиссияның құрылуы, Үкіметтің кеңейтілген отырысында аталған реформаларды жүзеге асыруға қарай жасалатын жүз қадам туралы нақты шешімдер осының айқын дәлелі бола алады. Сондықтан мен бұл реформалардың толықтай жүзеге асатынына сенемін. Тек әр азамат соған тамшыдай болса да үлесін қосса, бұл біздің еліміздің ортақ жеңісі болар еді. Енді осы бес институттық рефор­маның еліміз үшін маңыз­дылығына тоқталсам, алдымен айта кететін нәрсе – мемлекеттің іргесін нығайтып, жаңаруларға жетелейтін бұл реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы тиіс екендігі. Алғашқы реформа – баршаға ортақ заманауи мемлекет құру. Мұндағы негізгі бағдар заманауи, кәсіби, автономды мемлекеттік аппарат құруға негізделеді. Бұл жүзеге асырылған жағдайда мемлекеттік аппаратта белгілі бір адамның ықпалымен команда құру дегенге жол берілмейді. Мемлекеттік аппаратта белгілі бір адамның сүйеуімен команда құрудың жемқорлық, кадрлық әлеуеттің төмендеуі тәрізді факторларға әкелетіні белгілі. Осы реформаның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметкерлердің корпусын кәсіби және автономды дәрежеге жеткізу. Мемлекеттік қызметкерлер корпу­сының, әсіресе, әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің автономды болуы дегеніміз, сайлау, министрлер мен әкімдердің және басқа да жетекшілердің ауысуы кезінде мұның олардың жұмысына әсер етпеуі болып саналады. Сонымен қатар, мемлекеттік қыз­метшілердің мансаптық өсуінде олардың кәсіптік дәрежелерден өтіп, кәсіби біліктілігін нақты тәжірибеде жинақтауына көңіл бөлу де осы реформаның мазмұнына кіреді. Бізде, жасыратыны жоқ, мем­лекеттік қызметкерлер арасында бұрын бизнесте болған адамдар бар. Мұндайда мүдделі болу деген мәселенің де бой көрсететіні жасырын емес. Болашақта біз ондай адамдарды мемлекеттік қызмет саласында азайтуымыз керек. Сонымен қатар, менің ойымша, мемлекеттік қызметте кәсіби орындау­­шылар ғана емес, мемлекетшіл азаматтар кө­бірек болғаны дұрыс. Мемлекетіміздің бола­шағын, өткені мен келешегін болжай алатын стратег мемлекетшіл адамдар мем­лекеттік қызметте көбейетін болса, мем­лекеттік аппараттың да әлеуеті арта түседі. Реформаларды жүзеге асыру үшін бізде қаражат та, кадр да бар. Қазақстанның Алтын-валюта қоры, 2015 жылдың ақпан айындағы көрсеткіш бойынша, 100,783 млрд. АҚШ долларын құрады. Қаржы мәселесін Ұлттық қор арқылы шешуге болады деп ойлаймын. Ал кадр мәселесіне келсек, биыл Назарбаев Университетті 400-дің үстінде бакалавр, 100-ден астам магистрант бітірмекші. Сонымен қоса, Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» стипендиясы бойынша біздің жастарымыз әлемдегі дамыған мемлекеттердің танымал оқу орындарында білім алуда. Олардың көпшілігі қазір елге келіп, мемлекеттік аппаратта жұмыс істейді. Бүгінгі күні «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған түлектердің саны 7929-ды құрап отыр. Оқып жүргендері 4000-ға жуық. Бұған Ұлттық компаниялар мен кәсіпорындарымыздың өз қаражатына шетелдерде оқып жатқан азаматтарымызды қосыңыз. Сонымен қатар, республикамыздағы облыс орталықтарында Назарбаев зияткерлік мектептері де бар. Оларда оқып жатқан балалар келешектегі біздің зор үмітімізді ақтайтын нағыз мемлекетшіл азаматтар болып қалыптасады деген сенімдемін. Қысқасы, біздің кадрлық әлеуетімізді жоғарылатуға барлық жағынан мүмкіндік мол. Екінші – институттық реформаға келер болсақ, бұл қоғамдағы заңның үстемдігін арттыру болып табылады. Заңдар азаматтық қоғамдағы басты құндылықтарды қалып­тастырушы бірден-бір абсолютті маңызды сипатқа ие күш болуы тиіс. Осы екінші реформаның мазмұнына сот жүйесін жетілдіру, полицияның қоғамның сеніміне ие болатындай дәрежеде жұмыс жасауына қол жеткізу елдің әділ заңға деген сенімін арттыру енеді. Мұның ең басты артықшылығы әлеуметтік әділетсіздіктерге жол бермеу екендігін айтып өткім келеді. Демократиялық қоғамдағы ең басты құндылық адамның құқығы мен еркіндігі болса, оны жүзеге асырушы бірден-бір тетік – осы әділ заң мен құқық сақшылары. Сондықтан да бұл реформаның еліміздің әрбір азаматына берері мол. Мұның еліміздегі құқықтың мәдениетті, құқықтық сананы дамыған мемлекеттердегідей дәрежеге көтеріп, мемлекетімізді әрі қарай демократияландыра түсудегі маңызы зор дер едім. Құқықтық мемлекетте адам заңға сенуі тиіс. Сондықтан заңдардың үстемдігінің артуы – адам құқықтарының негізгі орынға шығуы деген сөз. Құқықтың мемлекет теориясына ерекше үлес қосқан француз ойшылы Жан Жак Руссо: «Еңкейген қариясынан, еңбектеген баласына дейін заңдар деп аталатын қасиетті қамытқа мойынсұнып өмір сүретін қоғамда ғұмыр кешу адам өмірінің жарты бақыты», деп тектен-тек айтпаса керек. Бұл реформа демократиялық қоғамның жоғары талаптарына қарай көшетінімізді білдіреді. Қазір біз сапалы заңдар қабылдап жатырмыз. Мен ТМД елдерінің Парламентаралық Ассамблеясының мүшесімін. Біз осы ұйымға мүше ТМД елдерінің өзге де депутаттарымен жылда кездесіп тұрамыз. Сонда салыстыра қарағанда, әріптестеріміз біздің қабылдап жатқан заңдардың сапасы мен ерекшеліктеріне үнемі қызығушылықпен қарайтынына куә болып жүрмін. Менің заңның үстемдігін арттыру ре­формасына байланысты айтарым, мұнда заң­дардың орындалуы мәселесіне тыңғы­лық­ты көңіл аудару керек. Заңдардың орын­далуын ашық байқап отырған қоғамда заңдарға деген сенім мен құрмет пайда болады. Үшінші реформа – орнықты экономиканы бағдар еткен индустрияландыру мен экономикалық өсу. Елбасымыз айтып өткендей, «кәсіби мемлекеттік қызмет пен заңдардың үстемдігі экономикалық рефор­малар кешенін жүзеге асыруға мүмкін­дік туғызбақ». Мұнда өнім өңдеу секторын дамытып, оны экономикалық өсудің тетігіне айналдыру қолға алынбақ. Индустрия­ландыру еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруға да жағдай туғызатын болады. Бұ­ған бізде барлық мүмкіндіктер бар. Нақты нәтижеге қол жеткізуді көздеген инфра­құрылымдық бағдарламалар, бола­шақ­қа бас­тайтын нұрлы жолымыз да бұған айтар­­­лықтай септігін тигізеді деген пікірдемін. Еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы қажеттігін Елбасы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты өз Жол­да­уында да айқын атап көрсеткен болатын. Қазір елімізде 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық бағдарламаның екінші кезеңі жүзеге асырылуда. Оның бірінші кезеңі 2010-2014 жылдары жүргізілді. Сол бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің алты саласы таңдап алынған-ды. Олар: металлургия, химия, машина жасау, құрылыс материалдары және тамақ өнеркәсібі. Бағдарламаның екінші кезеңінде 2015-2017 жылдарға арналған оңтайландырылған республикалық бюджетте еліміздің индус­триялық-инновациялық дамуы туралы мемлекеттік бағдарламаға 230,2 миллиард теңге көзделген. Оның ішінде 2015 жылға 102 миллиард теңге қарастырылса, 2016 жылға – 52 миллиард, ал 2017 жылға 45 миллиард теңге бөлінетін болады. Егер бірінші кезеңді қарастырып көретін болсақ, Елбасы айтқандай, бағдарлама жүзеге асырылған бес жылдың ішінде бізде 400 бұрын-соңды Қазақстанда болмаған жаңа өнімдер шығарылуда. Бұған салынған қаражаттың 70 пайызы шетелдік инвестиция екендігін де реті келгенде айта кету керек. Бұл капитал Қазақстан экономикасын нығайтуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға бағытталған. Елімізде 770 кәсіпорын ашылғанын да тіл­ге тиек ете кеткен жөн. Бұл ретте 75 мың адам бұрын-соңды болмаған мамандықтар бойын­ша жаңа жұмыс орындарына орналасты. Енді елімізде жүргізілмекші осы институттық реформалардың идеологиялық қырына тоқтала кетер болсақ, Елбасымыз үнемі айтып жүрген елдік мұратқа айналған ортақ идея – «Мәңгілік Ел» идеясы. Осы идея елімізді біріктіруші идеологиялық санаға айналуы керек деп ойлаймын. Қолға алынған реформалардың төртін­шісі болашағы біртұтас ұлт мәселесіне арналған. «Мәңгілік Ел» идеясы да осы мұраттармен үндес. Біздің еліміз – 140-қа тарта ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тату-тәтті, береке-бірлігі бұзылмай өмір сүріп жатқан бірден-бір мемлекет. Бұл біздің қоғамдық санамыздағы басты идеологияға айналып келе жатқан жаңаша сана деу керек. Осы төртінші реформаның ең негізгі мазмұны – «Мәңгілік Ел» идеясының аясында біріктіруші құндылықтарды негіз еткен қоғамдық жаңаша идеологиялық сана қалыптастыру жатыр. Елді біріктіруші құндылықтар – әділдікке негізделген азаматтық қоғам құру, білім алу, еңбексүйгіштік, зайырлылық және төзімділік, адамшылық, имандылық дер едім. Осы тұста Елбасымыздың айтқан кеткен жақсы сөзі бар: «Елді біріктіруші ортақ құндылықтарды этностық мінез-құлық модельдерінен жоғары қоюға қол жеткізуіміз керек», деген. Азаматтық қоғам қашанда этностық мінез-құлық модель­деріне емес, ортақ адамзаттық құнды­лықтарға негізделе құрылуы тиіс. «Адам­заттың бәрін сүй, бауырым деп», деген Абай атамыздың данышпан ой тұжырымы осы төртінші реформаның мазмұнын бізге дәл ашып береді деп ойлаймын. Төртінші реформа – болашағы біртұтас ұлт. Бұл жерде жаңадан ұлт қалыптастыру деген ой жоқ. Бұл жердегі басты идея еліміздегі ұлттарды біріктіретін ортақ, біртұтас болашақ жайында айтылып тұр. Яғни, біз тарихымызда сан ғасырлық дүр­белеңді кешірген халықпыз. Біздің жері­мізге уақыттың жазуымен басқа ұлттар келіп, араласып өмір сүріп кетті. Ол да өзіміз сияқты адамның баласы. Қазақ халқы­ның ұлылығы сонда, солардың барлы­ғын жатырқамай ағайыншылдығын, адамшылық, бауырмалдық қасиетін танытты. Олар бізбен тағдырлас болып кетті. Ешкім де өз тарихын сұрап алған жоқ. Олай болса енді бізді біртұтас болашақ қана күтеді. Сондықтан Елбасымыз ұсынып отырған қоғамдық біріктіруге бағытталған болашағы біртұтас ел болып қалу – аса маңызды шаруа. Қазақ мемлекетінің негізін құраушы – қазақ халқы. Оған ешкім күмән келтіріп, дау тудырып жатқан жоқ. Енді осы мемлекетті түзуші қазақ ұлтының айналасында елімізде тұрып жатқан басқа ұлттар бірігіп, ортақ болашақ туралы ойласа, мүдде де, біртұтастықты көздеген идеологиялық санамыз да күшейе түсер еді. Қазақта «Жолы бөлек жоспарын бірге жасамайды» деген тағылымды сөз бар. Ал жаңарудың төртінші реформасы саналатын болашағы біртұтас ұлт деген ұғым жолымыздың да, жоспарымыздың да бір екенін аңғартып тұрса мұны көре алмаған тұз жаласын дегеннен басқа не айтасың. Сондықтан елді біріктіруде мұның маңызы өте зор. Президент айтқандай, мұны жүзеге асыруда «қазақтарға мемлекетті құраушы ұлт ретінде ерекше жауапкершілік жүктеледі». Біз қазақ халқы мемлекетті құраушы ұлт ретінде «біртұтас болашақ» деген идеяның аясында басқа ұлт өкілдерін өз айналамызға топтастырып, бірлікке шақырсақ, олар да жолымыз бір екенін танып, жоспарын бірге құрмақ. Жалпы, «Мәңгілік Елді» жасайтын ол – біздің жастарымыз. Біздің қоғамдағы 50-60 жас арасындағылар бұрынғы ескі жүйені көрген, сол идеологиямен тәрбие алып қалған адамдар. Жаңарудың бастау негізі – жастарда. Бізде қанша жастарымыз «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерде білім алып, елге келіп жатыр. «Өнерді үйрен де жирен» деген бар. Олар шетелдердің артықшылықтары мен кемшін тұстарын көзімен көріп, санасына түйіп келген мамандар. Сонымен қатар, жастар жағы имандылыққа жақын. Олардың санасы, жаны таза. Олар ескі идеологияны көрмегендер. Сондықтан «Мәңгілік Ел» идеясын жастарға арналған жаңа идеология деп білуіміз керек. Бесінші реформа ашық, транспарентті мемлекет құру. Мұндағы басты идея мемлекеттік ұйым­дар мен қарапайым халықты жақындастыру. Мемлекеттік ұйымдар мен құрылымдардың жұмысы елге түсінікті болуы, айқын болуына қол жеткізу реформаның басты мазмұнына кіреді. Халыққа есеп беруші, халықтың алдында тікелей жауапты мемлекет қалыптастыру. Барлық мемлекеттік істер, қызметтер кім үшін, әрине, халық үшін. Мұны шынымен жүзеге асырсақ, елдегі әрбір азамат қоғамдағы істерге белсене араласып, сол мемлекетті жасаудағы өзінің рөлін сезінбек. Сондықтан Елбасымыз осы тұста азаматтық қоғам өкілдерінің бюджет қаржысын бөлуге қатысуын, қоғамның өзін өзі реттеуін енгізуді, билік өкілеттіліктерін азаматтық қоғам институттарына бере отырып, мемлекеттік органдардың араласу аймағын қысқарту, мемлекеттік орган­дар мен әкімдер жанындағы қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту туралы айтуының маңызы зор. Мұның бәрі бірте-бірте жергілікті өзін-өзі басқару институттарының күшеюіне әкеледі. Ал бұл – аса дамыған демократиялық мемлекеттерге тән көрініс. Қорыта айтқанда, бұл реформа мемлекеттік құрылымдар жұмысының халыққа түсінікті болуы, олардың ел алдында жиі есеп беріп, шешім қабылдаудың айқындылығына қол жеткізу және елдің шағымдана алу жүйесін де жетілдіру, яғни елдің үні мен талап-тілегінің де ескерусіз қалмауын жүзеге асыру. Міне, бұл бес институттық реформаның мән-мазмұны да осында. Ол негізінен «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру, дамыған 30 елдің қатарына енуге нақты нәтижелі көрсеткіштер арқылы қол жеткізу мақсатынан тыс емес, соған сай жасалатын реформалар деп білемін. Және Елбасымыз айтып өткендей, «ұсынылып отырған шаралар қоғамдық қатынастар жүйесін түбегейлі өзгертпек».

 
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары