Тбилиси қалалық соты Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилиді 2007 жылы 7 қарашадағы оппозицияның бейбіт митингісін қуып тарату ісі бойынша сырттай тұтқынға алу туралы шешімді күшінде қалдырды.
Бұл уақытта Интерпол Грузия билігінің Саакашвилиді "үнемі іздеудегі қылмыскер" ретінде халықаралық іздеу жариялау өтінішінен бас тартқан.
Грузия премьер-министрі Ираклий Гарибашвили Интерполдың Саакашвилиге халықаралық іздеу жариялаудан бас тарутына қатысты "Бұл Интерпол әдіс-тәсілінің өзгере бастағанын көрсетеді" деп мәлімдеді.
Михаил Саакашвили қазір Украинаның Одесса облысының губернаторы қызметін атқарады. Ол Украина азаматтығын қабылдағанымен шартты түрде Грузия азаматтығынан шығарылған жоқ. Себебі оны Грузия азаматтығынан айыру процедуралары аяқталмаған.
Грузия бас прокуратурасы Саакашвилиді қызмет бабын асыра пайдаланды және мемлекет қаржысын ысырап қылды деп айыптайды. Бірақ Саакашвили өзіне қарсы іс "саяси мақсатта қозғалған" деп санап, айыпты жоққа шығарады.