Оңтүстік Қазақстан облысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО департаментімен бірлесіп, азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттік органдармен атқарылатын жоспар бекітілген. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметов 2015 жылдың 6 айында атқарылған жұмыстары бойынша есебі барысында мәлімдеді.
Өңір басшысының мәлімдеуінше, жоспарға сәйкес облыстың құқық қорғау органдары, басқа да мемлекеттік органдар, БАҚ өкілдері, азаматтық қоғам институттары өкілдерінің қатысуымен білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша семинар-кеңес өткізілді. «Жемқорлыққа жол жоқ», «Жемқорлықсыз – Болашақ» атты айлық ақпараттық-насихат акциялары өткізілуде.
Сонымен қатар, облысымыздың барлық құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыстар жүргізу туралы меморандумдарға қол қойылған.
- Жемқорлыққа қарсы күресте жаңадан қабылданған заң нормаларын ескере отырып, жемқорлыққа қарсы іс-қимылды профилактикаға бағыттау шараларын іске асыру мақсатында қоғамның сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейін барынша азайтуға бағытталған, азаматтық қоғам институттарымен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау жөнінде іс-шаралар жоспары жасалды, -- деп атап өтті облыс әкімі.
Мемлекеттік қызметкерлерді даярлау орталығында сыбайлас жемқорлық әрекеттерін болдырмау, онымен күресу тақырыптарында жүйелі түрде дәрістер, семинарлар өткізілуде, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО департаметімен бірлесіп, білім саласы бойынша 250 адам қатысқан семинар-кеңес өткізілді.
Сонымен қатар, облыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2015-2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары қабылданды.
Облыс, аудан әкімдіктері және «Нұр Отан» партиясының 16 қоғамдық қабылдау бөлмелері айына 4 рет «Бірыңғай қоғамдық қабылдау күнін» өткізуде.
Қоғамдық Кеңестер мемлекеттік мекеме басшыларының есептерін ай сайын тыңдауда.
Жүктелген міндеттердің орындалу тиімділігін арттыру және ұйымдастыру шараларын жүйелендіру туралы облыс әкімінің арнайы Өкімі қабылданған. Онда, облыс әкімінің орынбасарлары мен бас инспекторлары айына 2 рет міндетті түрде аудан, қалаларға шығып, тұрғындарды қабылдауда.
Қабылдау алдын-ала жергілікті БАҚ-тар арқылы хабарланып отырады. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының тексеру қорытындыларының орындалуы, арыз-шағымдар бойынша «Нұр Отан» партиясының аудандық, қалалық филиалдарымен бірге сол аудан мен қалаларда осы мәселелерді де қарап отыру жүктелген.