$ 494.87  520.65  4.91

Қазақ Елінің бірлігі жылы!

 Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Қазақстан халқы Ассамблеясы - ол әрі іргетас, әрі бейбітшілік, рухани келісім мәдениетінің негізгі қағидаты. Ассамблея - мемлекеттік органдардың халықпен жемісті үнқатысуын, барлық этностар өмірлерінің өзекті мәселелерінің шешілуін қамтамасыз етуші ұйым. «Дамудың сыры - бірлікте, Табыстың сыры - тірлікте». Мұратқа жолын тапқан жетеді. Еңбегіміздің жанбағы біздің ортақ үйімізді бейбітшіліктің бесігі етіп, барды бағалай білуімізге байланысты. Қазақты қасиетті қара шаңыраққа баласақ, еліміздегі барша этностар - сол шаңыраққа шаншылған уықтар. - Ортақ ордамыз - Қазақстанның босағасын берік, шаңырағын биік ұстап, түтінін түзу ұшыру - елдік мақсат. Сонда ғана Қазақстан «2050» Стратегиясында айтылған үздік 30 елдің қатарынан табылады. Біздің Отанымыз - ортақ, тілегіміз - бір, мақсатымыз - жалғыз. Ол - жері гүлденген, елі түрленген, дамуы жедел, ұрпағы кемел Мәңгілік Қазақстан!», – деген болатын. 

Жыр алыбы Жамбыл бабаның «Жігерлі болса, ер болар, бірлікті болса, ел болар» деген даналық сөзі бар. Шындығында, ел бірлігі болмаса, онда экономика мен әлеуметтік даму тұрмақ тәуелсіздік пен тұғырлылық туралы да сөз айтуға шама жетпес еді. Сондықтан да, бейбітшілік пен бірліктің маңызын ұғынған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы идеясын жарияласа, құтты мекенге тұрақтылықтың тамырын жайғызатын, бірлікке сызат түсірмеуді көздейтін Қазақстан халқы Ассамблеясын 1995 жылдың 1 наурызында құрды.

Содан бері бақандай 20 жыл өтіпті. Елбасының сол жылдары жасаған қадамы өз жемісін беріп, жұртшылықты жетістікке бастады, ең бастысы - Ассамблея татулық пен тыныштықтың тірегіне айналды. Осындай киелі құбылысты нығайта түсу мақсатында биылғы 2015 жыл - Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жарияланған болатын. Сондықтан да, табалдырықтан аттағаннан бастап Қой жылында елдің түкпір-түкпірінде осынау мерейтойға арналған шаралар бастау алса, бүгін ресми түрде Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы ашылып отыр.  

Осындай айтулы шараға орай өз құттықтауын жолдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ассамблея Жылы - барша қазақстандықтардың ортақ мерекесі, барлық 17 млн қазақстандықтың iсi» екенін алға тартады. «Ассамблея Жылы бiздiң орасан нақты iстер мен жаңа жетiстiктердiң жылы болады. Ассамблея жылы Конституциямыздың 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңiстiң 70 жылдығы секiлдi маңызды оқиғаларға бай. Биылғы жыл тарихи тағдыры ортақ халық бiрлiгiнiң жарқын көрiнiсiне айналуы тиіс. Қазақстан - бiр ел, бiр халық, бiр болашақ. Сондықтан Ассамблея Жылының басты идеясы - «Менiң елiм - мәңгiлiк ел!», - дейді Мемлекет басшысы Н. Назарбаев өз құттықтауында.

Шындығында, Қазақстан халқы Ассамблеясы Конституцияның 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңiстiң 70 жылдығы секілді мемлекеттік маңызды мерейтойлар қатарында аталып тұр. Қатарында аталып қана тұрған жоқ, тұтастай бір жылды осынау бірегей институтқа арнағалы отырмыз. Ендеше, бұндай органға  осыншама мемлекеттік мән беретін оның ерекшелігі нешік? Мәселені осы тұрғысынан алсақ та Ассамблеяның қоғамдағы орнының маңыздылығын мейлінше түсінер едік. Өйткені, Ассамблеяның басты ұраны - Ел бірлігі! Ал бірлік болмайтын жерде береке де, тірлік те  болмайтыны бесенеден белгілі, бұл жайында бабалардан қалған даналық ой, асыл сөздер де жеткілікті. «Бақ қайда барасың? Бірлігі жарасқан елге барамын!» демеп пе еді сондай даналықтың бірі. Түптеп келгенде, Тәуелсіздік жылдарынан беріге қарай жеткен әрбір жетістіктің, асқан әрбір асудың өзегінде - елдегі тыныштық пен тұрақтылық, бейбітшілік пен бірлік жатқаны да ақиқат.

Бұл жайында Елбасы Н. Назарбаевтың осыдан 20 жыл бұрынғы: «Бірлік аспаннан өзі келіп түспейді, тек қарқынды жұмыс арқылы ғана келеді. Мен кең-байтақ жерімізде татулық пен тыныштық болғанын тілеймін. Мұның, ең алдымен, миллиондаған қазақстандық отбасына керек екенін еске аламын. Мен қайғыдан шашы ағарған аналардың балаларын жоқтамағанын, сәбилердің мүгедек болмауын, қарт адамдардың күйреген үй­лерінің алдында қасірет шегіп, жыламағанын қа­лай­­мын» деп мәлімдеуі институттың шын мәніндегі миссиясын ашып көрсетсе керек. 

Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл миссиясын лайықты деңгейде атқарып та келеді. Оның бірден бір айғағы осындай қазақстандық үлгідегі институттың керектігін әлемнің көптеген елдерінде мойындалуында болып отыр. Нақтыласақ, Назарбаев айқындаған қоғамдық келісімнің қазақ­стандық үлгісін зерттеу үшін Қазақстан халқы Ассамблеясына әлемнің 15 мемлекетінен, атап айтқанда, Болгария, Ұлы­британия, Германия, Франция, Испания, Италия, Қытай, Малайзия, АҚШ, Ресей, Түркия, Украина және Армения елдерінен шетелдік сарапшылар мен ғалымдар, дипломаттар, журналистер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері 60-тан астам өтініш білдіріпті. Түрлі деңгейдегі кездесулер барысында елімізге келген мәртебелі меймандар қазақстандық үлгіні мойындап қана қоймай, толеранттылықтың ең таңдаулы үлгісі ретінде зерттеп, зерделеуге және оны өз елдерінде қолданысқа енгізуге ынталы екендерін де айтып жатады.

Бұдан бөлек, осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы азаматтық қоғамның барынша дамыған бір саласына айналды. Институт еліміздегі қоғамдық бірлестіктер мен мемлекеттің өзара әрекеттестігіне қажетті басты сұхбат алаңы тұрғысынан да танылып келеді. Мәселен, ҚХА Төрағасының бірінші орынбасары Ералы Тоғжанның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда 820 этномәдени бірлестік жұ­мыс істесе, Ассамблея мен этномәдени бірлестіктердің активі 67 мыңнан астам адамды қамтиды. «Елбасының тапсырмасы бойынша аймақтық әкімдіктердің жанынан ақылдастық-кеңес­тік орган ретінде құрылған Қоғамдық келі­сім кеңестері Ассамблеяның Елбасы айқын­дап берген жалпыхалықтық институт мәрте­бе­сін айшықтай түседі. Себебі, ауыл, аудандар­дағы әртүрлі ұйымдардың басын бір арнаға тоғыстыратын, қоғамда туындайтын негізгі сауал­дардың барлығымен айналысатын осы кеңестер. Бүгінде еліміздің барлық аймақтарында түрлі деңгейдегі 1035 қоғамдық келісім кеңесі табысты жұмыс істеуде. Ассамблеяның жанынан құрылған От­басында толеранттық тәрбие беру жөніндегі Аналар кеңесі еліміздің ең басты құндылықтары - татулық пен тұрақтылықты ұрпақ жадына сіңіру­дің тиімді тетігі ретінде өз жұмысын бастады», - дейді Ералы Тоғжан.

Сонымен қатар, Ассамблея «Мәңгілік Ел» мен Ел бірлігі саясатын насихаттау тұрғысынан да ерекшеленіп отыр. Мысалы, қоғамдық келісім мен бейбітшілікті насихаттаудың қуатты құралы ретінде Ассамблея қолдауымен әлемнің 47 мемлекетіне таралатын «Достық - Дружба» журналын, 4 телеарнада тұрақты түрде шығатын 5 телебағдарлама мен 8 радио бағдарламаны, 9 республикалық басылым­дағы 22 тұрақты айдарды, Қазақстандағы түрлі этностардың тілінде жарық көретін 37 мерзімді баспасөзді санап шықсақ та болады. Бұдан бөлек, Ассамблея қызметін халыққа таратуға 100-ден астам республикалық басылым мен электронды ақпарат құралы жұмылдырылыпты. Ассамблея жанынан құрылған этносаралық қаты­настар мәселелері жөніндегі журналистер мен сарапшылар клубы да ортақ іске өз үлестерін қосып келеді екен.

Бір сөзбен айтқанда, сонау жылдары Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің өміршеңдігін танытып қана қойған жоқ, қазіргі таңда одан әрі өрлеу үстінде. Ендеше еліміздің тұрақтылығы мен татулығына, бейбітшілігі мен бірлігіне қызмет ететін Ассамблея сияқты айрықша институтқа бір жылымызды арнау құптарлық қана емес, қуанарлық та іс. Тіпті бұл жыл дәл осы тұрғыдан алғанда тарихи жылға айналуы да әбден кәдік. Өйткені, қанша дегенмен табыстың, тұтастықтың кілті - бірлікте. Сондықтан да, Ассамблея жылының - Ел бірлігі жылы ретінде есте қалатындай өткізуге жұмыла алсақ игі. 

Ынтымақ, бірлік, келісім - ең асыл іс ел үшін! Бұл Қазақ елінің азаттық алғалы бергі ұраны. Келер, 2015-ші жыл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» деп жарияланды.     Президент бұл шешімін «Қазақстан-2050» стратегиясы: татулық және рухани келісім мәдениеті» деп аталған - Ассамблеяның XXI сессиясында жария қылды. Яғни, Үкімет Ассамблеямен бірлесіп, ұлттық іс-шаралар жоспарын әзірлейді, сондай-ақ, Астана қаласында Қазақстан халқы форумын ұйымдастырмақ. Бұл да Президенттің тапсырмасы.     Сондай-ақ, 2015 жылды елордада «Астана - татулық пен келісім қаласы» атты ұранмен, еліміздегі этномәдени бірлестіктердің барлығы арнайы шаралар ұйымдастырмақ. Тағы бір тапсырма Алматыдағы Достық үйінің базасында Ассамблея қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік мекеме құрылмақ. Хош.     Алқалы жиында арнайы үндеу қабылданды! Онда Ассамблея елдегі бiрлiкті, тұрақтылықты нығайтуға, экстремизмге, надандыққа және зорлық-зомбылыққа бірлге қарсы тұруға шақырған.     Шаңырағың шайқалмасын десең, жеті жүкті көтере біл, бес шындықты мойындап әрекет қыл.   Өйткені, жеті мен бес елдегі ұйыған тірліктің тірегі. Ендеше Қазақстан халқы Ассамблеясының   бас жиынында Президент атаған жеті тұғырды тарқатып көрелік.      Алдымен аталғаны - тұрақтылық пен келісім ол әкімдердің күнделікті ұраны, жұмысы, міндеті! Бұл екі ұғымға сына қағып, сызат түсіретін кез келген оқиға түбегейлі де түбірлі түрде жойылады. Тіліне, дініне, ұлтына, әлеуметтік санатына қарап кемсітуге жол жоқ.        Екіншісі - экономикалық өсімге кім-кімде жауапты. Кез келген салада тағы да   түрі мен тіліне қарамай білікті маман жұмыс істей алады. Үшінші - тіл. Мемлекеттің тілі қазақтың тілі, орыс тілі ресми тіл, өзге ұлыстардың да тіліне, дәстүр-салтына қатысты түртпектеуге жол жоқ. Ал, төртінші - дін!   Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:  Ислам діні әу баста Жаратушымыздан біздің ата-бабаларымызға қалай түссе, бүгінгі Қазақстанға дейін дәл солай жетуін тарихтың өзі қамтамасыз етті. Қасиетті қазақ жерінде әсіредіншілдер ешқашан болмаған. Қазақ халқының рухани болмысы әрдайым гуманизммен және ішкі тұтастығымен ерекшеленген. Ата-бабаларымыздан мирас болған осынау ұлы қасиеттен айырылуға бүгінгі буынның еш хақысы жоқ. Сондықтан, мен қазақ зиялыларын, рухани жетекшілерін, әрбір қазақты ұлы ұстаздардың ұлағатын ұмытпауға шақырамын.     Бесінші еңбек. Еңбек, жауапкершілік, тәртіп қана - бізді озық отыздың санатына жетелейді, деді Президент. Алтыншы тірек - мәдениет. Мәдениет те жаһанданды қазір. Дегенмен, барлық ұлыстардың мәдениеті өз ерекшелігіне сай дамып келеді. Кедергі жоқ. Кедергі болмайды. Ал, жетінші қазына -Ассамблея деп тізімді түгендеп қоялық. Осы жетеуі келіскен жерде - тыныштық бар. Қазақтың көксегені де осы.   Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл - бейбітшілік мәдениеті мен келісімнің іргетасы. Ассамблея - бұл барлық азаматтардың қалауы ескерілетін жалпыхалықтық сипаттағы инновациялық модель. Біздің жас демократиямыздың сәтті құралы.      Енді - бес шындық жөнінде. Президент алдымен Украинадағы ахуалға тоқталды.    Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: Біз, қазақстандықтар украин халқы үшін алаңдаймыз, украин қоғамында тезірек бірлік пен тұрақтылық орнайды деп, бауырластық үмітімізді білдіреміз. Біз украин халқы сырттан ешкімнің араласуынсыз өз ішкі мәселесін өздері реттеуі тиіс екеніне сенімдіміз. Барлық мәселелер   бейбіт келіссөздер арқылы реттелеріне сенімдіміз.      21-ші ғасыр таңған бес ақиқат бар. Біріншісі - тұрақты экономика. Ол  тұрақты қоғам мен тұрақты тіршіліктің айғағы. Екіншісі – тәуелсіздік. Ол елдің Конституциясы мен заңдарын сол мемлекет азматтары сақтағанда ғана мәңгілік.     Үшіншісі -  этносаралық қарым-қатынас, азаматтық теңдік мәселелері, тіл саясаты секілді тым әсерлі мәселелер саяси ойындардың тақырыбына айналмауы тиіс, деді Мемлекет басшысы. Расында, адамның - ұлты, тілі, діні ең нәзік мәселе екенін есті жан түсінеді.    Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: Бұл мемлекет үшін қауіпті, халық үшін, адам үшін қауіпті. Сондықтан, барлығымыз түсінетін бір мәселе - шовинизм мен ұлтшылдық - түбі әсіреұлтшылдық. Олардың арасы тым жұқа жіп бөліп тұр, аттап өту өте оңай. Сондықтан, мен осыны ылғи айтып, естеріңізге саламын.     Президент зұлмат жылдарды да еске алды. Миллиондар қырылған қан майдан әр буынға сабақ.         Төртіншісі - біз күнде айтып жүрген интеграциялық процестер. Жаһанда 300-ге тарта ынтымақтастық   құрылымдар бар, Қазақстан-Беларусь-Ресей үштігінің одағы да сондай бірліктердің бірі болмақ. Томаға-тұйық отырған ел өспейді де, өнбейді. Бұл да осы ғасырдың шындығы.     Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: Ең дамыған елдердің барлығы да бүгінгі биіктерге интеграция арқылы жетіп отыр. Бүкіл адамзат жаһандану  жолымен дамып жатыр. Оған қарсы тұру емес, оның ішіне енуіміз керек. Етек-жеңді қымтап, есік-терезені тарс жабу - дамуды тежейді, әлем көшінің соңына қалдырады. Біз дамыған елдердің шаңын жұтуға емес, көшін бастауға ұмтылған елміз. Байбаламға салып, балақтан тартпай, байыппен ойлап, байсалды әрекет етсек жарасады. Интеграция ел тәуелсіздігіне ешбір қауіп төндірмейді, керісінше нығайта түседі.      Бесінші қысқа күнде қырық құбылған жаһанның беті жаман. Халықаралық қатынастар дағдарды. Ядролық державалар бір-біріне қоқан-лоққы жасауға айналды. Мұндай қылықтар соңғы жиырма жылдан аса жүргізілген жойқын қаруды таратпау жөніндегі келіссөздерді қағаз жүзінде ғана қалдырды.     Міне, осындай кезеңде бірлік, ынтымақ, татулық керек. Ал, оған берік қаңқа болатын ассамблея секілді құрылым. Сондықтан, 2015-ші жыл Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы болып жарияланды. Елімізде келер жылы   Ассамблея жылы мен Конституцияның 20 жылдық мерейтойы арнайы атап өтіледі. Астанада Қазақстан халқының форумы да ұйымдастырылатын болды.    Икрам Хашимжанов, өзбек драма театрының директоры: Рухы биік халық қана игі істерді атқара алады. Қазақстандықтар - қазақ халқының жанына шоғырланған этностар алдына қойған мақсаттарға жете алады. Себебі, мақсат бір.      Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» деп аталатын - жүлдесі бар.   Арнайы алтын медаль татулық пен бірлікті ту еткен, үлгі етуге лайық ерлік іс тындырған азаматқа тапсырылады. Биыл жүлдегерлердің қатарында   12 баланың өмірін ажалдан арашалып қалған Бейсетай Дәуренбеков бар. Араға қырық   жыл салып, ердің  еңбегі еленді. Президент кеудесіне медаль таққандардың қатарына халық әртісі   Лаки Кесоглу бар.     Ал, Сочиде өткен ақ Олимпиадада қазақ құрамысының   қоржынына қоладан жүлде   салған   Денис Теннің кеудесіне  Президент «Құрмет» орденін тақты. Бұл  жаһандық   спорт   додасында елдің абыройын асқақтатқан   жігерлі жастың ерлігіне берілген лайықты баға.      Ал, жеңімпаз өрен   Мемлекет басшысына ендігі жүлде тек алтыннан болады,  деп уәде етті.     Денис Тен, «Құрмет» орденінің иегері: Елбасының қолынан орден алдым. Мен үшін бұл үлкен мәртебе. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың спорттағы жетістіктерімді ескеріп, үнемі бізді назарда ұстайтыны мені ерекше қуантады. Бүгінгі күн мені сөзсіз қанаттандырды, жаңа белестерді бағындыруға жол ашты. Жеңісті күндер алда деп сендіргім келеді.      Биыл     ассамблея мүшелері    сессияға 21-ші рет жиналды. Әр жиынның  өз күн тәртібі бар. Бұл жолы делегаттар, ассамблея мүшелері «Қазақстан-2050 стратегиясы»: Бейбітшілік, руханият, және келісім мәдениеті» деген айдарды күн тәртібіне шығарды.      Осы тақырыпты тарқата отырып, бірлескен үндеу қабылдады. Ол құжатта - біздің бәрімізді бір болашақ күтіп тұр делінген. Қазақ та, қазақ бауырына  тартқан басқа көп ұлттың да көксеген мұраты біреу. Ол - тыныштық. Татулық пен тыныштықты жолдас еткен елдің ұйқысы тыныш, болашағы баянды.

Ассамблея жылы қатардағы көп мерейтойлардың бірі емес. Бұл – Елбасы айтқандай, той тойлайтын емес, ой ойлайтын жыл. Себебі, елдегі бейбітшілік пен келісімді, тұрақтылық пен татулықты сақтап, дамытудың бірегей тетігіне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің өшпес құндылығы – Тәуелсіздікке тірек болған Ел бірлігінің ең басты тұтқасы. Еліміз Қазақстандағы түрлі мәртебесі бар, сан алуан қоғамдық немесе мемлекеттік институттардың мерейтойларын мемлекеттік деңгейде атап өтпейді. Дегенмен, Ассамблеяның орны ерекше. Қоғамды біртұтас ағзаға баласақ, оған қан жүгіртетін алуан түрлі қантамырлар іспетті барлық салаларды біріктіретін, бәрінің жолын бір арнаға тоғыстырып, бір ағысқа бағыттайтын бір жүрек бар. Ол жүректің аты – Ел бірлігі. Бірлік болмаса, бейбітшілік пен келісім болмаса өлшеусіз термен, қыруар қажыр-қайратпен жасалып жатқан елімізді өркендету жолындағы еңбектің бәрі де бекер. Яғни, ресми түрде Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияланған 2015 жыл Ассамблея институтының мерейтойы емес, құнды қазынамыз – Ел бірлігі жылы, бейбітшілік пен келісімнің Назарбаев моделінің жылы. 1995 жыл – тәуелсіздігін дүйім дүниеге паш етіп, өзін егемен ел ретінде жариялағанына бірнеше жыл ғана болған Қазақстанның күйреген империя­дан мұраға қалған құлдыраған экономикасының ауған жүгін түзету жолындағы арпалыспен қатар шекарасын шегендеп, мемлекеттілігін нығайтып, алдағы даму жолын айқындау мақсатында әлем­дік үрдістердің беталысын байыптап, барлай отырып, ешкімге ұқсамайтын, ешкімді қайта­ла­майтын бірегей Қазақстан жолын салуға кіріскен кезі болатын. Сол жылы көктемнің алғашқы кү­нінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Араға бірнеше апта салып, өзінің тікелей бастамасымен шақырылған Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясында та­р­ихи баяндамасын жасады. «Мен елімнің Прези­ден­ті ретінде қоғамдық тұрақтылықты және ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуді өзімнің басты міндетім деп санаймын. Бірлік аспаннан өзі келіп түспейді, тек қарқынды жұмыс арқылы ғана келеді. Мен кең-байтақ жерімізде татулық пен тыныштық болғанын тілеймін. Мұның, ең алдымен, миллиондаған қазақстандық отбасына керек екенін еске аламын. Мен қайғыдан шашы ағарған аналардың балаларын жоқтамағанын, сәбилердің мүгедек болмауын, қарт адамдардың күйреген үй­лерінің алдында қасірет шегіп, жыламағанын қа­лай­­мын», деген Нұрсұлтан Назарбаевтың сөз­де­рі сол кездегі ең өзекті, ең маңызды мәселе ретін­де әр­бір қазақстандықтың жүрегінің төрінен орын алды. Арада 20 жыл өтсе де Елбасының бұл сөз­дерінің өзектілігі артып, күн өткен сайын өмір­шең­дігі айқындала түсті. Қазақстан халқы Ассам­блеясының алғашқы құрылтайында Елбасы жаңа институттың қоғамдағы рөлі мен жұмысының басты контурларын сол кезде-ақ: «Осыдан бас­тап қоғамдық мәселелердің барлық қырлары бойынша, әсіресе, ұлттық саясатта мемлекеттік актілер Ассамблеяның пікірлерін ескеріп және оның тікелей қатысуымен қабылдануға тиіс. Ол актілердің әрқайсысы еліміздегі барлық эт­нос­тардың мүдделеріне қайшы келмеуі қадағаланып, сараптан өткізілуі керек», деп қолмен қойғандай нақтылап берді. Бұл кейіннен идеологиялық тренд ретінде орнығып, әлемге «бейбітшілік пен қоғамдық келісімнің Назарбаев моделі» де­ген атпен белгілі болған Қазақстан халқы Ассам­блея­сының алғашқы қадамы еді. Содан бері сынаптай сырғып тарихи оқиға­лары­ның маңызы тұрғысынан дәуірлерге татитын 20 жыл өтті. Биылғы мерейлі белес, сөз басында айтқанымыздай, ой ойлайтын жыл. Өткен 20 жылда Ассамблея қандай жолды жүріп өтті? Қандай табыс­тарға жетті? Қазақстан басшысының «Ел бірлігі» саясаты елімізге не берді? Әлі қандай бағыт­тар бойынша жұмыстарды ширата түсу керек? 20 жылдық қарқынды жұмыстан кейін, өз дамуы­ның үшінші онжылдығына аяқ басар тұста бұл сауалдарға егжей-тегжейлі жауап берілгені абзал. Сол арқылы халқымыз бейбітшілік пен қоғам­дық келісім саласында бағындырған биік, жет­кен мақсаттарын нақтылап, алдағы белестерге көз жібере алады. 1995 жылдан бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының әрбір сессиясында сөйлеген сөзі мен көтерген бастамалары сол кездегі ел дамуының ең өзекті мәселелерін қамтып отырды. Сондықтан, Ассамблеяның тарихы – соңғы жиырма жылдағы Қазақстан тарихы. Тиісінше, дербес институт ретінде Ассамблеяның жүрген жолы, оның жеткен жетістіктері мен шыққан биіктері еліміздің даму даңғылындағы айтулы оқиғалармен тығыз астасып жатыр. Өткен 20 жылда Қазақстан қоғамының ішкі ықпалдасуының, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайтудың біртұтас мемлекеттік және қоғамдық жүйесі толығымен қалыптасты. Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттің этностық саясатын қоғамдық келісім саясаты деңгейіне көтерген бүкілхалықтық институтқа айналды. Этносаралық қатынастарды реттеудің толық заңнамалық базасы құрылды. Ассамблеяға конституциялық орган мәртебесі беріліп, ол Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне 9 депутат сайлау құқығын иеленді. «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң қабылданып, Ассамблеяның құры­лымы мен қызметінің, еліміздің қоғамдық-саяси жүйесінде алатын орны мен рөлінің нормативтік-құқықтық реттелуі заңнамалық негізде қамтамасыз етілді. Ассамблеяның негізгі стратегиялық және бағдарламалық құжаттары өмірге келді. Ел ішінде мұқият талқыланып, Елбасы ма­құл­даған «Ел бірлігі доктринасы» бейбітшілік пен қоғамдық келісімді нығайтудың «бір ел – бір тағдыр», «тегі басқа – теңдігі бір», «ұлт рухының дамуы» сияқты басты қағидаларын айқындап берді. Елбасының Өкімімен бекітілген Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы ережелер оның мәртебесі мен құзыреттерін, сондай-ақ, Ел бірлігі саласындағы мемлекеттік саясатын жүзеге асыруға қатысу тәртібін бекітті. «Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы» Ел бірлігін нығайту және қоғамдық келісім саласын дамытудың орта мерзімдік стратегиялық бағытын нақтылай түсті. Ассамблеяның жыл сайынғы кезекті сессиясы бұл саланың қысқа мерзімдік мақсат міндеттерін айқындап отыратын бірегей сұхбаттастық алаңына айналған. Мемлекеттік этностық саясатты жүзеге асы­рудың жаңа институционалды тетіктері толы­ғымен қалыптасты. Өткен жылы Елбасының Өкі­мімен Президент жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылды. «Облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалар мен елордадағы Қазақстан халқы Ассамблеяларының қызметтерін қамтамасыз ету» атты жаңа бюджеттік бағдарлама қабылданды. Аймақтарда 11 мамандандырылған облыстық «Дос­тық үйі» табысты жұмыс істеп тұр. Тағы 4 облыста Ассамблея жылы барысында ашылатын болады. Елбасының тапсырмасы бойынша Достық үйлерін дамыту тұжырымдамасы бекітіліп, Достық үйлері директорларының әдістемелік кеңесі құрылды. Күнделікті өмірден туындайтын нақты мәселелер жергілікті жерлерде пайда болады, тиісінше түйткілдердің түйінін тарқату да сонда жүзеге асырылады. Бұл ретте, Ассамблеяның аймақтық құрылымдарының маңы­зы ерекше екенін ескеріп, оның жергілікті жерлердегі жұмысын қолдау үшін аймақтық Ас­самблея хатшылықтары меңгерушілерінің лауа­зымы көтерілді. Ассамблея жұмысын ең жоғарғы заң шыға­­рушы орган деңгейінде қамтамасыз ету мақса­тында Ассамблеяның парламенттік өкілдігі пайда болды. Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан Мәжіліске сайланған 9 халық қалаулысы әрбір ұлыс өкілінің жоғын жоқтаумен бірге барша халқымыздың бірлігі жолында Парла­мент қабырғасында табысты қызмет етуде. Ас­сам­блеяның Мәжілістегі депутаттық тобына аталған 9 депутатпен бірге төменгі палатаның 7 комитетінде тұрақты қызмет істейтін, парла­менттік партиялардың барлығын қамтитын 12 халық қалаулысы кіруі Ел бірлігі мәселесінің кез келген саяси кеудемсоқтықтан биік тұрғанын көрсетеді. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында жүктеген «жалпыазаматтық, саясатүстілік және жалпыхалықтық сипатта болу» турасындағы міндеттің парламент қабырғасында табысты орындалып жатқанына айқын дәлел іспетті. Осы депутаттық топтың негізінде Парламентте қоғамдық келісімді нығайту мәселелері жөніндегі партияаралық ынтымақтастық тетігі қалыптасты. Елбасы Ассамблеяның алғашқы сессиясында ең басты міндеттердің бірі ретінде атап өткендей, кез келген заң мемлекеттің Ел бірлігі саясатына сәйкестігі тұрғысынан арнайы сараптамадан өтеді. Дәл осындай депутаттық топтар барлық облыстық мәслихаттарда құрылып, ортақ мүддеге сай жұмыс істеуде. Бұл да Мемлекет басшысының бейбітшілік және қоғамдық келісім саласындағы кез келген бастамасының арада қаншама жыл өтсе де ешқашан мәні мен маңызын жоғалтпайтын өміршеңдігіне кезекті дәлел. Ассамблея институты азаматтық қоғамның ең дамыған салаларының біріне және қоғамдық бірлестіктер мен мемлекеттің өзара әрекеттестігіне қажетті басты сұхбаттастық алаңына айналды. Қазақстанда 820 этномәдени бірлестік жұ­мыс істейді. Ассамблея мен этномәдени бірлес­тіктердің активі 67 мыңнан астам адамды қамтиды. Елбасының тапсырмасы бойынша аймақтық әкімдіктердің жанынан ақылдастық-кеңес­тік орган ретінде құрылған Қоғамдық келі­сім кеңестері Ассамблеяның Елбасы айқын­дап берген жалпыхалықтық институт мәрте­бе­сін айшықтай түседі. Себебі, ауыл, аудандар­дағы әртүрлі ұйымдардың басын бір арнаға тоғыс­тыратын, қоғамда туындайтын негізгі сауал­дардың барлығымен айналысатын осы кеңестер. Бүгінде еліміздің барлық аймақтарында түрлі деңгейдегі 1035 қоғамдық келісім кеңесі табысты жұмыс істеуде. Ассамблеяның жанынан құрылған От­басында толеранттық тәрбие беру жөніндегі Аналар кеңесі еліміздің ең басты құндылықтары – татулық пен тұрақтылықты ұрпақ жадына сіңіру­дің тиімді тетігі ретінде өз жұмысын бастады. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі мен мемлекеттік Ел бірлігі саясатын насихаттау тұр­ғысынан жүйелі ақпараттық жұмыс жолға қойылды. Ассамблея қабырғасында еліміздегі маңызды оқиғалар мен іс-шараларға байланыс­ты 40-тан астам медиажоспар жасалып, жүзеге асы­рылды. Ассамблеяның ақпараттық әлеуеті де өте маңызды. Әлемнің 47 мемлекетіне таралатын «Достық – Дружба» журналы, 4 телеарнада тұрақты түрде шығатын 5 телебағдарлама мен 8 радио бағдарлама, 9 республикалық басы­лым­дағы 22 тұрақты айдар, Қазақстандағы түрлі этностардың тілінде жарық көретін 37 мерзімді бас­пасөз – осының барлығы қоғамдық келісім мен бейбітшілікті насихаттаудың қуатты құралы. Ассамблея қызметін халыққа таратуға 100-ден астам республикалық басылым мен электронды ақпарат құралы жұмылдырылған. Дизайны жақсартылып, техникалық мүмкіндіктері барынша жаңғыртылған веб-портал да өз жұмысын бас­тады. Ассамблея жанынан құрылған этносаралық қаты­настар мәселелері жөніндегі журналистер мен сарапшылар клубы да ортақ іске өз үлестерін қосуда. Мемлекеттік Ел бірлігі саясатын ғылыми-сараптамалық қолдау жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі консалтингтік жүйені ұйымдастыру бағытында бірқатар сүбелі жұмыстар қолға алынған. Елбасының тапсырмасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сарапшылық кеңесі этносаралық қатынастарды талқылау және түйткілдердің түйінін тарқату жөніндегі бірегей пікірталас алаңына айналды. 20 ғылым докторы, 9 ғылым кандидаты және басқа да беделді сарапшы мамандардан тұратын кеңес бейбітшілік пен қоғамдық келісімді сақтап, дамыту бағытында көптеген іргелі ғылыми жұмыстарға бастамашы болды. Ассамблеяның Ғылыми-сарапшылық кеңесінің ғылыми әдістемелік базасы – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында құрылған, өз қызметін Ассамблея Хатшылығымен тікелей қатынаста үйлестіріп отыратын Этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы да жемісті жұмыс істеуде. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жақында бірінші бесжылдығының қорытындысы шығарылған Үдемелі индустриялық-иннова­циялық даму бағдарламасының табысты жүзеге асуына Ассамблеяның қосар үлесі зор екенін атап өтті. Елбасы «табыстың кілті – бірлік» екенін үнемі айтып келеді. Индустрияландыру күніндегі салтанатты шарада Президент елдегі өндірістік жаңғырудың, ғылым мен білімді дамытудың, инновациялық бастамалардың бәрі «Ел бірлігі» салтанат құрып, бейбітшілік пен қоғамдық келісім орныққан жағдайда ғана мәнді екенін кезекті рет қаперге салды. Яғни, еліміздің өркендеп дамуы жолында жасалып жатқан қыруар еңбек Ел бірлігімен үндескенде ғана баянды болатынын әрбір азамат жадына тоқуы қажет. Этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін шет мемлекеттерге насихаттау жөніндегі жұмыстар халықаралық ынтымақтастық саласында жалғасын табуда. Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымында, Біріккен Ұлттар Ұйымында жасалған бейбітшіліктің Қазақстандық моделінің арнайы беташарлары халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағаға ие болды. Этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақ­стан­дық үлгісі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымына мүше 56 мемлекеттің тіліне аударылып, Қазақстанның барлық елдердегі елшіліктеріне таратылды. Елбасының тапсырмасына сәйкес, Лондон қаласында Бейбітшілік пен келісімнің Қазақстандық орталығы салтанатты түрде ашылды. Орталықтың жұмысын әрі қарай қамтамасыз ету мақсатында Ұлыбританияның белді қоғам қайраткерлерінің қатысуымен Қам­­қор­шылар кеңесі құрылды. Халықаралық ынты­мақ­тастықтың шығыс бағытында Қазақстан халқы Ассамблеясы Азия аумағының 90 пайы­зын қамтитын 24 мемлекеттің басын қосқан Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жө­нін­дегі кеңеспен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Айтулы ұйыммен арадағы Өзара түсініс­тік жөніндегі меморандум ынтымақтастық көкжие­гін кеңейте түсті. Қоғамдық келісімнің Қазақ­стандық моделін зерттеу үшін Ассамблеяға әлемнің 15 мемлекетінен, атап айтқанда, Болгария, Ұлы­британия, Германия, Франция, Испания, Италия, Қытай, Малайзия, АҚШ, Ресей, Түркия, Украина және Армения елдерінен шетелдік сарапшылар мен ғалымдар, дипломаттар, журналистер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері 60-тан астам рет өтініш білдірді. Бұл шетелдік әріптестеріміздің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алысты көздеген салмақты да салиқалы саясатын мойындап қана қоймай, Қазақстан басшысы өз қолымен құрған Бейбітшілік пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделін толеранттылықтың ең таңдаулы үлгісі ретінде зерттеп, зерделеуге және оны өз елдерінде қолданысқа енгізуге ынталы екендерін көрсетеді. Ассамблея Ел бірлігінің жарқын жетістіктерін әлемге паш етудің тағы бір тамаша алаңы ретінде ЭКСПО-2017 көрмесін пайдалануды көздейді. Ол үшін ЭКСПО көрмесін өткізу шараларының аясында Қазақстандағы этномәдени бірлестіктердің жетістіктерін көрсетудің арнайы тұжырымдамасы дайындалды. Сонымен, тәуелсіз Қазақ елі тарихи жыл – Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына аяқ бас­ты. Жылнамаға жазылып, тарихқа айналған 2014 жылдың соңғы күндерінде Мемлекеттік хат­шы Гүлшара Әбдіқалықованың төрайымдық етуі­мен Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын ұйым­дастыру және өткізу мәселелеріне арналған Мем­лекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті. Онда айтулы жылды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі шаралардың Ұлттық жоспарын жүзеге асыру жайы талқыланды. Мемлекеттік комиссия мерейтойлық шараларды өткізудің ұйымдастыру және әдістемелік бірлігін қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын өткізу тұжырымдамасын бекітті. Бұл құжаттарда Ассамблея жылында атқарылатын іс-шаралар түгелдей көрініс тапты. Үкімет жанынан Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев төрағалық ететін Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы мен Ата Заңымыздың 20 жылдық мерейтойына дайындық жөніндегі тұрақты жұмыс тобы құрылды. Жергілікті әкімдіктерде Ассамблея жылын өткізудің аймақтық жоспарлары жасалды.

 
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары