Кеше Елбасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын қабылдады деп хабарлайды Ақорда сайты.
Кездесу барысында Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеуге дайындық мәселелері, сондай-ақ «100 нақты қадам» ұлттық іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру аясындағы министрліктің қызметі талқыланды.
Мемлекет басшысы мерекелік шараларды даярлау барысында негізгі салмақ Мәдениет және спорт министрлігіне түсетінін айтты.
Осы жылдар ішінде Мемлекет тарихы институты құрылды, көптеген ғалымдарымыз тарихи материалдар іздеп табу және оларды жан-жақты зерделеу үшін шетелдерге шықты. Ел болу үшін, сондай-ақ жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеу үшін бізге Қазақстанның шынайы тарихы керек, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті мерейтойды қалыптасқан күрделі экономикалық жағдайда артық шығынсыз, бірақ халық жадында қалатындай сапалы өткізу керектігін айтты. Мемлекет басшысы мерейтойлық шараның басты мақсаты барша қазақстандықтардың патриотизмін нығайту және олардың рухани тұрғыдан өсіп-жетілуін қамтамасыз ету болып саналатынын атап өтті.
Мәдениет және спорт министрі мерекелік шаралар Астанада және Таразда өтетінін айтты.
Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу Қазақстан халқының біртектілігі мен бірлігін нығайту үшін өте маңызды. Біз бірінші кезекте халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізуге көңіл бөлеміз. Сонымен қатар, қазіргі кезде Таразда этнографиялық музей және орталық салынуда. Маңызды археологиялық жұмыстар жүргізілуде, – деді А.Мұхамедиұлы.
Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.