$ 494.87  520.65  4.91

ОҚО-да мемлекеттік қызметшілер үшін арнайы оқыту курстары ашылды

Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Біз өзіміздің халықтың қызметшісі екенімізді ұмытпайық. Мансапқорлық көрсетпей, халыққа жақын, әр істе әділ болып, қолдан келгенше түсініп, дұрыс жауап беріп, шығарып салу - біздің парызымыз» деп атап өткен болатын. Сондықтан да, мемлекеттік көрсетілетін қызмет берушілердің біліктіліктерін арттырмауы және төмендігі,  сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің пайда болуына әкеп соғатыны баршаға мәлім.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңының 11-бабы 6-тармақшасына сәйкес, қызмет беруші (мемлекеттік органдар) мемлекеттiк қызметтер көрсету саласындағы қызметкерлердiң бiлiктiлiгiн арттыруды қамтамасыз етедi. Десек те, аталған Заң қолданыста 2 жыл болса да, осы уақытқа дейін жергілікті және аумақтық мемлекеттік органдар бұл Заңның талабын орындамай келеді. Мемлекеттік қызмет берумен айналысатын мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін жақсартпау себебінен, өз кезегінде халыққа мемлекеттік көрсетілетін қызметтің сапасының төмендеуіне әкеледі.

Бұл тұста, ағымдағы жылдың 13 шілдесінен бастап ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ОҚО бойынша департаментінің  ұйытқы болуымен «Мемлекеттік қызметкерлерді даярлау орталығында» мемлекеттік көрсетілетін қызмет берумен айналысатын мемлекеттік қызметшілердің біліктіліктері мен қызметтік этикасын арттыру курстары ашылды.

Оқыту курстарының негізгі мақсаты – мемлекеттік қызмет берушілердің кәсіби және құқықтық деңгейін жақсарту, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және мемлекеттік қызметшілерге адалдық, әділдік және сыпайылық  әдеттерді қалыптастыру болып табылады.

Сондай-ақ, курстарда мемлекеттік қызметшілер үшін этикалық және тәртіптік мінез-құлық қалыптастыру үшін де сабақтар жүргізілетін болады.

Айта кету керек, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Республикамызда мемлекеттік қызметшілер саны – 98 мыңға жуық, яғни халық санын бір мемлекеттік қызметшіге шаққанда 171 адамға келеді. Ал, тиісінше Оңтүстік Қазақстан облысында халық санының көптігіне байланысты, бір мемлекеттік қызметші 360 адамға қызмет жасайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары